ҚҰСБЕГІЛЕРДІҢ IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ АЯҚТАЛДЫ

 

Бүгін Елорда іргесінде өткен Құсбегілердің IV Халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Бүркітшілер бәсекесінде  Бабажан Бақдәулеттің, қаршығада Сейітжан Аянның, ителгіде Тайманов Айшуақтың мерейі үстем болып, атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнирдің чемпиондары атанды.

Биылғы жылы төртінші мәрте ұйымдастырылған бүркітші Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы құсбегілердің халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі аталатын бұл жарысты ұлттық спорт жанкүйерлері екі күн бойы тамашалады.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспары бойынша өткізілген турнирдің негізгі ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Астана қаласы әкімдігі, Астана қалалық мәдениет және спорт басқармасы.

Кешегі күні бүркітті, қаршығаны, ителгіні қолға шақыру және  бүркітті еркін ұшыру, шырғаға салу бәсекелері өтті. Бүгінгі күні жанкүйерлер бүркітті қоянға, түлкіге салу, қаршығаны кептерге салу, ителгіні далбайға ойнату сияқты қызықтарды тамашалады.

Суретте: Моңғолия Республикасынан жарысқа қатысқан Кенжебек бүркітші ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының арнайы жүлдесін иеленді.

         Құсбегілердің IV Халықаралық турнирінде  Моңғолия республикасынан және еліміздің Ақтөбе облысы, Ақмола облысы, Алматы облысы,  Атырау облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Астана қаласы, Алматы қаласы, Маңғыстау облысынан отыз бір құсбегі бақ сынады. Сонымен, жүлде қоры жарты миллионнан астам болған IV Халықаралық құсбегілер турнирінде кімдер жеңімпаз атанды?

 

Бүркітшілер бәсекесінің жүлдегерлері:

1 орын – Бабажан Бақдәулет (Жамбыл облысы)

2 орын – Құрманғалиев Ақберен (Алматы қаласы)

3 орын – Сейітжан Алмас (Алматы облысы)

Қаршыға бәсекесінің жүлдегерлері:

1 орын – Сейітжан Аян (Алматы облыс)

2 орын – Абсалам Қазыбай (Ақмола облысы)

3 орын – Жалғасұлы Берікболсын (Жамбыл облысы)

Ителгі бәсекесінің жүлдегерлері:

Тайманов Айшуақ (Маңғыстау облысы)

Мағзумов Руслан (Астана қаласы)

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары