Ел ішінде

Жануарларға қатысты заң. Ұлттық спорттың тағдыры қалай болады? – Бекболат Тілеухан

Мәжілістің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның жобасы талқыланды.

Талқылау барысында депутат Бекболат Тілеухан Экология, геология және табиғи ресурстар министріне ұлттық спорт тағдырына алаңдаушылық білдіріп, сұрақ қойды.

«Әркімнің мақсаты өз керегінде, Біле алмадым пысығын, зерегін де» дейтін Абайдың сөзі бар. Осындайда әркім өзінің асығын түгендейді. Біреуі мысығы мен күшігін қорғап жатыр. Соған қарай шаруасын қамдап жатыр. Осы жерде ұлттық спорт туралы айтқым келеді. Ұлттық спорт – жарақат алу қаупі жоғары спорт түрі. Ол жануарларға да, адамға да қауіпті. Көкпар, бәйге туралы айтып отырмын. Заң жобасында жануарлардың жарақат алуына, мертігуіне, олардың өлуіне әкеп соқтыратын ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынатыны көрсетілген. Енді ұлттық спорттың тағдыры қалай болады? Көкпар, бәйге, асау үйрету жағдайы қалай болатынын білгім келеді, – деді Бекболат Тілеухан.

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев заң жобасының мақсаты жануарларды қатыгездіктен қорғау екенін айтты.

Жануарларға залал алып келетін ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салынған. Мысалы, ит төбелестіру, ал жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлері жануарға залал келтіруді көздемейді. Сондықтан заң жобасында ұлттық спорт түрлеріне жануарлардың қатысуына тыйым салынбаған, – деп жауап берді министр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ұлттық спортқа қатысты мәселені заңда көрсетіп жазу керегін айтты.

Бізде бәйге, көкпар, аламан бәйге бар. Олардың бәрі біздің ұлттық спортымыз. Сондықтан оны заң жобасында тікелей жазуымыз керек, – деп айтты Нығматулин.

BAQ.KZ.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары