Аударыспақ

САЯҚ БАЛУАН

 

 ТЕРСЕБАЕВ Саяқ Молдатұрсынұлы (15.04. 1935 жылы  Қырғызстанның Кетпен төбе деген жерінде дүниеге келді. Аударыспақтан КСРО чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған балуан. Ат спортынан спорт шебері атаған (1961), ат спорты төрешісі атағын иеленген алғашқы қазақ жастарының бірі.

            Саяқтың әкесі Молдатұрсын Қазақстанға көшіп келгеннен өмір бойы жылқымен айналысты. Жамбыл ауданы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында болған №97 жылқы зауыдында жұмыс істеген. Саяқ балуанның да саналы ғұмыры  жылқы зауыдында өтті. Ұзақ жылдар зауыд жанынан ашылған ат спорты мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. Жиырма бестен астам ат спорты шеберлерінің ұстазы.

Суретте: жас шабандоз Саяқ Терсебаев әйгілі «Абсент» сәйгүлікпен өнер көрсетуде.

Саяқ балуан туралы «Казахстан спортивный» (1969) және  «Тұлпардың тұяғы» кітаптарында жан-жақты жазылған. Саяқ балуан 1960-1966 жылдар аралығында Қазақстан құрама командасы сапында Кеңес Одағында және Венгрияда өткен ат спорты бәсекелеріне қатысып, жеңімпаз атанған. Аударыспақтың абсолюттік салмақтағы  бәсекесінде 56 келі салмақтағы Саяқ балуан 120 келі салмақтағы қарсыласын атынан аударып (Мәскеу, 1961), қалың жанкүйерді таң қалдырған. Сол жолы ол жарыстың бас төрешісі маршал С.Буденныйдың арнайы сыйлығымен марапатталады.

Суретте: оңнан солға қарай алтыншы тұрған жеңімпаз балуан Саяқ Терсебаев. Ортада Бүкілодақтық ат спорты жарысының бас төрешісі, маршал С.Буденный. Фотосурет 1961 жылы Мәскеуде түсірілген. 

Саяқ Терсебаев 1996 жылы қайтыс болды. Қазіргі кезде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданындағы ипподром мен Көгершін ауылындағы бір көшеге Саяқ Терсебаев есімі берілген.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары