ҚЫТАЙ КӨКПАР КОМАНДАСЫНЫҢ ЕКПІНІ КҮШТІ

 

Жастар арасындағы І Азия чемпионатындағы екінші ойын Қытай мен Ресей командалары арасында өтті. Монғолия мен Тәжікстан командалары шеберлік жағынан деңгейлес болғандықтан, салым саны да санаулы болып еді. Ал, екінші бәсекедегі ойыншылар жанкүйердің айызын қандырғандай болды. Чемпионатқа толық емес құраммен қатысқан Қытай командасы ә дегеннен ресейлік қарсыластарының апшысын қуырып жіберді. Ойынның алғашқы минутында-ақ бірінші нөмірлі Толқын Тұрдаұлы салым салды. Үшінші минут пен жетінші минут аралығында Нұрболат Тәліпбайұлы шеңберге үш салымды қатарынан тоғытты. Қысқасы, 20 минуттан соң аяқталған алғашқы тайм соңында есеп 8:0-ге жетті.

Ресейлік Темеев Ренат бапкердің 12 шәкіртінің ойынның екінші  кезеңіндегі толассыз шабуылы да еш нәтиже  нәтиже бермеді. Тек ойынның 23 минутында сегізінші нөмірлі Рустам Амиров қана жалғыз салым салуға мүмкіндік тапты. Ал, Қытай командасының алты көкпаршысы ойын соңына дейін екпіндерін бір тоқтатқан жоқ. Бұл кездесуде Нұрболат Тәліпбайұлы 6 салым, Толқын Тұрдаұлы 2 салым, Ақжол Әділханұлы 2 салымның авторы атанды. Ойын – 10:1 есебімен аяқталды.

Жанкүйерге түсінікті болу үшін еске салып өтелік, жастар арасындағы І Азия чемпионатына Қытай Халық Республикасының Іле-Қазақ автономиялы облысындағы «Қазанат» көкпар командасы қатысты. Команда жетекшісі, тәжірибелі бапкер, бұған дейін бірнеше мәрте дүниежүзілік жарыстарға командасын бастап келіп, жүлделі орындарды иеленген Ермек Тоқтарбекұлы. «Қазанат» командасы 2016 жылы  көкпардан ересектер арасында өткен Халықаралық жарыстың   қола жүлдесін жеңіп алған болатын. Ал, Ресей мемлекетінің атынан І Азия чемпионатына қатысқан Алтай республикасының «Кок-бору» командасы.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары