Құсбегілік

«ҚҰСБЕГІЛІК» СПОРТЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

  1. Жалпы ережелер

          1.1. Қазақстан Республикасында өткізілетін барлық ресми жарыстар (чемпионат, турнир, кубок, кешенді жарыстар) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен осы Ережеге сәйкес өткізіледі.

1.2. Жарысты өткізу тәртібі регламентпен (ережемен) анықталады. Регламентті және қажетті құжаттарды жарысты өткізетін ұйым даярлайды:

1.3. Жарыс ережесі мынадай тараулардан тұрады:

– атауы

– мақсаттары мен міндеттері;

– өткізілетін орны мен уақыты;

– жарысты өткізу жүйесі, жарысты басқару;

– спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да жарысқа спортшылардың тіркелген құрамы;

– жарысқа спортшылардың жасы мен жынысы;

–  допингтік бақылаудан өткізу тәртібі;

– өтінім берудің мерзімі мен тәртібі;

– спортшы мен атты жарысқа жіберу ережесі;

– нәтижелерді бағалау тәртібі мен жеңімпаздарды анықтау;

– арыз бен қарсылықтарды қарау тәртібі және осы жағдайларға байланысты шешім шығару;

– медициналық көмек, қоғамдық тәртіп және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

– жарысқа қатысуға байланысты спортшылар шығыны;

– жарыстың бағдарламасы;

– қаржылық шығын;

– жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау.

Регламенттің талаптары осы ережеге қайшы келмеуі тиіс.

Ескерту: Жарыс регламентін құрастыру кезінде жарыс күндеріне дейін бейімделу күнін ескерту қажет.

1.4. Жарыс ережесі жарысқа қатысуға шақырылатын ұйымдарға жарыс өтетін күнге дейін жолдануға тиіс уақыт:

– дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары кемінде 2 ай бұрын;

– аудандық және қалалық жарыстар кемінде 3 ай бұрын;

– облыстық жарыстар 4 ай бұрын;

– республикалық және халықаралық жарыстар 6 ай бұрын. 

  1. Жарысқа қатысатын спортшылар 

2.1. Жарысқа арнайы өтінім тапсырған, дәрігердің рұқсаты мен сақтандыру полисі бар спортшылар қатыстырылады.

2.2. «Құсбегілік» спорты бойынша жарысқа спортшы құсбегі спортшылардың міндеті:

– жарыс ережелері мен регламентін білу және орындау;

– жеке басын растайтын құжаттары, дәрігерлік анықтамасы, сондай-ақ, регламентте көзделген басқа да құжаттары болуы және оларды жарыс өткізуші тараптың бірінші талабы бойынша ұсыну;

– барлық спортшыларға, төрешілерге, жарыс өткізуші мен оған қызмет етуші тұлғаларға, сондай-ақ, көрермендерге қатысты сыпайы, биязы болу;

– жарысқа белгіленген уақытта келу;

– төрешілердің нұсқауларын мүлтіксіз орындау, белгіленген жарыс тәртібін сақтау, спортшыларға белгіленген орында болу міндеті.

2.3. Құсбегі спортшыларға тыйым салынады:

– төрешілердің жұмысына араласуға;

– жарыс уақытында құсты ауыстыруға, басқа спортшылар мен құстарға қасақана зиян келтіруге;

– төрешілерге қатысты қандай да болмасын дөрекілік жасауға.

2.4. Кез келген масштабтағы жарыстарға спортшының өкілі тағайындалады. Ол тәртіптің сақталуына, команда мүшелерінің киім нысаны мен күн тәртібін сақтауына жауап береді.

2.5. Өкілдердің құқықтары:

мандат комиссиясының отырысына қатысады;

– спортшы спортшылардың жарыс өткізілетін жерге уақытылы келуін қамтамасыз етеді. Олардың осы ереже мен жарыс туралы ереженің орындалуын қатаң қадағалайды;

– төрешілер алқасының отырысына қатысуға, жеребе тартуға, өз команда спортшыларына төрешілер алқасының талаптары мен шешімдерін, жарыс бағдарламасының немесе күн тәртібінің өзгергені туралы хабарлауға;

– спортшылардың көрсеткен нәтижелерін білуге, олардың қорытындыларын уақытылы хабарлауға;

– бас төрешілер алқасына сақтандыру полистері, дәрігерлік анықтама мен өтінімдерін табыс етуге;

– спортшыларды орналастыру мен тамақтандыруға қамқорлық жасауға;

– төрешілерге олардың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша жазбаша өтініш жасауға;

– төрешілер алқасына өтініштер (наразылықтар) беруге құқылы.

2.6.Команда өкіліне тыйым салынады:

– төрешілердің жұмысына араласуға немесе олардың іс-әрекеттеріне кедергі келтіруге;

– жарыстың бас төрешісінің немесе оның орынбасарларының рұқсатынсыз жарыс өтіп жатқан немесе спортшылар орналасқан жерден кетуге тыйым салынады.

  1. Спортшыларға қойылатын талаптар

3.1. «Құсбегілік» спорты бойынша жарыстарға командалық және жекелеген спортшылар ұйымдастыру алқасына тапсырылған өтінімдеріне сай қатыстырылады.

3.2. Өтінімде мынадай деректер көрсетілуі тиіс:

– спортшының аты-жөні

– туған жылы;

– келген жері;

– спорттық разраяды мен атақтары

– жаттықтырушының аты-жөні;

– құстың лақап аты;

– құстың жасы;

– құсына дәрігердің жарысқа қатысуға берген рұқсаты, құстың чип нөмірі көрсетілген төлқұжаты.

Ескерту: спортшыға дәрігердің, құсқа мал дәрігердің берген рұқсат қағазы және сақтандыру полисі болмаса жарысқа қатыстырылмайды.

  1. Төрешілер алқасы 

4.1. Төрешілер құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен төрешілер кіреді.

4.2. Төрешілер алқасы – жарысты осы ережеге және жарыс регламентіне сай дайындап өткізуге, жарыс нәтижелерін айқындауға, жалпы қорытынды шығаруға жауап береді.

4.3. Төрешілер алқасы бас төрешілер алқасы мен төрешілер алқасынан тұрады.

4.4. Төрешілер алқасы: бас төреші – 1, орынбасар – 2, дәрігер – 1, мал дәрігері – 1, ақпаратшы төреші – 1, уақыт төрешісі – 1, оператор төреші – 1, хатшы – 1, сондай-ақ алаңдағы төреші – 7 адам. Барлығы 17 адамнан тұрады.

4.5. Мандат комиссиясына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен төрешілер кіреді.

Мандат комиссиясы спортшылардың құжаттарының сәйкестігін, аты-жөні, туған жылы, келген жері, жетістігі, құсының төлқұжаты, дәрігердің жарысқа қатысуға берген рұқсаты және сақтандыру полисін тексеріп, жарысқа қабылдайды.

4.6. Бас төреші жарыс жетекшісі болады және ол жарыстың осы Ереже мен регламентке сай өткізілуін қаматамасыз етеді.

4.7. Бас төрешінің міндеттері:

– жарыс өтетін орынның, жабдықтар мен құралдардың әзірлігін, олардың жарамдылығын және осы Ережеге сәйкестігін алдын-ала тексеруге;

– төрешілерді іріктеуге қатысуға, төрешілер алқасы жетекшілерін тағайындауға, олардың құрамын анықтауға және нұсқаулығын өткізуге;

– төрешілер алқасының жұмысына жетекшілік етуге;

– хатшылықтың бүкіл жұмысын алдын-ала (жеребе өткізу және т.б.) тексеруге, бекітуге;

– жарыс басталғанға дейін төрешілер алқасы мен жетекшінің ұйымдастыру кеңесін өткізуге, оларды жарыс туралы ережемен таныстыруға және төрешілерді жұмыс орындары бойынша орналастыруға;

– келіп түскен наразылықтарды төрешілер алқасының қарауына енгізуге және олар бойынша шешім қабылдауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін жарыс қорытындылары бекітілген және төрешілер жұмысының бағасы жарияланатын төрешілер алқасының қорытынды отырысын өткізуге;

– жарыстың салтанатты түрде ашылуы, жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау тәртібін белгілеуге;

– жарыс аяқталғаннан кейін бір күннен кешіктірмей жарыстың есебі мен хаттамаларын жарыс өткізуші ұйымға табыс етуге міндетті.

4.8. Жарыстың бас хатшысы:

– спортшы ұйымдардың өтінімдерін қабылдайды, жарыс хаттамаларын дайындайды, спортшылардың жеребесін өткізеді;

– хатшылықтың жұмысына басшылық жасайды, өткізуші ұйымнан кеңсе тауарларын, құралдарды, марапаттау материалдарын және т.б. алады;

– жарыс хаттамаларын өңдеуді жүргізеді, ұпайлар есебін жүргізеді және қорытынды шығарады;

– жарыс нәтижелері бойынша жалпы техникалық есеп жасайды және жарыстың басқа материалдарымен бірге бас төрешіге табыс етеді;

– төрешілер жұмысының табелін жүргізеді;

– спортшылардың біліктілік кітапшаларына нәтижелерін, алған орындарын жазады, сондай-ақ, қол жеткізген жеңістері туралы анықтамалар береді.

4.9. Бас төреші егер төрешілер жарыс ережесін бұзатын болса, міндеттерін атқарудан шектеуге немесе жарыстан алып тастауға құқылы.

4.10. Алаңдағы төрешілер жарыс басталғанға дейін аңға салатын құстың жарақаты жоқтығын, санының жеткілікті екенін, олардың алаңдағы арнайы даярланған жерде тұруын қадағалайды және аңдарды уақытылы құс салатын жерге шығарып отырады.

4.11. Ақпаратшы-төреші спортшыларды, көрермендерді, БАҚ өкілдерін жарыс ережелері, барысы туралы ақпаратпен толық қамтамасыз етуге міндетті және жарысты мүлтіксіз ұйымдастырып өткізуге жәрдемдесуге тиіс.

4.12. Ақпаратшы-төреші жарыс басталғанға дейін жарыс туралы ережені, жарыс бағдарламасын зерделейді, команда спортшыларын сипаттайтын деректерді дайындайды.

4.13. Дәрігер мен мал дәрігері жарыста жан-жақты медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Дәрігердің міндеттері:

– жарыс өткізілетін жерде медициналық жәрдем пункттерінің жұмысын, санитарлық машиналардың болуын ұйымдастыруға және жарыс бағдарламасында белгіленген жер мен белгіленген уақытта медициналық қызметкерлердің уақытылы келуін қаматмасыз етуге;

– жарыстың бас төрешісіне медициналық қызметтердің жұмысқа даярлығы туралы хабарлауға;

– мандат комиссиясының жұмысына қатысуға, спортшылардың өтініштерін, оларда дәрігерлік дене тәрбиесі диспансерлерінің, спортшылардың жарысқа жіберілетіндігі туралы рұқсаттарының болуын қарауға;

– бас төрешілер алқасының отырысына қатысуға;

– спортшы спортшы ауру немесе жарақаттану себебінен жарысты жалғастыра алмайтын жағдайда, белгіленген үлгідегі анықтама беріп, жарыстың бас хатшысына жағдайды хабарлауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін бас төрешіге оқыс жағдайда жарақат алған спортшыларға жарақаттарды көрсете отырып, медициналық қызмет көрсету нәтижелері туралы есепті табыс етуге міндетті.

Мал дәрігерінің міндеті:

– мандат комиссиясының отырысына қатысып, құстардың ветеринариялық анықтамасын тексеру;

– жарақат немесе зақым алған құстарға дереу ветеринарлық көмек көрсету;

– жарақат немесе басқа себептерге байланысты құстың жарамсыздығы туралы қорытынды шығару және жарыстың бас төрешісіне баяндау.

4.14. Уақыт-төреші құстың жаттығу жасаған уақытын есепке алады және бұл мәліметті жарыс хатшысына хабарлайды. 

  1. Жарыс өткізу орны мен тәртібі 

5.1. «Құсбегілік» спорты бойынша жарыс ұйымдастырушылардың байқауына қарай арнайы таңдап алған, құс ұшыратын қырлы және аң жіберетін етегі жазық жерде өткізіледі.

Алаңның кеңдігі 1000 метрден кем болмауы тиіс.

Алаңда құстың ұшуына кедергі келтіретін электр сымдары, дрон түріндегі ұшатын аппараттар, жасанды құрылыс заттары, тау, өзен, батпақ жерлер және құстың ұшуына кедергі жасайтын басқа да заттар болмауы тиіс.

5.2. «Құсбегілік» спорты бойынша жарыстар бүркіт, қаршыға және сұңқар тектес үш түрлі саят құстары арасында өтеді.

Қазақстан Республикасының чемпионаттары 8-21 жасқа дейінгі жастар арасында және 22 жастан жоғары ересектер арасында өтеді. Қалған халықаралық және республикалық турнирдерде жас ерекшілігі қарастырылмайды.

5.3. Жарыс алдында жеребе тасталып, спортшыларға нөмір беріледі (3 қосымша). Әр спортшы өзіне және құсына берілген нөмірмен жарысқа қатысады. Нөмірді немесе құсын ауыстырған жағдайда жарыстан шеттетіледі.

5.4. Жеңімпаздар алған ұпайларына қарай анықталады.

Спортшыларға ұпай беру тәртібі (әрбір ойын түріне берілетін жоғарғы ұпай 10).

5.5. Бүркітші спортшылардың киім үлгісі:

– ұлттық нақышта өрнектелген шалбар;

– ұлттық нақышта өрнектелген кеудеше немесе шапан;

– ұлттық нақышта өрнектелген бас киім;

– биялай;

– жем қалта;

– кездік;

– түтік;

– Тұғыр (командаға 1 жеткілікті);

– томаға;

– балдақ;

жемаяқ; саптыаяқ

– балақбау;

– шырға (командаға 1 жеткілікті);

– іргебау;

Осы құрал-жабдықтардың барлығы түгел болса 10 ұпай, ал әрбір кем болған құрал-жабдығы үшін 1 ұпайдан кемітіледі.

5.6. Бүркіт жарысына:

– қолға шақыру;

– еркін ұшыру;

– құсты шырғаға салу;

– құсты қоянға салу;

– құсты түлкіге (қарсаққа) салу ;

– құсты қасқырға (шибөріге) салу – (ұйымдастырушы тараптың ұйғарымына қарай).

Бүркітті қолға шақыру – қашықтықтығы 300-500 метрден кем емес арнайы даярланған құс ұшыратын жерден бүркітші диаметрі 15 метрлік шеңбер ішінен шықпай құсын ат үстінен қолға шақырады.

Спортшыға ұпай беру құстың белгіленген нүктеден ұшып шыққанынан бастап иесінің қолына қонғанына қарай беріледі. Құс мәреден ұшып иесінің қолына қонса 10 ұпай беріледі. Құс жерге қонып, одан соң иесінің қолына келіп қонса 5 ұпай беріледі. Егер қолға келіп қонбаса немесе басқа жаққа ұшса, ұшқаны үшін 1 ұпай беріледі. Егер мүлде ұшпай қойса, ұпай есептелмейді. Әр құсқа ұшуға берілетін уақыт – томаға шешкеннен бастап 1 минут.

Бүркітті еркін ұшыру – спортшы ат үсітенен диаметрі 15 метрлік шеңбер ішінен шықпай еркін ұшырып, құсты қайтадан қолға қонуға шақырады.

Құс қолдан ұшып шығып, иесінің қолына қайта қонса – 10 ұпай беріледі. Құс ұшқаннан кейін жерге қонып, одан соң иесінің қолына қонса – 5 ұпай. Егер құс қолға келіп қонбаса немесе басқа жаққа ұшса, ұшқаны үшін 1 ұпай беріледі. Мүлде ұшпай қойса, ұпай есептелмейді. Еркін ұшыру кезінде спортшының өзіне берілген жерді (диаметрі 15 метрлік шеңбер) тастап кетуіне болмайды.

Бүркітті шырғаға шақыру – спортшы арнайы белгіленген орыннан құсты шырғаға жібереді. Шырғаны курсингтік машина немесе атпен тартуға болады. Шырғаны тарту қашықтығы – 350-500 метр. Құс шырғаны бірден ұстаса – 10 ұпай беріледі. Құс шырғаны жерге қонып барып ұстаған жағдайда – 5 ұпай беріледі. Құс ұшып барып, бірақ шырғаны ұстай алмаса – 1 ұпай беріледі. Егер құс ұшпаса немесе басқа бағытқа ұшса ұпай есептелмейді.

Бүркітті түлкіге (қарсаққа), қоянға салу – ат үстінде орындалады. Егер құс аңды бірден ұстаса – 10 ұпай беріледі. Құс жерге қонып барып аңды ұстаса, жерге әрбір қонғаны үшін – 1 ұпай шегеріледі: егер құс аңға түсуге әрекет жасап, бірақ ұстай алмаса ұшқаны үшін 1 ұпай; егер құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай жоқ.

Жоғарыдағы көрсетілген сайыстарды орындау кезінде спортшылардың (құстардың) ұпай саны бірдей болған жағдайда, жеңімпаз құсты қолға шақырып, уақыт нәтижесі бойынша аныталады.

5.7. Қаршыға жарысы:

– қолға шақыру;

– кептерге салу;

– қоянға салу.

Қаршығаны қолға шақыру:

Қашықтық 200 метрден кем болмау керек. Ұпай беру құстың белгіленген нүктеден ұшып шыққанынан бастап иесінің қолына қонған уақытына қарай белгіленеді. Егер құс қолға келіп қонбаса немесе мүлде ұшпай қойса, ұпай есептелмейді. Құс жерге қонып, одан соң иесінің қолына қонса – 1 ұпай шегеріледі. Томаға шешкеннен бастап 1 минуттың ішінде құс иесінің қолынан ұшуы тиіс, ұшпаған жағдайда ұпай берілмейді.

Қаршығаны кептерге салу:

– құс кептерді бірден ілсе – 10 ұпай;

– құс кептерді жіберіп алып, қайта ілсе, әрбір мүлт кеткені үшін 1 ұпай шегеріледі;

– құс кептерді ұстай алмаса, ұшқаны үшін 1 ұпай;

– құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай берілмейді.

Қаршығаны қоянға салу:

– Құс қоянға бірден түссе – 10 ұпай;

– құс жерге қонып барып, қоянға түссе, әрбір қонғаны үшін 1 ұпай шегеріледі;

– құс қоянды ұстай алмаса, ұшқаны үшін 1 ұпай;

– құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай есептелмейді.

5.8. Сұңқар (ителгі) жарысы:

– қолға шақыру;

– құсты далбайға ойнату (ұзын жіпке байланған кептер пішіндес далбайды шиыра айналдырып сұңқарға тепкізу);

– кептерге (қырғауылға) салу;

– қоянға салу.

Сұңқарды далбайға ойнатуға 3 минут беріледі. Сұңқардың далбайды әрбір тепкені 1 ұпайға саналады.

– құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай жоқ.

Сұңқарды кептерге салу:

– құс кептерді бірден ілсе – 10 ұпай;

– құс кептерді жіберіп алып, қайта ілсе, әрбір мүлт кеткені үшін 1 ұпай шегеріледі;

– құс кептерді ұстай алмаса, ұшқаны үшін 1 ұпай;

– құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай жоқ.

Сұңқарды қоянға салу:

– құс қоянға бірден түссе – 10 ұпай;

– құс жерге қонып барып, қоянға түссе, әрбір қонғаны үшін 1 ұпай шегеріледі;

– құс қоянды ұстай алмаса, ұшқаны үшін 1 ұпай;

– құс басқа жаққа ұшып кетсе ұпай жоқ.

5.9. Спортшыларға саят құстарымен аң аулауға рұқсат етілген барлық әдіс-тәсілдерді қолдануға рұқсат етіледі.

5.10. Жарысқа спортшыларға құстарын көпшілік алдында ұстаған аң етімен тамақтандыруға, ұстаған аң өлексесін немесе өлексе қалдықтарын жарыс өткен жерге тастап кетуіне қатаң тыйым салынады.

5.11. Егер жарыс кезінде құс жарақат алып, дәрігер құстың жарысты жалғастыра алмайтыны туралы қорытынды шығарса, спортшыға жеңіліс жазылады.

5.12. Жарыстың қауіпсіздік шараларын Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қаматамасыз етеді.

5.13. Спортшылар мен құстарға медициналық және ветеринариялық көмек көрсетуді денсаулық сақтау органы және ветеринарлық қызмет мамандары қаматамасыз етеді.

  1. Наразылықтар 

Наразылықтарды төрешілер алқасына жазбаша нысанда сайыс аяқталғаннан кейін 30 минуттан кешіктірмей табыс етеді.

Наразылықта спортшылар немесе төрешілер бұзылған ереже мен жарыс регламентінің тараулары мен тармақтарын көрсетуі тиіс. Бас төреші наразылықты қабылдап алуға, оны қарауға, сол бойынша шешім қабылдауға және оны өтініш берушіге барынша аз мерзімде жарыс қорытындылары бекітілгенге дейін міндетті түрде жеткізуге міндетті.

Бас төрешінің наразылық бойынша шешімі кесімді және қайта қарауға жатпайды

 

2 қосымша

Жарыс өтетін алаңға қойылатын талап

«Құсбегілік» ұлттық спорт жарысы ұзындығы мен ені 1000 метрден кем емес ашық алаңда өткізіледі.

Бұл алаңда мүндетті түрде биік жердің болуы қажет (құс ұшыруға арналған төбе немесе жасанды биіктетілген саты). Биіктетілген орында жабық күрке (палатка) немесе киіз үй орнатылуға тиіс. Сондай-ақ, осы жерде сөре орыны нақтыланады (жалаулармен белгіленеді), құстарға арналған тұғырлар қойылады.

Жарыс өтетін алаңда құстың ұшуына кедергі келтіретін электр сымдары, жасанды құрылыс заттары, тау, өзен, батпақ жерлер және құстың ұшуына кедергі жасайтын басқа да заттар болмауы тиіс.

Құс ұшыру кезінде дрон түріндегі ұшатын аппараттарды қолдануға, сондай-ақ, саят құстарын алаңдататын басқа да құстар мен аңдарды жіберуге қатаң тыйым салынады.

Спортшылардың құстарды қолға шақыруға, еркін ұшыруға арналған, сөреден 300 метрден кем емес жерде диаметрі 15 метр шеңбер (ағаш ұнтағы, әктас немесе басқа да бояу құралдарымен айқындалған) сызылады.

Жарыс алдында ұзындығы 350-500 метрлік курсингке (электронды қоян) арналған дәліз қашықтығы нақтыланады. Дәліздің бір жақ басында курсинг машинасы үшін жабық күрке орнатылады.

Жарыс кезінде тірі аңды (қоян, түлкі) жіберіп тұру үшін алаңда 2х2 метрден аспайтын жабық күрке орнатылады.

Көрермендер болатын аумақ арнайы ленталармен қоршалып, белгіленеді. Қоғамдық тәртіп аймақтық Ішкі істер қызметкерлері арқылы реттеледі.

 

3 қосымша

Жеребе тарту рәсімі

Жеребе тартуды төрешілер алқасы осы жиынға арналған ғимаратта жарыстан бір күн бұрын өткізеді. Жеребе тарту рәсімін өткізу үшін:

– принтері бар компьютер;

– проектор және экран;

– тақтайшалар, төсбелгілер, куверткалар;

– жеребеге қолданылатын құс қауырсындары (нөмірленген);

– дыбыс аппараттары;

– басқа да керекті кеңселік құрал-жабдықтар қажет.

Жеребе тарту жиынына барлық жарысқа спортшылар өкілдерімен, жаттықтырушыларымен бірге қатысады.

Құс қауырсындары бір-бірінен ерекше айырмашылығы жоқ біркелкі көлемде болуға тиіс. Әр қауырсын түбіне реттік нөмірі жазылған қағаз қиындылары бекітіледі. Құсбегі-спортшылар төрешілер алқасының шақыруымен жеребені тартады, ал, төрешілер алқасы спортшының реттік нөмірін жариялап айтады.

Төрешілер алқасының ұйғарымына қарай немесе регламент талабына қарай спортшылар топтарға бөлінуі мүмкін. Бұл жағдай жеребе тарту кезінде анықталады.

Жеребе тарту арқылы нақтыланған құстың жарысқа шығу реті жарыс аяқталғанға дейін қатаң сақталады. Бұл үшін реттік нөмірлер құстардың аяқтарына бекітіледі. Құстың аяғына бекітілген нөмірді қасақана бүлдірген немесе ауыстырған спортшы жарыстан шеттетіледі.

Кейбір жағдайларда төрешілер алқасы тәртіп бұзған спортшы ісін тәртіптік кеңес қарауына жіберіп, спортшы алдағы жарыстардан да шеттетілу жазасын алуы мүмкін.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары