Ел іші

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРАН БАПТАҒАН

Қарт бүркітші Тәлімбек Айсабекұлы бұл сұхбаттағы әңгімелерді халықаралық құсбегілер жарысы үстінде айтқан еді. Құсбегіліктен Алматыда өткен ІІ Азия чемпионатының қатысушысы, елішілік жарыстардың жүлдегері   атанған Тәлімбек бүркітші қазіргі кезде Алматы облысының Сарқан қаласында тұрады.

               –  Ассалаумағалейкум, Ата! Алматы облысы командасының арасында  қарт бүркітші бар деген соң, Сізге арнайы сәлем бере келдік.

–  Уағалейкумассалам, інім. Сәлемші болсаң, төрге шық. Жарысқа қатысқандар арасында жасы менен үлкен адам болмаған соң мені қарт  бүркітші дейді ғой. Әйтпесе, біздің елде жасы тоқсанға аяқ басса да бүркіт көтеріп жүрген қариялар аз емес. Менің жасым биыл 75-ке толды. Туып-өскен жерім Қытайдың Құлжа өңіріндегі Әулие деген ауыл. «Біздің ел» деп отырғаным сол жақ.

Атажұртқа 2010 жылы көшіп келдім. Осы күнгі мекендеген жеріміз Алматы облысының Сарқан қаласы. Бұрын біз көшіп келгенге дейін Сарқанда бүркіт болмайтын. Қазір Сарқанның өзінде үш бүркітші бармыз. Біреуін Кәрім деген, біреуін Есбол деген жігіттер ұстайды. Кәрім де осы жарысқа қатысып отыр.

Жергілікті бүркітшілер әлі шыға қойған жоқ. Үшеуіміз де бір өңірден көшіп келдік. Елге алғаш келген кезде «Бүркіт ұстасақ бола ма екен» деп сұрастырсақ, рұқсатты беріп қалды. Содан құжаттарын рәсімдеп, бүркіт баптауға қайта кірісіп кеттік қой. Бірталай жарысқа қатысып жүрміз. Бірнеше орта жүлделерге ие болдық.

                    –  Жасыңыздан бүркіт баптаумен айналыстыңыз ба?

–  Ата-бабамыздан бері құсбегіміз. Әкеміз де, атамыз да құс ұстады. Біздің руымыз Найманның Қызайы. Шағырай деген елміз. Осы Шағырай ерте заманнан бүркітшісі көп ел көрінеді. Сондықтан шығар, біз туралы «Шағырайдың босағасына бүркіт саңғымаса көңілі көншімейді»  деген әңгіме кең тараған. Ол өңірде осы күні де атақты бүркітшілер көп. Ең әйгілі бүркітшілер деп Нұрдәулет Досымханұлы, Қалибай Несіпбекұлы, Сары Сіләмбекұлы, Дәукен бүркітшілерді құрметтейді. Негізінде, бір ауылда елуге жуық  бүркіт бар.

Өзім қырық жыл ішінде бес-алты құс көтердім. Енді осы дәстүрлі ата кәсіп үзілмесін деп ұлым мен немереме бүркітшіліктің қыр-сырын үйрете бастадым. Тәлімбекұлы  Сағымбай баламды да осы жарысқа ертіп келдім. Қазір жасы отыздан асты. Жасынан автокөлікке құмартып, темір-терсекке үйір болған осы баламды соңғы 5-6 жылда құсбегілікке үйрете бастадым. Сосын Елназар деген мектеп жасындағы немеремді де осы бүркіт баптауға бейімдеп жатырмын.

                –  Мына бүркітіңіз қалай аталады? Бұл құсты көп жыл көтердіңіз бе? Бүркітіңіздің бабы қалай?  

–  Негізінде, біз құсқа арнайы ат қоймаймыз. Құлжа өңірінде ондай дәстүр жоқ. Құсқа ат қоюды атамекенге келіп, мұнда ғана үйрендік қой. Мына құсымның аты – Қара-аю. Жеті-сегіз жылдан бері осы бір құсты көтеріп келемін.

Бүркіттің  бабы ешқашан бір қалыпта тұрмайды ғой. Бір күн алғыш, екінші күн бұзылып отырады. Үшінші күні қайта тіленіп шығады дегендей. Бабына келгенде бір күнде кездескен аңның екі-үшеуін   алып жіберетін кез болады. Кейде түк алмай қояды. Күйі келгенде аң кездеспей қалады. Бұл «Қара-аю» түздің бүркіті. Қазіргі бабы жаман емес.

Жалпы, біз бүркітті балапанынан тәрбиелемейміз. Өйткені, адам құсты өз енесі сияқты баули алмайды. Қолбала бүркіт не болса соған түседі. Адам ба, күшік пе, оған бәрібір болады. Ал, түздегі бүркіт ондай емес. Түз бүркіттің итке, балаға түсуі мүлде кездеспейді.

Бүркіт балапанын әдетте жетінші айдың 15-20 күндері ұшырады. Сол кезде ата-енесі балапанға өздері алып беріп, тірідей жегізеді. Аналығы көп тәрбиелейді. Адам ондай тәрбие бере алмайды.

Бүркіттің қыраны – аналығы. Неге десеңіз, ол балапан өсіреді ғой. Ұядағы балапанын бағу үшін тауешкінің лағы, суыр, түлкі, борсықты алса, кейде аталығымен кезек-кезек көтеріп, соны ұясына жерге түсірмей-ақ жеткізеді.

Ондай көріністі көзіміз талай көрген. Ұшып келе жатқанда бірінің аяғы талып кетсе, төменге тастап жібереді де, аңдып келе жатқан екіншісі дереу аспанда қағып алып, ары қарай ұшып кете береді.

Балапаны ақүрпек кезінде, енесі аңды өлтіріп, тістеп жұлып, аузына салып береді. Ал, кейін қарқанаттана бастағанда балапанға бастырып жегізеді. Бірте-бірте ұяға аңды тірідей апарып, балапанының өзіне өлтірткізіп жегізеді.

                    –  Сонда түз бүркітін ұстау тәсілдері қандай?  

–  Түз бүркітті ұстаудың тәсілі бірнешеу. Біріншісі, тормен ұстайды. Алдымен, көздеп жүрген бүркіті бар төңірекке тор құрады. Шамасы шағын киіз үйдің аумағындай болады. Торға жемтік қояды, қарға, кептер, қоянды тірідей  байлайды. Әдетте, аш бүркіт торды аңдамай қалады. Сөйтіп, алданып барып торға түскен кезде ұстайды. Өзім бүркітті осы    тормен ұстаймын.

Екіншісі, тояттатып ұстау. Ол бүркіттің қоян, түлкі ұстаған кезін аңдып, соны әбден тойғанша жегенін күтеді. Бүркіт өте қомағай. Тоймайды. Аш бүркіт тойғанын аңдамай жей береді. Сол кезде ұшқыр атпен жел жағынан тұра шапсаң, тоқ бүркіт жерден көтеріле алмай, жалпайып жатып қалады. Осы әдіспен де ұстаған бүркітшілер көп болды. Тұра шауып келіп, шалмамен ұстайтындар бар.

Содан кейін, қақпанмен ұстайтын әдіс те бар. Темір қақпанның аузына киіз қаптап, құстың аяғын сындырмайтындай қылады. Сөйтіп, бүркіттің  жем ұстаған кезінде оны үркітіп жіберіп, орнына қақпанды құрып кетеді. Бүркіт батыр неме, қақпаннан қорықпайды. Сондықтан тез түсіп қалады.

Бүркіттің қолға түскенін ұстайды. Мынау аталығы, анау аналығы екен деп таңдау жасау жоқ. Торға не түсті, соны бағып байқайды.

                    –  Жабайы бүркітті қолға үйрету де оңай емес шығар?

–  Әрине, оңай емес. Сонда түз бүркітті ұстаған соң не істейді деңіз? Тордан ажыратып алғаннан кейін, алдымен, томағасы салынып, аяқ бауы тағылады. Сылап-сипап ырғаққа отырғызылады. Ырғақ дегеніміз, әткеншек сияқты тербелмелі нәрсе.

Сол күні сыйлы адамдарды үйге шақырып, кішігірім той жасалады. Біз жақта оны «бүркітті құттықтау» дейді. Яғни, құстың иесі мен құсты құттықтаймыз. Сол күні ән айтылып, домбыра шертіліп, жыр тыңдалады. Сол күні бір дыр-думан болады.

Алғашқыда түз бүркіт өте ашулы. Орайы келсе, аяқты да салады, ауызды да салады. Қасына жан жолатпайды. Соны түнімен тербетіп отырамыз. Әрі адамдардың дауысына үйренеді.

Сөйтіп, кейде 5-6 күн бойы тынымсыз тербетіп, ұйқысын аламыз. Ең маңыздысы осы – ұйқысын алу. Ұйқыдан қалжыраған құс бәріне көне береді. Екіншісі, аздап жем береміз. Алғашқыда мүлде жемейді. Ондайда аузына күштеп салып жұтқызамыз. Сөйте-сөйте үйрене бастайды. Аз уақытта атын атағанда шоршып қолыңа келетін болады. Аш болған соң адамның қолынан жем жеуді  үйренеді. Аштық дегеннен еске түседі, бұл құс аштыққа өте шыдамды. Бүркіт аштыққа 20 күнге дейін шыдайды екен. Одан асса өледі. Ертеректе жайлауға көшкенде бүркітіп ұмытып, 20 күннен соң жем берген кісіні көрдім. Аз күнде қайта қалпына келеді екен.

Түз бүркітін үйреткен кезде – ұйқысын алған соң да оны тыныш қалдыруға болмайды. Бірден атқа аламыз. Ат оны қатты шаршатады. Егер солай тынымсыз үйретпесе, ол төрт-бес күн қайта отырып қалса, қайта асау болып шыға келеді.

Сөйтіп, біраз уақыт өткенде ұзын шыжым байлап, далада 4-5  метрден жемге шақырсаң келеді. Содан бірте-бірте 10-15 метрден, ақыр соңы жүз метрден шақырғанда қолға келетін болады. Жүз метрден шақырғанда қолға келетін болса, онда шыжымды мүлде аламыз. Содан кейін «шырғаға» үйретеміз. «Шырға» дегеніміз түлкі терісінен жасалған тұлып қой.  Одан соң «тірілету» басталады. Яғни, бүркітті тірі қоянға, түлкіге саламыз. Осыны құсбегілер «тірілету» дейді. Түз бүркітті тәрбиелеуді бір тірі аңды алғызып барып бәсеңдету керек. Сонда ол ашуы әбден басылып, адаммен дос болып кетеді. Соны ол өмірі ұмытпайды.

Бүркіттің ең зерделілері бөтен адамды кәдімгідей жатырқайды. Алғашқыда 2-3 рет келмей қояды. Бірақ, артынан үйренеді. Тамақ қой баяғы. «Ит иесі үшін, бүркіт тамағы үшін алады» деген сөз содан шыққан ғой. Өзім қырық жылда жеті түз бүркітін тәрбиеледім. Қасқырға түскен бүркіттерім де болды. Мына «Қара-аю» жетінші бүркітім.

              –  Бүркіттің  бабын қалай табады? Сіздің құс баптау әдіс-тәсілдеріңіз қандай?

–  Бағана да айттым ғой, бүркіттің бабы ешқашан бір қалыпты тұрмайды. Оның үстіне, бұл құстардың жаратылыстарының өзі түрлі-түрлі болып келеді. Негізінен біз бұларды «қара етті құс» және «қызыл аш етті құс» деп екі түрге бөлеміз.

«Қызыл аш етті құс» дейтін бүркіт тәжірибесі аз құсбегіге арық сияқты көрінеді. Бірақ, ол құс арық болмай  шығады. Оған семіз ет берсең күйі аспандап шыға келеді. Бұларды айыру оңай емес.

Керісінше, «қара етті құс» алғашқыда семіз сияқты көрінеді. Оны дереу арықтатам деп тамағын тартсаң, бір күнде жығылып қалуы мүмкін. Сондықтан, құсыңның  «Қызыл аш етті құс» па, әлде «қара етті құс» па, егер дәл білмесең опық жеп қаласың.

               –  Сонда оны қалай айырып, таниды?

  Бүркіттің семіз немесе арық екендігін әдетте, сан еттерін ұстап, қысып көріп айырады. Төс еті, қазылары қалың болса семіз. Құстың қазысы қабырғасында болады. Май жиналады сонда. Еті қатқыл болады. Ондайда «еті жоғары екен» дейміз де, оған арық ет береміз. Қоян еті бүркіттің семіздігін түсіреді. Егер қоян етін өзі арық бүркітке берсең тез жығылып қалады.

Ал, арық бүркітке семіз ет, сиыр, қой еті сияқты құнарлысын береміз. Арықтаған бүркіттің белгісі – сан еті кішірейіп, жұмсарып кетеді. Райына қарасаң да, қабағы жақсы болмайды. Отырысы да дұрыс емес. Кейбір бүркітті келістіріп тойғызссаң, екі-үш күнде-ақ диланып шыға келеді. Мұнда қыран емес бүркіттер оңайлықпен қалыпқа келмей қояды.

Сондықтан, бүркіттің өңіріне, түріне, етіне қатты мән беру керек. Үнемі ұстап көріп, зер салып жүрмесең болмайды. Қыран бүркіттердің бабын табу да өте қиын.

–  Бүркітке су беріле ме?

–  Әрине, су беріледі.  Бірақ, суды жеміне қарай береміз. Жемі күшті болса бір түтік береді. Түтіктің мөлшері – кішкене кесемен бір кесе шамасында. Еті жоғары бүркітке екі-үш түтік су құйылады. Сонда ішіндегі жемді тез жояды, саңғыруы жиілейді. Қалыпты етіне тез келеді. 15-20 күнде бабына жақындайды. Асса бір ай кетеді. Шебер құсбегілер 15-17 күнде бүркітін толық баптап, түлкіге сала алады.

               –  Түз бүркітіне қарағанда, ұядан алған құсты қолға үйрету оңайлау болмай ма?

–  Әлбетте, қолбала бүркітті бағу оңай. Онда оғаш мінез бола бермейді. Ал, түз бүркітті ұстап, бағу да оңай емес. Білмеген адам оған қолын да алғызады, бетінен де тістетеді. Ол жемге таласады. Сарт еткізіп аяқты салып қалып, бас салып ұстауы оп-оңай. Бір ғажабы, бүркіттің тұяғында уыт болмайды. Өзінен өзі тез жазылады. Тағы бір ерекшелігі, бүркіт тістеген жер түйме болып қалады. Байқаусызда бүркітіне тістетіп алып, көз қиығы түймеленіп қалған адамдар бар. Ондайларды құрдастары «Түймелі көз бүркітші» деп мысқылдайды.

Енді, қолбала бүркітті айтсам, оны үйрету тәсілі мүлде басқа. Негізінде, қолбала бүркітті әу баста тек үйде тәрбиелеген дұрыс. Егер оны кілең далада ұстаса, ол  әр нәрсеге тұра ұмтылып, мүлде жаман үйренеді.

Мәселен, ұядан алған бүркіттерді ауыл маңында аңға салуға мүлде болмайды. Иен жерде салу керек. Себебі, олар тым ақымақтау келеді. Ауыл маңында томаға тартсаң, аққан бойы ауылға барып біреудің күшігін жұлып әкетеді. Біреудің баласына барып түседі. Сондықтан, ұядан алған құсқа аса ыждихат болу керек. Ал, түз бүркіті өмірі ондайға бармайды. Ол өзінің түсетін жемтігінің не екенін жақсы біледі.

                  –  Бір бүркітті неше жыл қолда ұстаған дұрыс?

             –  Негізінде бүркітті 7-8 жылдан соң босатып, қоя берген дұрыс. Өйткені, сен қанша оған бауыр басып, қимағаныңмен одан артық ұстағаның обал болады. Ол бүркіт те аса қартаймай жұп құрып, ұрпақ қалдыруға тиіс қой. Бір бүркітті 10-15 жыл көтергендер  көп.

Ертеде біздің Шағырай ұрпағының ішінде Қарайыт батыр бір бүркітті 32 жыл түлеткен екен. Сонда құс өте қартайып, тіпті көзі де жөнді көрмей қалады екен дейді. Содан ол кісі семіз қойдың бірін тауға апарып сойып, сонда қалдырған екен.

             –  Талапты жас бүркітшілерге тәлім болатын ғибратты әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан,

Төлеген Жәкітайұлы

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары