ЖАСӨСПІРІМДЕР ЧЕМПИОНАТЫ ЖАЛАУ КӨТЕРЕДІ

23-30 маусым күндері Алматы қаласының іргесіндегі ипподромда ұлттық спорт түрлерінен Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз жалауын көтереді. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен  өтетін Жасөспірімдер чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілуде.

           2001-2003 жылдарда туған Жасөспірімдер арасындағы елішілік чемпионаттың жалауы көтерілетін нақты мекен-жай – Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты «Байсерке» ипподромы. Ұлттық спорттың   қалың жанкүйері жақсы біледі, Алматы қаласының іргесіндегі дәл осы ипподромда биылғы жылғы 16-21 сәуірде Жастар арасындағы І Азия чемпионатының думанды бәсекесі өткен болатын. 11 мемлекет командасы қатысқан тұңғыш Азия чемпионатында ұлттық спорттың төрт түрінен де қазақ жастарының мерейі үстем болып, жас чемпиондарымыздың қатары көбейе түскен еді.

Ал, Көкпардан, Аударыспақтан, Теңге ілуден VІII рет, ал, Жамбы атудан   V рет ұйымдастырылатын Жасөспірімдер чемпионатының биылғы бәсекесіне мамандардың айтуынша барлық облыстардың командалары қатысуы мүмкін. Қазіргі кезде Алматы қаласының іргесіндегі «Байсерке» ипподромында Жасөспірімдер чемпионатын өткізудің соңғы даярлық жұмыстары  қызу жүргізілуде.

Еске салып өтсек, былтырғы жылғы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты Көкшетау қаласындағы «Құлагер» ипподромында өтті. Тамыз айында ту көтерген елішілік бәсекеде Алматы қаласы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарының жасөспірімдері бақ сынады. Көкпар спорты бойынша Түркістан облысының командасы бас жүлдені талассыз жеңіп алды. Күміс жүлде Жамбыл облысының жастарына, қола жүлде Ақтөбе облысының жастарына бұйырған еді.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары