ЖАСӨСПІРІМДЕР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Алматы қаласының іргесіндегі «Байсерке» ипподромында ҚР Жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың алғашқы бәсекелері басталып кетті. Ертең сағат 11:00-де елішілік Жасөспірімдер жарысының  салтанатты ашылуы өтеді.

              Төрешілер мен жаттықтырушылар алқасының қатысуымен өткен кешегі мандат комиссиясы шешімімен тоғыз көкпар командасы жеребе бойынша екі топқа бөлінді. Атап айтқанда, «А» тобында Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары, ал, «Б» тобында  Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының командалары ойнайтын болды.

Бүгін жетісулық жанкүйерлер жасөспірімдеріміздің көкпар спорты бойынша өткен алғашқы бәсекелерін тамашалады. Топтық кездесулердің бірінші күнгі ойын нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.

Қызылорда –  Маңғыстау.  Есеп – 8:3.

Алматы облысы – Батыс Қазақстан. Есеп – 10:3

Жамбыл облысы – Ақмола облысы.  Есеп – 11:0

 Ақтөбе облысы – Алматы қаласы.  Есеп – 8:1.

          Еске салып өтсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырған  Жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат биыл көкпар, аударыспақ, теңге ілуден VІII рет, ал, жамбы атудан   V рет ұйымдастырылуда.  Нақты мекенжайы – Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты «Байсерке» ипподромы. Бұл елішілік бәсекеге Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облысының командалары толық емес құраммен қатысуда.   

Ертеңгі күні чемпинаттың салтанатты ашылуы және Қызылорда-Түркістан, Ақмола-Алматы қаласы, Ақтөбе-Жамбыл,  Маңғыстау-Алматы облыстары командаларының арасындағы ойындар өтеді. Сондай-ақ, жарыс бағдарламасына сәйкес, маусымның 25-28 күндері көкпардың топтың кездесулері, 26 маусым күні түске дейін бес салмақ дәрежесі бойынша аударыспақтың жекпе-жектері, ал, 29 маусым күні теңге ілу мен жамбы ату бәсекелері тамашаланады. Көкпардың финалдық ойындары мен жарыстың  салтанатты жабылуы 30 маусымға жоспарланған.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары