Жаңғырық

ЖАМБЫ – ӘЛЕМДЕ ЖОҚ НЫСАНА

Малайзиялық сұрмерген Мұхаммед Дахалан «Алтын жебе» халықаларлық турнирінде Қазақ жамбысын «Әлемде жоқ нысана» деп бағалаған-ды.

Малайзиялық сұрмергеннің толық аты-жөні –  Мұхаммед  Акмал бин Мұхаммед Дахалан. 1981 жылы туған. Малайзияның Негри-Сембилан қаласында тұрады. Негізгі мамандығы – ұлттық спорт түрлерінен психологиялық жаттықтырушы.

Есімі дүниежүзілік ұлттық садақ ату мамандары мен спортшыларына жақсы таныс Мұхаммед Дахаланның бұл спорттағы  атақ-даңқы да осал емес. Малайзияның бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық ұлттық садақ ату чемпионаттарының жүлдегері. 2016 жылы Оңтүстік Кореяда ұлттық садақ атудан өткен халықаралық фестивальдің қола жүлдесін иеленген. 2017 жылы Астанада өткен Жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегері атанды.

Суретте: «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегері, Малайзия мергені Мұхаммед  Акмал бин Мұхаммед Дахалан мен Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.

«Спорттың төрт түрін қатты ұнатам»  

Біз Мұхаммед Дахалан мергенмен «Алтын жебе» халықаралық турнирі өткеннен соң жолығып, аз уақыт әңгімелескен едік. Табиғаты ақжарқын малайзиялық жігіт сауалымызға орай өз пікірін төмендегідей білдірген-ді. Бүгін оқырман назарына Мұхаммед Дахалан мергеннің сол кезде айтқан ой-пікірлерін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

«Егер өзім туралы айтар болсам, Малайзияның Негри-Сембилан атты қаласында тұрамын. Ұлттық садақ атудан өз елімде үшінші деңгейдегі мерген саналамын. Бірнеше дүркін чемпион атанғанмын. Соңғы бес жылдың ішінде көптеген дүниежүзілік жарыстарға қатысып, жүлдегер болдым. Өзім тұратын қалада садақ атумен шұғылданатын жастарға психологиялық дәріс беретін жаттықтырушымын. Қаланың іргесінде садақ атып жаттығуға арналған 60 гектар  жекеменшік жерім бар. Садақ ату сабақтары сол жерде өткізіледі.

Негізінде, Малайзияда ұлттық садақ атуды дамытуға жақсы көңіл бөлінген. Бұл ретте, ұлттық садақтың шаруасын айтуға еліміздің премьер-министріне тікелей кіріп, әрдайым қолдау тауып отыратынымыздың өзі көп жайтты аңғартса керек. Біздің елде мектеп оқушыларына ат үстінен садақ атуды үйрету сабағы көп жылдан бері жолға қойылған. Мұндай сабақ түрінен еліміздің барлық мектептерінде дәріс беріледі.

Малайзияның да өзінің ежелгі ұлттық садағы бар. Ол «Ратан» деп аталатын талдан жасалады. Бірақ, ратаннан жасалған садақ аса ауыр және ондай садақпен ату өте қиын. Оның үстіне ратан садақтың жебесі де баяу ұшады. Сондықтан, ратан садақ қазір спорттық жарыс үшін қолданыла бермейді.

Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Малай халқы   ислам дінін ұстанатын жұрт.  Әлемдік спортта малайзиялықтар көгалдағы хоккейден даңқы шыққан, осы спорт түрінен атақты спортшылары өте көп ел. Басқа да спорт түрлерінен дүниежүзілік жарыстарда жеңімпаз болған жігіттеріміз аз емес. Өзім бес уақыт намазымды қаза жібермейтін мұсылманмын. Сондықтан, осы көп спорттың арасынан таңдағаным, сүйсініп шұғылданатыным  төртеу. Төртеуі де Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өсиет еткен амалдар. Біріншісі –  атқа міну. Екіншісі – ат үстінен садақ ату. Үшіншісі – жүзу. Төртіншісі – күрес. Осы төрт спорт түрінің денсаулыққа өте пайдалы екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Бұл төртеуімен үнемі шұғылдансаң жүрек пен ми жұмысы жақсара түседі.

Садақ ату арқылы мен көп жақсылықты меңгердім. Садақ ату мені ислам дінінің іліміне кенелтті. Осы спорт арқылы сенімнің не екеніне, сәттіліктің не екеніне көзім жетті. Садақ ату мені шындыққа үйретті. Қателікке тәуба етуге, яғни, қателікті қайталамауға дағдыландырды. Шын ниетіңмен дұға жасасаң Құдай ондай дұғаны ескерусіз қалдырмайды. Дұға жасап нысана атсаң жебең көздеген жеріңе дәл  қадалады. Өзің таң қаласың.

«Қазақстанға тағы да келуге даярмыз»

Алла тағаланың қалауымен қалыптасқан мына дүниеде әртүрлілік өте көп. Бірақ, атпен шабудың, садақ тартудың түрі жалғыз-ақ. Біздің басымызды біріктіретін де, достастыратын да сол. Егер осы елде болашақта тағы да халықаралық жарыс ұйымдастырылар болса, Алла қаласа, біз міндетті түрде қатысуға уәде береміз. Қажет болса, біздер көмектесуге әркез дайынбыз. Құрамына Малайзия, Түркия, Иордания, Катар, Оңтүстік Африка және Қазақстан мүше болып кіретін Ислам мемлекеттерінің Ұлттық садақ ату орталығы бар. Осы орталық арқылы да Жамбы ату жарысын, «Алтын жебе» турнирін тұрақты ұйымдастыруға болады деп ойлаймын.

Менің Қазақстанға тұңғыш рет келуім. Ұлттық спорт түрлерін енді дамытып жатқан сіздердің мемлекет туралы алған әсерім өте зор. Бізге «Алтын жебе» турнирі де, жарыстың өзгеше ережелері де қатты ұнады. Барлығы – супер.

Малайзияның аттарына қарағанда Қазақстанның аттары ірі, әрі шабысы өте жайлы болады екен. Ат шабар жол да аса қолайлы жасалған. Бізге қолайсыз болған жағдайлар да кездесті. Оның бірі – жүгеннің ауыздықтары қырлы жасалып, аттардың езуін тез қанатып жібереді екен. Ал, біз өзіміз мінген жануарға жанымыз ашығандықтан оны қатты қинауға дәтіміз бармайды. Екіншісі – барлық ертоқымның үзеңгі бауы тым қысқа болды. Барынша қатты ұзартып қойғанның өзінде үзеңгілер біз үшін өте қысқалық қылып, нысана атуда үнемі қолайсыздық тудырды. Әрине, мұны орайы келген соң айтқаным ғой, әйтпесе, ешқандай ренішім жоқ. Жарысқа қатысқан жиырмаға жуық мергендер арасында жүлдегер атану үлкен қуаныш. «Алтын жебе» турнирінің жүлдегері болғаныма шын мәнінде қуаныштымын.

«Әлемде жоқ нысана»

Жоғарыда айттым ғой, мен ұлттық садақ атудан өткен талай халықаралық жарысқа қатыстым. Әр мемлекеттің өз ұлттық  ережесі, өзіндік ерекшеліктері бар. Дүниежүзілік садақ ату сайысы сондай ерекшеліктермен толықтырырып отырады. Бірақ, осы уақытқа дейін Жамбы атуды көрмеппін де, естімеппін. Қазақтың жамбы атуы еш елде жоқ. Жамбы – әлемде жоқ нысана. Тұңғыш көруім. Әрі қызық, әрі таң қалдым. Өзіндік ұлттық ерекшелік бірден көрініп тұр. Жамбыға жебе қадау екінің бірінің қолынан келмейді. Адамның әдіс-тәсіл, мүмкіндігінен тыс Құдайдың қолдауы керек. Анандай нысанаға Аллаға сыйынбай дәл тигізу мүмкін емес. Мұны мұсылмандар жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Жамбы – бір орнында тұрмайды. Қозғалмалы нысана. Бұл өте орынды. Себебі, садақпен аңға шықсаң – аң ешқашан «мені ат» деп бір орнында тұрмайды ғой. Кездескен аңды Құдай саған бұйыртса ғана атасың. Жамбыға тура тигізу де сол сияқты. Құдайдан шын пейіліңмен сұрасаң ғана жамбыға жебең дәл қадалады екен. Тек Қазақстаннан ғана осындай нысана түрін кездестірдім.

Енді мен өз еліме барған соң жаттығуда кілең Жамбы атуға даярланамын. Біріншіден, егер құйғыта шапқан ат үстінен Жамбыға дәл тигізер болсаң, онда нысананың қандай түрін тура көздеп ату, дөп тигізу еш қиын болмай қалады. Екіншіден, осы «Алтын жебе» халықаралық турнирінің ережесі болашақта әлемдік ұлттық садақ ату ережесіне енгізілетіні сөзсіз.

Бұл турнирдегі тағы бір ерекшелік – нысаналардың бірнеше метр жақынға немесе  алысқа жылжытылып қойылуы. Бұл да спортшылар үшін өте қажет. Мұның өзі де бұрыңғы халықаралық ұлттық садақ ату жарыстарында біз көрмеген тың жаңалық. Алдағы уақытта дүниежүзінің ұлттық садақ атушы мергендері осы қозғалмалы, жылжымалы нысананы атуға көшеді деп ойлаймын. Себебі, осындай нысананы ату өте күрделі. Сол күрделілігі арқылы Жамбы атуды ең қызықты спорт түрі деп санаймыз».

Төлеген Жәкітайұлы

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары