Көкпар

ЖАНЫСБЕК БАЛУАН

 

              Ел ішінде тақымы тастай, құрыш білек көкпаршы аз емес. Қазбалай сұрастырсаң әр өңірден табылады. Әсіресе, қара күзден ерте көктемге дейін дода көкпары үзілмейтін оңтүстік өлкеде атақты көкпаршылардың әңгімесі аңыз-дастанға бергісіз айтылады. Біздің кейіпкер сол оңтүстік өңірден. Бірақ, оқитыныңыз аңыз-дастан емес, біздің сауалға орай айтылған көкпаршының өз әңгімесі. 

              Жанысбеккөкпаршымен жүргізілген бұл сұхбаттың туындауына біз көрген екі бейнежазба себеп болды. Кешелі-бүгінгі дүние емес. Бірі – 1991 жылғы, екіншісі – 1996 жылғы жазба.  Екеуі де сырт елде түсірілген. Алғашқысы – Өзбекстанда, соңғысы –  Венгрияда. Екеуінде де Жанысбек балуанның ат үстінде ойқастаған жас кезі жарқырай көрініп, есімі анық аталып тұр. Таңданғанымыз рас. Ұлттық спорт қауымдастығында қызмет атқарған бірнеше жылдан бері түркістандық Жанысбек Саевты жақсы танимыз деп жүрміз.  Аударыспақ, көкпардан өткен елішілік, халықаралық жарыстарда сан мәрте төреші болды. Командалық көкпар бапкері екенін, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы екенін білеміз. Бірақ, оның кезінде көкпар мен аударыспақтың жеңімпаз балуаны атанғанын білмейді екенбіз. Содан, сұхбаттасуды жөн көрдік. Бұл күнде «Ердің жасы елуге» аяқ басқан Жанысбек көкпаршыдан естіген әңгіме тым ұзақтау болды. Біз бүгін сол ұзақ сұхбаттың оқырманға ең қызықты тұстарын ғана ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.

              Жанысбек Тұрсынұлы САЕВ Түркістан облысы,Түлкібас ауданы, Иірсу ауылында 1969 жылы дүниеге келген. 1990 жылдардан оңтүстік өңірдегі жаппай көкпардың атақты  балуаны атанды. 1996 жылы Венгрияда  өткен Дүниежүзілік шабандоздар фестивалінде ұлттық ойындарымызды көрсетуші команда құрамында болды. Еуропада командалық көкпар ойынында өнер көрсеткен ардагер шабандоз. Командалық көкпардан ҚР Спорт шебері (1998). ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы (2017). «Ұлттық дәрежедегі жоғарғы санатты төреші (2011). 2018 жылдан Түркістан облысы Түлкібас ауданы ат спорты мектебінің директоры.

*  * *

            – Жәке, әңгімемізді 1991 жылы түсірілген шағын бейнежазбадан бастасақ. Көргеніміз дода көкпардың бір сәті ғана. Салымнан соң: «Арғы салымды Жанысбек деген бала салды» деп жариялайды. Салым жүлдесіне тігілген кілемді ат үстінен алып жатқаныңды көрсетіп өтеді. Сонда бұл әлі көкпар балуаны атана қоймаған кезің ғой?

– Ол кезде 22 жастамын.  Бұл – 28 жыл бұрынғы көкпар ғой. Өзбекстанның Шымқорған деген жері. Білесіз ғой, оңтүстік өңірде көкпаршыны «балуан» деп атайды.  Мені ол жаққа алып барған атақты балуан ағамыз Әбілхан Дауылбаев. Шымқорған дегеніңіз біздің Түлкібастан без жүз шақырымға жуық жер. Жеңіл автокөлікпен бардық. Мінгеніміз сол жақтың аттары. Әбілхан аға сияқты мықты балуандар сондай ірі көкпарларға арнайы барып қатысады. Біздікі сол Әбекеңдерге ілесіп ойда-жоқта барып қалған ғой. Мысалы, сол көкпарға Жетісай жақтан әйгілі Әлиакпар балуан бастаған  үш-төрт көкпаршы барды. Сіз көрген бейнежазбада «арғы салымды Жанысбек деген бала салды»деген соң, «бергі салымды Әлиакпар балуан салды» дейді ғой. Бұл көкпар біздің Әбілхан аға, Әлиакпар аға сияқты атақты балуандардың өзі әрең салым салатын ірі көкпар ғой. Әйтеуір, сол жолы сәті түсіп, бағымыз жанып салым салдық. Әйтпесе, ондай жерде біз қатарлы жастарға кейде серкенің сирағына қолы ілігіп, жақсылап  бір тартып қалудың өзі үлкен олжа. Сондықтан, хабарлаушының мені «бала» дейтін жөні бар. Балуан атану қол жетпес арман болып жүрген кез ғой. Бұл менің ең алғаш ұзаққа шығып көкпар тартқаным және үлкен көкпардағы алғашқы салымым.

           – Әбілхан балуанның сені сонау Өзбекстанға өзімен бірге алып апаруына қарағанда, ұстазыңның үмітін ақтап салым салуыңа қарағанда, оған дейін де біраз көкпардың додасын көріп үлгерген сияқтысың ғой?

– Жалпы, Түлкібас ауданы, оның ішінде мен туып-өскен Иірсу ауылы – атақты көкпаршылары көп өңірдің бірі. Ес білгеннен естігеніміз көкпардың әңгімесі. Шынымды айтсам, өзім үшін бала кезден көкпардан қызық дүние болмады. Ауыл арасында өтетін кішігірім көкпардың ортасында жүріп өстік. Әкем Тұрсын жылқышы болған. Ол кісі де ауыларалық көкпарда біраз шапқан. Ал, әкемнің інісі Қалмахан балуанның есімі біздің өңірге өте кең тараған. Төлен атам ат шаптырумен атағы шыққан адам. Әсіресе, көп жыл Зұлпыхар аға шапқан «Төленнің көк аты» дейтін аттың даңқы ұзаққа кеткен. Ал, Зұлпыхар балуан «Түлкібастың біртартары» атанған әйгілі көкпаршы ғой. Ұстазым Әбілхан ағаның өзі маған аталас туыс. Дауылбаев Әбілхан аға командалық көкпар мен жаппай көкпарда атағы қатар шыққан балуан. Елімізде көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы атанған жалғыз балуан осы Әбілхан аға. 1980 жылдан бастап Алматы, Краснодар, Тибилиси, Пятигорск қалаларында Бүкілодақтық ат спорты ойындарынан өткен КСРО чемпионатына 9 рет қатысқан ғой. Грузия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында өткен командалық көкпарда  Қазақстан құрама командасы 9 рет чемпион болыпты.

Біздің бозбала кезімізде Әбілхан аға, Зұлпыхар аға, Сәйділда аға, Шымырбай аға, Серікхан ағалардың балуан атақтары дүркіреп тұрды. Солар ағаларға қатты қызығып, қатты еліктейтін едік. Үлкен көкпарларда балуан ағаларымызға бапкерлер мықты аттарын арнайы шақырып мінгізіп жатады.  Арқаларынан қағып, мақтап, көтермелеп жатады. Балуан ағалар қалың додадан серкені жұлып шығып, топтың алдына құйғыта шауып келіп салым салып жатады. Сондай кезде «шіркін, біз де ертең осы ағаларымыздай балуан болсақ қой» деп қызыға қарап тұрар едік. Жас болсақ та мүмкіндігі келсе көкпардан қалмаймыз. Мектепті тәмамдаған 1985 жылдары үлкен көкпардың додасына да кіре бастадық. Сондықтан, басқалар «бала» дегенімен 1991 жылға дейін жаппай көкпардың біраз әдіс-тәсіліне төселіп қалғанымыз рас.

Мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Сол Өзбекстанға барғаннан кейінгі жылдардың бірі. Қайда көкпар бар, деп елеңдеп жүрген шағым ғой. Сарыағаш жақта үлкен көкпар болады екен дегенді ести сала, солай қарай тартып кеттім. Автобуспен бардым. Барсам көкпар аяқталуға таяу қалған. Көкпарды қызықтаған қалың жұрттың ішінде елеусіз жүрмін. Үлкен той. Иығымда сөмке. Танитын ешкімім жоқ. Кімнен барып ат сұрарсың? Ондай пысықтық қайда? Қызық болғанда, ниетіме қарай көкпар шабу, салым салу аяқ астынан қиыса кеткені. Ондай жерде сауданың да қызып жататын кезі ғой. Бір үлкен кісі менің сөмке арқалап жүргенімді байқап қалып «Әй, балам, не сатып жүрсің?» деп сұрағаны. Мен «Ештеңе сатпаймын. Өзімнің киімдерім ғой. Көкпар шабуға келіп едім» дедім. Ол кісі өз жөнімен жүре берді. Есесіне менің сөзімді анадай жердегі «Уазиктің» ішінде отырған кісі естіп қалыпты. «Әй, бала, бері кел» деп шақырды. «Қайдан келдің?» Жөнімді айттым. Алыстан келгенімді біле салысымен «Онда сен киіне бер, мен қазір ат тауып келем» деп тұра жөнелді. Менің «аға, қайтесіз, көкпар аяқталып қалды ғой» дегеніме қараған жоқ. Әне-міне дегенше бір атты алып келді. Қарғып мініп, қалың додаға кірдім де кеттім. Сөйтіп, аяқталуға таяу қалған сол тойдың соңғы салымын салып үлгергенім бар. Қазір ойлап қарасам, сол кездегі үлкен кісілердің көкпар құмар жастарға деген ықыласы керемет екен ғой. Мысалы, ана кісі менің алыстан көкпар тартам деп жаяу-жалпы жалғыз келгенім үшін ғана жаны қалмай қуанып, өзі жүгіріп ат тауып келіп жүр. Кейін сұрастырып білдім, маған ат әкеліп берген кісі былайғы жұрт «Құланшы» атап кеткен Құдайберген деген ағамыз екен. Мінгенім сол кісінің «Айқасқа» деген аты. Ал, көкпар Рамадан Талас деген кісінің үлкен тойы көрінеді.Кейіннен ондай үлкенкөкпардың талайына қатыстық қой, бірақ, Сарыағаштағы осы оқиға менің есімде ұмытылмастай сақталып қалды.

          –  Жаппай көкпарда ең бастысы өзің мықты, даярлығың күшті болуы керек пе? Әлде мінген атыңа да байланысты ма?

– Жаппай көкпарда салым салу кім-кімге де оңай емес. Оның әдіс-тәсілін, айласын жастайынан үйреніп, мол тәжірибе жинаған балуанның өзі ылғи доданы жарып шыға бермейді. Мінген атың да көкпарға үйретілген мықты ат болуы керек. Үлкен додада тақымыңа сондай ат тие қалса, құдайдың бергені ғой. Айызың қана салым салып, сол көкпардан мерейің үстем болып қайтасың. Талай мықты аттарды міндік қой. Солардың ішінде «Пружина» деген аттан асқан күшті  де, ақылды атты көргенім жоқ. Тоқсаныншы жылдары мен деген көкпаршыларға «Пружинаға» бір мініп-түсу арман болды десем сенесіз бе?Арыс қаласында «Сансызбайдың Пружинасы» атанып, атаққа шыққан сол буырыл атпен мен де салым салдым. «Пружинаның» даңқы әлі күнге ұмытылған жоқ. Кәдімгі қазақы тұқым. Нағыз көкпар үшін жаратылған ат еді. Қандай қалың доданы қиналмастан қақ жарып шыға береді. «Пружина» дегеніңіз – серіппе ғой. Қалай атын дәл тауып қойған дерсің. Буырыл ат додадан шығысымен тура серіппедей атылады ғой. Шын жүйрік бәйгеден қалай дара келсе, «Пружина» да мәреге кілең жеке-дара шауып келетін ат. Онымен салым салғанда ешқашан дау-дамай тумайды. Өзі күшті, өзі жүйрік, өзі ақылды ондай көкпар аттары өте сирек кездеседі.

Суретте: Жанысбек балуан оң жақ шетте.

            – Венгрияға 1996 жылы бардыңыздар ғой? Бейнежазбадан аударыспақтың жекпе-жегіне шыққаныңды көрдік. Қарсыластарың жергілікті спортшылар. Сонда венгриялықтар да аударыспақ өнерін жақсы меңгерген бе?  

–Иә, Венгрияға 1996 жылы бардық. Біздің қатысқанымыз Венгрияның Кешкемет қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік ат спорты  фестивалі. Қазақстанға арнайы шақырту жолдаған. Бастап барған сол тұста ұлттық спорттың дамуына құлшына кірісіп жүрген Нұрмұхан Жолдасов, Балғабай Елшиев, Елсияр Қанағатов, Сәдібек Түгелов ағаларымыз. Қазақстандық делегация құрамында жиырмадан астам кісі болды. Біз сол фестивальда көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарымызды көрсетуге барғанбыз. Мажарстан жұрты өздерін ерте заманда қазақ даласынан Еуропаға көшіп барған қыпшақ, мадияр ұрпағы санайды. Шынында жекелеген сөздерінде ұқсастықтар көп. Мысалы, біз барған қаланың аты – Кешкемет. Кешке – ешкі деген сөз. Яғни, ешкілі қала. Ешкі – қадірлі мал қатарында екен. Қызық болғанда, біздің көкпарға серке тартамыз дегенімізді олар аса жақтыра қойған жоқ. Жалпы, оларда жануарларға деген жанашырлық сұмдық күшті. Жануарларды қорғайтын қоғамдық ұйым керемет жұмыс істейді. Біздің көкпар аттарын қамшылап жүргенімізді көрген сол ұйым қызметкерлері фестиваль үстінде бәріміздің қамшыларымызды жинап әкетті ғой.  Делегация басшылары араласып жүріп әрең қайтарып алдық емес пе.

Сол фестивальда ұлттық ойындарымызды Еуропа жұртшылығы өз көздерімен алғаш рет көрді. Әсіресе, біздің көкпарды тамашалауға жиналғанкөрермен қарасы қалың болды. Екі күн бойы көкпарды қызықтады. Ертоқымдарымызды өзіміз арқалап барғанбыз.  Сегіз-тоғыз көкпаршы едік. Көпшілігінің толық аты-жөндерін ұмыта бастаппын. Камалхан Омарбеков, Бақыш Белгібаев, Өскенбай Қарабеков, Шадияр Шоқанов, Әбдіқаһар Қиянтаев, Әшімхандар бар еді. Бір-екі күнде сол жақтың аттарын көкпарға үйретіп алдық. Көкпардан соң аударыспақ көрсетіледі деген. Онда да өзара күресетін шығармыз десек, Мажарстанда аударыспақ жарысы тұрақты өтіп тұрады екен ғой. Мадиярлардың аударыспақтан чемпиондары тіпті көп көрінеді. Өздерінің айтуынша мұндай фестивальға ең атақтысы ғана қатысады дейді. Шынында да, бізге қарсы шыққан балуандары кілең бойлары екі метрден астам, қол-аяқтары ұзын, иықты. Аттары да ірі. Сондағы үш мадиярды да нағыз алып деуге болады. Жекпе-жекке шығар кезде ойланып қалғанымыз рас. «Кім бірінші шығады?» деген кезде, кәдімгідей кідіріп қалдық. Содан басшылардан да, жігіттерден де «Жаныс бірінші шықсын» деген ұсыныс көп айтылып, ақыры жекпе-жекке алдымен мен шықтым. Біздегідей белбеу жоқ. Ұстасып күресесің. Сәті түскенде, мадияр балуанды аса көп жұлқыласпай-ақ  аттан түсіріп кеттім. Алдында үшеуімен де күреседі екенмін деп түсінгенмін ғой. Келесісі шықсын деп күтіп тұрсам, екінші мадияр балуаны: «жоқ, мен басқасымен  күресем» деп тұр. Сөйтіп, екінші болып Шадияр Шоқанов шықты. Ол да көп ұзатпай қарсыласын атынан аударып тастады. Сол кезде тағы бір қызық болды.Екінші жерлесінің де жеңілгенін көрген үшінші мадияр балуаны дереу атынан секіріп түсіп, ертоқымын сыпырып тастап, ортаға жайдақ мініп шыға келді. «Ертоқымда мықты екендеріңді білдік, енді жайдақ күресейік» деп тұрғанын түсіндік.  Бұл жайдақ күреске Әбдіқаһар Қиянтаев шықты. Жас та болса, Әбдіқаһардың шапшаңдығы, қарулылығы керемет.  Әне-міне дегенше, қарсыласын жұлқа тартып, алдына өңгеріп әкетті ғой. Сөйтіп, абырой болғанда, үшеуіміз де жеңімпаз болдық. Сол жолы біз Бүкілдүниежүзілік ат спорты  фестивалінің «Гран-при» жүлдесін олжалап қайтқан едік. Бұл осыдан жиырма үш жыл бұрын алғашқы рет шетелге шыққан сапар еді.

             – Қазіргі кезде де жаппай көкпарға  қатысып жүрсің бе? Командалық көкпарда ше?

– Бізді командалық көкпарға үйреткен Әбілхан ағамыз. 1993 жылы Шымкент қаласында тұңғыш рет «Көкпар тойы – Тайбуырыл» атты республикалық жарыс өтті. Алғаш рет Әбілхан Дауылбаев, Үсен Сариев сияқты КСРО чемпионы атанған ағаларыммен бірге осы жарысқа қатыстым. Ол кезде қазіргідей емес, командада он ойыншы болса, ойынға барлығы бірдей қатысады. Алаң да үлкен, салым салатын шеңбер де үлкен еді. Содан бастап командалық көкпардан да қол үзген жоқ едім. Түлкібас ауданындағы  «Майлыкент» командасының ойыншысы болдым. Тек өткен жылы ғана Әбілхан аға атындағы республикалық турнирден соң «зейнетке» шықтым. Онда да «Майлыкент» командасы турнир чемпионы атанды. Ал, жаппай көкпарға шабуды амандық болса, жақын жылдардатоқтатпайтын шығармын. Өйткені, жасы жетпіске таяп қалған Әбілхан ағалардың өзі күні бүгінге дейін додаға кіріп жүргенде, елуге енді келген біздер қалайша ерте аттан түсеміз?. Жалпы, өзім үшін жаппай көкпардан артық демалыс жоқ. Соқпа-соқ, айғай-шулы доданы мықты тұлпармен жарып кірсең, бойыңда анда-санда белгі беретін ауру-сырқау, қыңқыл-сыңқылдың барлығы ұмытылады ғой. Сондықтан, нағыз көкпаршы үшін жаппай көкпар – жан рахаты десе де болады.

            – Шәкірттеріңнің қатары қалың ба?

– Шәкірттер қатары аз емес. Туған ағам Болысбек марқұм да өте көкпарқұмар болатын. Оның талабын сонау Жамбылдың атақты көкпаршысы Момынов Нәби ағамыздың өзі жоғары бағалап, мықты аттарына шаптырып, шәкірті қылмаққа ықылас білдірген еді. 27 жасында жол апатынан қаза тапты. Қазір сол Болысбектің ұлы Ерлан Саев командалық көкпарды да, жаппай көкпарды да жақсы шауып жүр. Спорт шебері атанды. Өз қолымда тәрбиелеп өсірдім. Сондай-ақ, Төленов Жан,Қарқабат Абылай, Қарқабат Бекзат, Оңғарбаев Асқар бар. Мамыт Әділет ҚР Ұлттық құрама команда сапында жақында Алматыда өтетін Жастар арасындағы І Азия чемпионатында ойнайды. Жаңа айтып өткен Түлкібас ауданындағы «Майлыкент» командасындағы қазіргі ойыншыларының барлығы біздің шәкірттер ғой. Ал, «Майлыкент» командасы облысымыздың бірнеше дүркін чемпионы. Өткен жылы осы командамыз Атырауда өткен «Каспий Кубогын» ұтып келді.

Сұхбаттасқан Төлеген Жәкітайұлы

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары