Ел ішінде

Заң жобасына өзгерту енгізілді

Бір айдан бері Парламент Мәжілісінде ҚР Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қаралып жатыр.

Осы заң жобасының 5-бабының 1-тармағының 5-тармақшасына редакция жасалды.

Заң жобасының 5-бабы Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау туралы болатын. Бұған дейінгі мәтінінде «1. Жануарларды қараған кезде: 5) жануарлардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өліп қалуына әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады» – деп көрсетілген.

Егер бұл тармақша осы бойы қабылданатын болса, еліміздің Ұлттық спорт саласына тыйым салуға тура келуі мүмкін еді. Себебі ұлттық спортымыздың 80 пайызға жуығы ат үстінде, саят құстарымен, тазы иттермен тікелей қатысты. Ал «өмір бар жерде өлім бар» түрлі оқыс жағдай туындауы әбден мүмкін.

Осыны ескере отырып Парламент Мәжілісінің депутаттары Дариға Назарбаева мен Бекболат Тілеухан заң жобасына түзетулер ұсынған болатын.

Бүгін заң жобасын талқылауға қатысты отырыста аталған 5-тармақшаға түзетулер еңгізілді. Онда 5-тармақша Ұлттық спорт түрлеріне қатыссыз екені көрсетілді.

5-бап. Жануарларды қатыгездікпен қараудан қорғау. 1. Жануарларды қараған кезде: 5) Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына сәйкес жануарлар қолданылатын ұлттық спорт түрлерінің спорттық шараларын қоспағанда, жануарлардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өліп қалуына әкелетін ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады – делінген жаңа редакцияда.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары