Жамбы ату

«ЖАМБЫ АТУ» СПОРТЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

  1. Жалпы ережелер 

1.1. Қазақстан Республикасында өтетін барлық ресми жарыстар (чемпионат, турнир, кубок, кешенді жарыстар) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен осы Ережеге сәйкес өткізіледі.

1.2. «Жамбы ату» (Ат үстінен садақ ату) спорты Қазақстан чемпионаты, біріншілік, турнир, кубоктық жарыс және фестиваль аясындағы жарыстарға бөлінеді. Сондай-ақ, жарыстар өткізілуіне қарай жекелей және командалық, іріктеу (лицензиялық) жарыстарына бөлінеді.

1.3. Жарысты өткізу тәртібі регламентпен (ережемен) анықталады. Регламентті және қажетті құжаттарды даярлау жауапкершілігі жарысты өткізетін ұйымға жүктеледі.

1.4. Жарыс ережесі мынадай тараулардан тұрады:

– атауы;

– мақсаттары мен міндеттері;

– өткізілетін орны мен уақыты;

– жарысты өткізу жүйесі, жарысты басқару;

– қатысатын ұйымдар мен жарысқа спортшылар;

– спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да жарысқа спортшылардың тіркелген құрамы;

– жарысқа спортшылардың жасы мен жынысы;

– допингтік бақылаудан өткізу тәртібі;

– өтінім берудің мерзімі мен тәртібі;

– спортшы мен атты жарысқа жіберу ережесі;

– нәтижелерді бағалау тәртібі мен жеңімпаздарды анықтау;

– наразылықтарды қарау тәртібі және осы жағдайларға байланысты шешім шығару;

– медициналық көмек, қоғамдық тәртіп және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

– жарысқа қатысуға байланысты спортшылардың шығындары;

– жарыстың бағдарламасы;

– қаржы шығындары;

– жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау.

Регламенттің талаптары осы ережеге қайшы келмеуі тиіс.

1.5. Жарыс ережесі жарысқа қатысуға шақырылатын ұйымдарға жарыстың өткізілу күніне дейін жолдануға тиіс уақыт:

– дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары кемінде 2 ай бұрын;

– аудандық және қалалық жарыстар кемінде 3 ай бұрын;

– облыстық жарыстар 6 ай бұрын;

– республикалық жарыстар 6 ай бұрын;

– халықаралық жарыстар кемінде 1 жыл бұрын. 

  1. Жарысқа қатысатын спортшылар 

2.1. Жарысқа арнайы дайындықтан өткен, белгіленген жасқа толған (жасөспірімдер – 14-17 жас, жастар – 18-23 жас, ересектер 24 жастан жоғары), атқа мінуге, атты басқаруға, ат үстінде садақ атуға дағдыланған, садақты қолданудың қауіпсіздік ережесімен толық танысқан және дәрігердің рұқсаты бар спортшылар қатыстырылады.

2.2. Жарысқа спортшылар ұлттық нақыштағы арнайы спорттық киіммен және құрал-жабдықтарымен (садақ, жебе, қорамсақ) шығуға міндетті.

2.3.1. Жарысқа спортшы ағаштан жасалған немесе карбон оқ пен ұлттық садақты қолданады. Аттар жаттығуды жасауға арнайы үйретілген, ат үстінен садақ атуға даярланған болуы тиіс. Атты жалға алуға немесе келісім бойынша бір атты екі спортшыға дейін кезекпен пайдалануға рұқсат беріледі.

2.3.2. Спортшыларға жарыста тыйым салынады:

– әскери және аңшылық жебені қолдануға;

– садаққа қосымша көздегішті (прицел) қолдануға;

– етік өкшесіне аттың бүйіріне бататын нәл (шпор) қағуға;

– аттарға қатысты қандай да болмасын дөрекілікке баруға (атты дөрекі түрде сабауға, атты басынан ұруға);

– аттың жамбасы мен омырауынан басқа жерінен қамшымен ұруға;

– төрешілердің жұмысына араласуға және дөрекі түрде наразылық білдіруге;

2.3.3. Спортшылардың міндетті:

– жарыс ережелері мен қауіпсіздік ережелерін және жарыс регламентін білуге және оны орындауға;

– жеке басын растайтын құжаттары, біліктілік кітапшасы, төлқұжаты, сондай-ақ, регламентте көрсетілген басқа да құжаттары болуға және оларды мандат комиссиясына тапсыруға;

– жарысқа белгіленген уақытта қажетті құрал-жабдықтарымен келуге;

– төрешілердің нұсқауларын мүлтіксіз орындауға, белгіленген жарыс тәртібін сақтауға, спортшыларға белгіленген орында болуға;

– спортшыны жарыс алаңына шақырған уақытында келмесе оған қосымша 3 минут уақыт беріледі. 3 минутта келіп үлгермесе, сол кезеңдегі жарысқа қатыстырылмайды.

  2.3.4. Спортшылардың құқықтары:

жаттығу орындауға қатысты шұғыл мәселелер туындағанда тікелей төрешілерге өтініш жасауға;

жаттығуды жарыс өткізуге бөлінген орындарда төрешілер алқасы белгілеген уақытта жүргізуге құқылы.

2.3.5. Жаттықтырушы мен өкіл тәртіпке, спортшының киім үлгісіне, жарыстың ереже мен регламентке сай өткізілуіне жауап береді.

2.3.6. Спортшы өкілінің құқықтары:

– жарыс өткізілетін жерге келгеннен кейін спортшының құжаттарын және аттың фотосуретін мандат комиссиясына тапсыруға;

– спортшының жарыс өткізілетін жерге уақытылы келуін қамтамасыз етуге, осы ереже мен жарыс регламентінің орындалуын қадағалауға;

– бас төреші алқасының отырысы мен жеребе тартуға, өз команда спортшыларына төрешілер алқасының талаптары мен шешімдерін, жарыс бағдарламасы мен регламентте болған өзгерістер туралы хабарлауға;

– спортшы көрсеткен нәтижелерімен таныстыруға, қорытындыларын уақытылы шығаруға;

– бас төреші алқасына сақтандыру полисі мен қауіпсіздік шаралары жөнінде нұсқаулық өткізілгені туралы жазбаша рапорт табыс етуге;

– аттарын орналастыруды, азықтандыруды ұйымдастыруға және жарыс барысында туындаған басқа да мәселелерді шешуге;

– спортшыны орналастыру мен тамақтандыруға қамқорлық жасауға;

– жарыс барысында өз спортшысына жәрдем көрсетуге;

– төрешілер алқасына олардың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша өтініш жасауға, наразылықтар беруге құқылы.

Жарыстың бас төрешісі мен төрешілер алқасының рұқсатынсыз жарыс өтіп жатқан немесе спортшылар орналасқан жерден кетуге тыйым салынады. 

  1. Аттарға қойылатын талаптар 

3.1. Ат үстінде садақ ату спортына жылқының барлық тұқымы қатыстырылады.

3.2. Жарысқа қатысатын аттың ветеринарлық мекеме мен жіберуші ұйымның қолы қойылып, мөрі басылған анықтамасын төрешілер алқасына тапсыру қажет. Анықтамада аттың тұқымы, жынысы, жасы, түсі, жылқының лақап аты, мал дәрігерінің аттың жарыстарға қатысуына берген рұқсат қағазы (1 қосымша) болуы керек.

3.3. Ветеринарлық мекеменің жарысқа қатысуына рұқсат берген анықтамасы болмаса ат жарысқа қатыстырылмайды.

3.4. Жарысты ұйымдастырушы тарап атсыз келген спортшының атты жалға алуына мүмкіндік береді.

3.5. Ұйымдастырушы тарап спортшыға жарыс басталудан бір күн бұрын сынақ шабыстарын өткізуіне мүмкіндік жасайды.

3.6. Егер ат жарыс кезінде ауырып немесе жарақат алып жарысқа жарамай қалса, төрешілер ойыншыға ат ауыстыруына рұқсат береді.

3.7. Төрешілер алқасы атқа қатігездік жасаған ойыншыға ескерту жасау, шабысын есепке алмау немесе жарыстан шығарып тастай алады.

  1. Төрешілер алқасы 

4.1. Төрешілер алқасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР ҰСҚ бекіткен төрешілерден құрылады.

4.2. Төрешілер алқасының құрамына:

– бас төреші,

– хатшы,

– уақыт төрешісі,

– алаң төрешілері,

– ақпаратшы төреші кіреді

4.3. Бас төреші жарыс жетекшісі болады және жарыстың осы ереже мен жарыс регламентіне сай өткізілуін қамтамасыз етеді.

4.4. Бас төреші жарыс алаңындағы жауапты төрешіні тағайындайды. Даулы мәселелер туындаған жағдайда бас төреші төрешілер алқасын шақырып, даулы мәселені дауысқа салу арқылы көпшілік дауыспен жедел шешеді.

4.5. Бас төрешінің міндеті:

– жарыс өтетін орынның дайындығын, жабдықтар мен құралдардың әзірлігін, олардың жарамдылығын және осы ережеге сәйкестігін алдын-ала тексеруге;

– төрешілерді іріктеуге, құрамын анықтауға және олардың нұсқаулығын өткізуге;

– төрешілер алқасының жұмысына жетекшілік етуге;

– хатшылықтың бүкіл жұмысын алдын-ала тексеруге, бекітуге (жеребе өткізу және т.б.);

– жарыс басталғанға дейін төрешілер алқасы мен команда жетекшілерінің ұйымдастыру кеңесін өткізуге, оларды жарыс Ережесімен таныстыруға және төрешілердің әрқайсысын жауап беретін орындарға орналастыруға;

– келіп түскен наразылықтарды төрешілер алқасының қарауына енгізуге және олар бойынша шешім қабылдауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін жарыс қорытындылары бекітілген төрешілер алқасының қорытынды отырысын өткізуге;

– жарыстың салтанатты түрде ашылуы, жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау тәртібін белгілеуге;

– жарыс аяқталғаннан кейін бір күннен кешіктірмей жарыстың есебі мен хаттамаларын жарыс өткізуші ұйымға, жарысқа қатысқан команда өкілдеріне табыс етуге міндетті.

4.6. Бас төреші жарыс ережесін бұзған төрешілерді төрешіліктен шеттетуге немесе жарыстан алып тастауға құқылы.

4.7. Жарыс хатшысы:

– спортшылардың өтінімдерін және жеке басын растайтын құжаттарын қарап қабылдауға және жарыс хаттамаларын дайындауға;

– спортшылардың жарысқа шығу реттілігін анықтау жеребесін өткізуге;

– жарыс хаттамаларын бас төреші бекіткеннен кейін спортшылардың танысуына беруге;

– жарыс хаттамаларын өңдеуге, ұпай есебін жүргізуге және қорытындыны дайындауға;

– жарыс нәтижелері бойынша жалпы техникалық есеп жасауға және жарыстың басқа материалдарымен бірге бас төрешіге табыс етуге;

– төрешілер жұмысының табелін жүргізуге, жарыс Ережесі бойынша талап етілсе спортшылар мен аттардың нөмірін таратуға;

– спортшылардың біліктілік кітапшаларына жеткен жетістіктері мен алған орындарын жазуға, қол жеткізген жеңістері туралы анықтамалар беруге міндетті.

Өткізуші ұйымнан кеңсе тауарларын, құралдарды, марапаттау материалдарын және т.б. алуға құқылы.

4.8. Алаң жетекшісі жабдықталған жарыс алаңын тексеріп, қорытындысы туралы акт жасап, оны бас төрешіге табыс етеді. Алаң жетекшісі жарыс алаңында өтетін жарыстың ереже мен регламентке сәйкес өтуін ұйымдастырады.

4.9. Нысана төрешілері бақылауындағы нысаналарға дәл тиген оқтардың санын анықтаумен айналысады және бас төреші мен бас хатшының бақылауында жұмыс жасайды. Нысана төрешілері сөре тұсында (старт) бастау сызығында, жамбы ілінген әр нысаналар тұсында және мәре (финиш) сызығында бақылаушы болып тұрады.

4.10. Уақыт төрешісі жарыс басталғанға дейін секундомердің немесе арнайы аппаратураның дұрыстығын, дәлдігін және бірдей жұмыс істеуін тексереді. Спортшының уақытын есептейді.

4.11. Ақпаратшы төреші спортшыларды, көрермендерді, баспасөз өкілдерін жарыс ережелері, жарыстың өту барысы, нәтижелері туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті. Жарысты ұйымдастырып өткізуге жәрдемдеседі. Жарыс басталғанға дейін жарыстар туралы ережені, жарыс бағдарламасын спортшылар мен көрермендерге таныстыру жолдарын ойластырады. Жарыс бағдарламасын жасайды, спортшы командалар туралы ақпарат дайындайды. Хатшыдан ақпарат алу тәртібін белгілейді, оны жарыстың бас төрешісіне бекіттіреді.

4.12. Жарыс дәрігері мен мал дәрігері жарыста жан-жақты медициналық, мал-дәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Дәрігер мен мал дәрігерінің міндеттері:

– жарыс өткізілетін жерде медициналық жәрдем жұмысын, санитарлық, мал дәрігерлік жұмысты ұйымдастыруға және жарыс бағдарламасында белгіленген орынға медициналық қызметкерлердің уақытылы келуін қаматмасыз етуге;

– жарыстың бас төрешісіне медициналық және мал дәрігерлік қызметтердің жұмысқа даярлығы туралы хабарлауға;

– мандат комиссиясының жұмысына қатысуға, спортшылардың өтініштерін қарауға, спортшыға аттардың жарысқа жіберілетіндігі туралы рұқсаттарының болуын қарауға;

– спортшы немесе жарыс аты ауру немесе жарақаттану себебінен жарысты жалғастыра алмайтын жағдайда, белгіленген үлгідегі анықтама беріп, бұл туралы жарыстың бас хатшысына хабарлауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін бас төрешіге жарыста орын алған ауруларды, жарақаттанғандардың аты-жөні мен ауруының түрі, жарақаты туралы көрсете отырып, жарысқа медициналық қызмет көрсету нәтижелері туралы есепті табыс етуге міндетті.

  1. Өткізу тәртібі мен орны 

5.1. Жарыс садақ ату үшін жабдықталған арнайы алаңда өткізіледі (2 қосымша).

Ат үстінде дәстүрлі садақ ату жарысы 3 стиль бойынша өтеді. Олар – корей стилі, түрік стилі, азақ стилі (Жамбы ату). Жеңімпаздар осы жарыстарда алған ұпайлары бойынша анықталады. Спортшылардың ұпайы халықаралық Ат үстінен садақ ату федерациясы бекіткен балдық жүйе бойынша есептеледі. 

5.1. 1. «Корей стилі»

Спортшыларға екі мүмкіндік беріледі. Осы екі мүмкіндікте алған жалпы ұпайы бірге саналады. Атпен шауып өтетін жарыс жолының ұзындығы – 120 метр, ені – 3 метр.

Кезеңді орындау барысында cпортшы тек сөре сызығынан өткеннен кейін оқты қорамсақтан алуы тиіс. Бір нысанаға бір оқ атуға рұқсат.

Атпен шауып өту уақыты – 16 секунд. Осы уақыттан жылдам өтсе, әрбір секунд үшін 1 ұпай қосылады немесе керісінше берілген 16 секундтан кеш келсе, әрбір кеш келген секунд үшін 1 ұпай шегеріледі. Егер спортшының кем дегенде 1 оғы нысанаға қадалмаса, шауып өткен уақыты үшін ұпай берілмейді. 

5.1.2. І кезеңде:

Спортшы төрт бұрышты, көлемі 100х100 см, жерден 20 см биіктікте, бір-бірінен 30 метр қашықтықта және жарыс жолынан 7 метр қашықтықта орналасқан 3 нысанаға жебе қадауға тиіс. Бірінші нысана мен сөре арақашықтығы – 30 метр. Нысана бес түрлі жолақпен айшықталған. Нысанадағы орталық шаршы түстің жалпақтығы 20 см, өзге түстердің жалпақтығы 10 см. Жебе орталық шаршы түске қадалса 5 ұпай беріледі, ортадан екінші жолаққа қадалса 4 ұпай, үшіншіге 3 ұпай, төртіншіге 2 ұпай, бесіншіге 1 ұпай беріледі. Егер жебе екі жолақтың аралығына қадалса, ұпайы көп жағы есепке алынады. 

5.1.3. ІІ кезеңде:

Спортшы жарыс жолына қойылған 4 нысананы атуы керек. Нысана көздеу, жарыс жолының талабы, нысана көлемі, ұпай сандары І кезеңнің талаптарымен бірдей. Тек нысаналар арасындағы қашықтық өзгереді. Нысаналардың ара қашықтығы 25 метр. Нысаналар мен атпен шауып өтетін түзу сызықтың (арқаннан) қашықтықтығы 7 метр. Сөре мен бірінші нысананың арасы – 25 метр. Төртінші нысана мен мәренің арасы – 20 метр.

5.2.1. «Түрік стилі»

Спортшыларға екі мүмкіндік беріледі. Осы екі мүмкіндікте алған жалпы ұпайы бірге саналады. Атпен шауып өтетін жарыс жолының ұзындығы – 120 метр, ені – 3 метр.

Кезеңді орындау барысында cпортшы тек сөре сызығынан өткеннен кейін оқты қорамсақтан алуы тиіс. Бір нысанаға бір оқ атуға рұқсат.

Атпен шауып өту уақыты – 16 секунд. Осы уақыттан жылдам өтсе, әрбір секунд үшін 1 ұпай қосылады немесе керісінше берілген 16 секундтан кеш келсе, әрбір кеш келген секунд үшін 1 ұпай шегеріледі. Егер спортшының кем дегенде 1 оғы нысанаға қадалмаса, шауып өткен уақыты үшін ұпай берілмейді. 

5.2.2. І кезеңде:

Спортшы пішіні дөңгелек, диаметрі 60 см 3 нысананы көздеуі тиіс.

Жебе нысананың ортасындағы диаметрі 20 см шеңберге тисе спортшыға 6 ұпай, диаметрі 40 см екінші шеңберге тигізсе 4 ұпай, диаметрі 60 см үшінші шеңберге тигізсе 2 ұпай беріледі.

Бірінші нысана – сөреден 35 метр қашықтықта, нысана беті 45 градус сөре жаққа қаратылып, жарыс жолынан 3 метр қашықтықта, 1,5 метр биіктікте орналастырылады.

Екінші нысана – жарыс жолымен параллель қойылып, бірінші нысанадан 15 метр қашықтықта, 1,5 метр биіктікте, жарыс жолынан 3 метр қашықтықта орналастырылады, нысана беті 45 градус мәре жаққа қаратылады.

Үшінші нысана – екінші нысанадан 45 метр қашықтықта, нысана беті тура қаратылып, жарыс жолынан 10 метр қашықтықта, 1,5 метр биіктікте орналасады. Үшінші нысана мен мәре арасы – 25 метр. 

5.2.3. ІІ кезеңде:

Спортшы жарыс жолына қойылған 4 нысананы атуы керек. Нысана көздеу, нысана көлемі, ұпай сандары, нысана биіктігі І кезеңнің талаптарымен бірдей.

Тек бірінші нысана сөреден 25 метр, жарыс жолынан 5 метр, нысана беті 45 градус сөреге қаратылып орналастырылады.

Екінші нысана – бірінші нысанадан 10 метр, жарыс жолынан 5 метр, нысана беті 45 градус мәреге қаратылып орналастырылады.

Үшінші нысана – екінші нысанадан 50 метр, жарыс жолынан 5 метр, нысана беті 45 градус сөреге қаратылып орналастырылады.

Төртінші нысана – үшінші нысанадан 10 метр, жарыс жолынан 5 метр, нысана беті 45 градус мәреге қаратылып орналастырылады. Төртінші нысана мен мәренің арасы – 25 метр. 

5.3.1. «Жамбы ату» (Қазақ стилі).

Спортшыларға екі мүмкіндік беріледі. Осы екі мүмкіндікте алған жалпы ұпайы бірге саналады. Атпен шауып өтетін жарыс жолының ұзындығы – 120 метр, ені – 3 метр.

Кезеңді орындау барысында спортшы тек сөре сызығынан өткеннен кейін оқты қорамсақтан алуы тиіс. Нысанаға ататын жебе саны шектелмейді.

Атпен шауып өту уақыты – 16 секунд. Осы уақыттан жылдам өтсе, әрбір секунд үшін 1 ұпай қосылады немесе керісінше берілген 16 секундтан кеш келсе, әрбір кеш келген секунд үшін 1 ұпай шегеріледі. Егер спортшының кем дегенде 1 оғы нысанаға қадалмаса, шауып өткен уақыты үшін ұпай берілмейді.

Спортшы атпен шауып өтіп жамбы деп аталатын (дөңгелек пішінді, диаметрі – 25 см, қалыңдығы – 15 см,) нысананы көздеуі тиіс.

Спортшы бірінші нысана – қола жамбыға жебе қадаса 5 ұпай, екінші нысана – күміс жамбыға жебе қадаса 10 ұпай, үшінші нысана – алтын жамбыға жебе қадаса 15 ұпай беріледі. Спортшы жебені нысанаға қадауға міндетті, егер жебе нысанаға тиіп, бірақ қадалып тұрмаса ұпай есептелмейді.

Бірінші нысана – қола жамбы сөреден 25 метр қашықтықта, жарыс жолынан 6 метр қашықтықта, биіктігі 2,5 метр бағанада ілініп тұрады.

Екінші нысана – күміс жамбы бірінші нысанадан 35 метр қашықтықта, жарыс жолынан 8 метр қашықтықта, биіктігі 2,5 метр бағанада ілініп тұрады.

Үшінші нысана – алтын жамбы екінші нысанадан 35 метр қашықтықта, жарыс жолынан 10 метр қашықтықта, биіктігі 2,5 метр бағанада ілініп тұрады.

Ескерту: Спортшылардың жас ерекшеліктері және кәсіби шеберлігінің деңгейіне қарай нысаналардың арақашықтығын төрешілер алқасы өзгерте алады.

5.2.Спортшы аттан жығылса немесе ат жарыс жолынан шығып кетсе, спортшыға қайтадан шауып өту мүмкіндігі беріледі.

5.3. Жарыс жолынан шауып өткен спортшы арнайы белгіленген орынға оралуға міндетті.

5.4. Спортшыларға төрешілермен дауласуға қатаң тыйым салынады. Дауласқан жағдайда спортшы ескерту алады, егер төрешіні балағаттаса, дөрекілік танытса жарыстан шеттетіледі.

5.5. Жарыс кезінде бөгде адамдардың спортшылармен бірге жүруіне тыйым салынады.

  1. Наразылықтар

6.1. Наразылықтарды төрешілер алқасына спортшының жетекшісі тек жазбаша түрде және жарыс аяқталғаннан кейін 20 минуттан кешіктірмей табыс етуі тиіс.

Наразылықта спортшылар немесе төрешілер бұзылған ереже мен жарыс регламентінің тараулары мен тармақтарын көрсетуі тиіс. Бас төреші наразылықты қабылдап алуға, оны талқыға салуға, сол бойынша шешім қабылдауға және оны өтініш берушіге барынша аз мерзімде, жарыс қорытындылары бекітілгенге дейін міндетті түрде жеткізуге міндетті.

6.2. Бас төрешінің наразылық бойынша шешімі кесімді және қайта қарауға жатпайды.

 

Қосымша 1 

Жарыс өтетін алаңға қойылатын талап

Жамбы ату – ат үстінен садақ ату ұлттық спорт жарысы осы спорт түрі талаптарына сай келетін арнайы алаңда өткізіледі:

1) Алаңның ұзындығы 250 метрден, ені 150 метрден кем болмауы тиіс.

2) Жарыс жолының (ат шабатын дәліздің) ұзындығы – 120 метр, ені – 3 метр, жарыс жолы қоршауының биіктігі – 80-100 см болуы тиіс. Аттың екпін алуы үшін сөре сызығына дейін 50 метр, мәреден кейін аттың екпінін басып, тоқтауы үшін 50 метр арнайы бос орын белгіленеді. Сондай-ақ, алаңда спортшылардың жарыс кезегін күтіп тұруы және сөреге шабуға даяр тұруы үшін арнайы орын болуы міндетті.

3) Жарыс жолы топырағының үстіңгі қабаты алдын ала жұмсартылған, арнайы тырмамен тырмаланған болуы тиіс. Топырақтың үстіңгі қабатын өңдеу жұмысы жарыс басталардан бір күн бұрын жасалады.

4) Жарыс жолы көрермендер трибунасынан кемінде 10 метр алыс болуы қажет. Көрермендер мен спортшылар жарақат алмауы және оқыс оқиғалар орын алмауы үшін жарысты ұйымдастырушылар мен ішкі істер органы қызметкерлері жарыс жолына бөгде адамдардың кірмеуін қамтамасыз етуге тиіс.

5) Нысаналар жасалатын заттар қатты тығыздалған пенополиэтиленнен, изолон аталатын материалдардан жасалуға тиіс. Нысаналардың артқы жағында қиыс кеткен оқтарға кедергі болу үшін ағаш немесе басқа материалдардан жасалған қалқан конструкция орнатылуға тиіс.

6) Жаттығу күндерімен бірге барлық жарыс күндері ұйымдастырушылар медицина және ветеринарлық қызметтің арнайы техникаларымен алаңда болуын қаматамасыз етеді.

7) Жарыстың фото және виде түсірілімдерін жасау, жарыс өтетін жерге LED-экран және сахна орнату, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырту ұйымдастырушылар міндетіне жатады.

8) Жарыс төрешілері рация, секундомер, компьютер, принтер сияқты т.б. аса қажетті құрал-жабдықтармен, техникалармен қамтамасыз етілуге тиіс.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары