Ел іші

ТАЛАПХАН БАЛУАН

 

Кезінде аударыспақ спортында қарсылас шақ келтірмей, Кеңес одағының он бес республикасының спортшылары бас қосқан жарыста жыл сайын жеңімпаз атанып, қазақ ұлтының мерейін аспандатқан азаматтар аз болмапты. Соның бірі –  фотосуреті жақында ғана қолымызға тиген Талапхан Байқасымов. Байқасымов Талапхан – 1957-1966 жылдар аралығында аса ауыр салмақта аударыспақтан 7 дүркін КСРО чемпионы атанған біртуар балуан.

            Біз алғаш рет Талапхан Байқасымов туралы деректі кезіндегі еліміздің көрнекті спорт басшысы болған Ахметов Қаркен ағамыздың жазбасынан 2014 жылы оқыған едік.  1961 жылы жарық көрген шағын кітапшада  Т.Байқасымов қана емес, аударыспақтың оннан астам үздіктерінің аты-жөні жазылған.

Бірақ, солардың ішінде үздігі, 7 дүркін КСРО чемпионатының бас жүлдесін иеленген Талапхан Байқасымов екен. Алайда, осы кітапшада да, 1962 жылы жарық көрген «Казахстан спортивный» кітабында да бұл балуанның есімі «Т.Байқамысов» деп жаңсақ жазылыпты. Жуырда, балуанның туған жері – Алматының Ұзынағаш өңіріне арнайы сапармен барып, бұл кісінің дұрыс аты-жөнінің Талапхан Байқасымов екенін анықтаудың сәті түсті. Оны анықтап берген, кезінде Талапхан балуанмен үзеңгілес жүрген, 3 дүркін КСРО чемпионы, бірнеше мәрте республика жеңімпазы атанған ауыр салмақтағы балуан Мұсахан Елгезеровтің туысы Елгезеров Мелс ағамыз болды. Мелс ағамыздың өзі   1958 жылы 16 шақырым бәйгеден 13 жасында Қазақстан рекордын орнатқан, ұзақ жыл Жамбыл аудандық спорт мектебінің басшылық қызметінде болған ұстаз екен.

Қара шаңырағы Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында болған Талапхан Байқасымов туралы қолымызға тиген деректер аз емес. Талапхан балуан 1937 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үшбұлақ ауылында туған. Көп жылдар Үңгіртас ауылында тұрған.  2013 жылы қайтыс болған (Бұл деректер мен фотосуреттер Талапхан балуанның келіні Әтірхан әжеден алынды).

Егер алдағы уақытта Талапхан балуанның ұрпақтарымен тілдессек, аударыспақтан Кеңес одағының 7  мәрте жеңімпазы атанған дарабоз балуан туралы жазарымыз бұдан да молая түсер деген үміттеміз. Сол себепті, Талапхан балуанды оқырманға таныстыру  мақсатында бастаған шағын жазбамызды осы тұстан түйіндеуді жөн көрдік.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары