ҮШ КҮНДІК АЛҚА МӘЖІЛІСІ АЯҚТАЛДЫ

            Бүгін Елордадағы Ұлттық музейде түске дейін ұлттық спортты дамытуға арналған үш күндік алқа мәжілісінің қорытынды жиыны болып өтті. Республикамыздағы барлық облыстардың ұлттық спорт мектептері мен клуб басшылары, федерация төрағалары,  жаттықтырушы мен төрешілері түгел  қатысқан жиынды ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан жүргізді. Модератор кіріспе сөзінде бірнеше күндік алқа мәжілісіне уақыттарын бөліп арнайы келген барша қатысушыларға өз ризалығын жеткізді. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазановтың құттықтау сөзі тыңдалды.

.

               

Мәжілістің маңызы жайлы кеңінен айтқан  Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза, барлық мәдени-спорттық шаралар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылған бағдарламалық идеяларды іске асыру мақсатында жасалып жатқанын атап өтті. Содан кейін жиынның күн тәртібі бойынша ҚР Ұлттық спорт  қауымдастығының атқарушы директоры Нұрсұлтан Ибрагимов «2019 жылы  атқарылған іс-шаралардың қорытындысы және 2020 жылға арналған күнтізбелік жоспардағы іс-шаралар» туралы баяндама жасады. Баяндамада  биылғы жылы көкпардан 2 халықаралық, 4 республикалық жарыс, 2 республикалық турнир; аударыспақтан 1 халықаралық, 5 республикалық жарыс, 2 республикалық турнир; теңге ілуден 1 халықаралық, 4 республикалық жарыс, 1 республикалық турнир; жамбы атудан 6 халықаралық, 4 республикалық жарыс, 1 республикалық турнир; бәйге түрлерінен 1 республикалық жарыс, 2 республикалық турнир; құсбегіліктен 1 халықаралық, 3 республикалық жарыс, 1 республикалық турнир өткізілгені атап айтылды. Демек, біздің ұлттық спорт саласында осы жылы 13 халықаралық, 22 республикалық жарыс пен 9 республикалық турнир ұйымдастырылған.

Сонымен қатар 2019 жылғы 19-22 сәуірі аралығында Алматы қаласында  Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ІІ халықаралық құрылтайы өтіп, оған әлемнің 40-тан астам елінен 150-ге жуық өкіл келіп қатыса, 30 мамыр мен 2 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі елорда тұрғындары тарапынан кең көлемде қолдау тапқан.

Сондай-ақ, биылғы жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Талдыкөл ауылында өткен 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі;    «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі; Алматы облысы Райымбек ауданында ұйымдастырылған «Сонар-2019» халықаралық құсбегілер турнирі; Ақмола облысы Бурабай өңірінде құсбегі Мәсіп Батырханұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық жарысы қатарлы шаралар ұлттық спорттың ажарын ашса, алдағы 2020 жылғы ақпан айында аударыспақтан «Қазақстан Қабыланы» атты жоба жалауын көтермек.

Ал, ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі Спорт денешынықтыру комитеті Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова «Ұлттық спорт қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту» туралы баяндамасындағы ресми мәліметтерде, ұлттық спорт түрімен 2017 жылы 343 адам шұғылданса, өткен жылы бұл көрсеткіш 376 адамды құраған. Қазіргі таңда еліміз көлемінде ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы және 13 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде 86  іс-шара, оның ішінде 50 республикалық, 36 халықаралық жарыс өткенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, биыл алғаш құрылған «Дәстүрлі садақ ату» федерациясын таныстыру рәсімі жасалып, федерацияның президенті Азамат Оспановтың «Әлемдік этноспорт» туралы баяндамасы тыңдалды.

Сондай-ақ, Қауымдастық президенті осы жиында көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу спорт түрлері бойынша жаңадан тағайындалған федерация басшылары мен вице-президенттерді таныстырды. Атап айтсақ, «Көкпар» спорт түрі бойынша – Мұхтар Имашев,  «Аударыспақ» спорт түрі бойынша – Данияр Қобыландин, «Жамбы ату» спорт түрі бойынша – Ерлан Сауранбаев, «Теңге ілу» спорт түрі бойынша – Қуаныш Курашев сынды ұлттық спорт түрлеріне бірнеше жыл қолдау көрсетіп келген іскер, кәсіпкер азаматтар Қауымдастықтың вице-президенті қызметіне тағайындалды. Мәжіліс соңында ұлттық спорттың дамуына белсенді түрде үлес қосып, еңбек сіңірген қызметкерлер мен спорт мамандарына Ұлттық спорт қауымдастығының алғыс хаттары тапсырылып, сыйлықтар табыс етілді.

Еске салып өтсек, ұлттық спортты дамытуға арналған үш күндік алқа мәжілісінің өткен екі күнінде ұлттық спортқа қатысты бір қатар мәселелер талқыланып, өз шешімін тапты. Жаңа редакциядағы Ережелер бекітілді. Бас төрешілердің жыл бойы атқарылған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалып, спорт түрлерінен 2020 жылға бас төрешілер жаңадан сайланды. Тәртіптік Кеңес отырысы өтті.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары