ЖАСТАР ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ КӨКПАР БӘСЕКЕСІ

 

Кеше  Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Жастар арасындағы ҚР чемпионатының алғашқы бәсекелері басталып кетті.  Еліміздің әр өңірінен чемпионатқа қатысқан 14 көкпар командалары арасындағы бірінші күнгі кездесуде  Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы командаларының мерейі үстем болды.  

 

14 наурыз күні  өткізілген мандат комиссиясындағы жеребе бойынша көкпар командалары төрт топқа бөлінген болатын. Осы төрт топтағы барлық  командалар алғашқы үш күнде іріктеу сайысын өткізеді. Бірінші күнгі бәсекеде  маңғыстаулық жастар Батыс Қазақстан облысының командасын 12:0 есебімен, ақтөбеліктер Солтүстік Қазақстан командасын 9:0 есебімен, түркістандықтар Шығыс Қазақстан облысының командасын 6:0 есебімен ұтып кетті. Сондай-ақ, Қызылорда-Қарағанды кездесуі  –  10:3, Алматы облысы-Атырау облысы кездесуі  – 7:2, Алматы қаласы-Ақмола облысының кездесуі – 5:2 есебімен аяқталды.

Бүгінгі күнгі түске дейінгі кездесуде Маңғыстау облысының командасы қарағандылықтардан 12:3 есебімен, Алматы облысының командасы Солтүстік Қазақстан облысының командасынан  13:3 есебімен, Ақтөбе облысының командасы Атырау командасынан 5:3 есебімен, Жамбыл облысының командасы Ақмола облысы командасынан 12:0 есебімен, Павлодар облысының командасы Шығыс Қазақстан  облысы командасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Еске салып өтсек, бұл елішілік чемпионатта үздік шыққан командалардан сәуір айында Алматыда өтетін Жастар арасындағы І Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын ҚР Ұлттық құрама командалары жасақталады. Көкпардың есеп-шотын қаққан мамандардың айтуынша биылғы чемпионаттың үздіктері қатарынан  Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының  командалары көрінуі мүмкін. Алдағы күндерде жарыстың қосымша ақпараттары жарияланады.

Чемпионат бағдарламасы бойынша  17 наурызда Теңге ілу мен Жамбы ату бәсекелері өтсе, 18 наурызда Аударыспақтың жекпе-жегі тамашаланады. Чемпионат наурыздың 22 күні аяқталады.

 Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары