Аударыспақ

САТЫМБЕК БАЛУАНДЫ КІМ ТАНИДЫ?

 

Сатымбек (Сәтімбек) Айтбаев – аударыспақтан Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, 1966 жылы Ресейдің Пятигорск қаласында ат спорты ойындарынан өткен КСРО чемпионатында орта салмақта чемпион атанған балуан. Біздің қолда Сатымбек балуан туралы осыдан өзге дерек жоқ. Қай өңірдің азаматы? Ұрпақтары бар ма? Әзірге бұл сауалдарға жауап болмай тұр.  Тек Пятигорск қаласында түсірілген мына жалғыз фотосурет болмаса. Мұның өзі жорамал ғана.

Бір қуанарлығы, ұлттық спорттың ардагерлері есімдерін жаңғырту мақсатындағы шаруа оңға баса бастады. Аударыспақтан 1957-1966 жылдар аралығында  КСРО чемпионы атанған оннан астам қазақ балуандарының дерегі табылды. Үздіксіз іздестіру нәтижесінде қыркүйек айында тек фамилиялары ғана белгілі болған Талапхан Байқасымов (Алматы обл), Мұсахан Елгезеров (Алматы обл), Молжан Шалғынбаев (Алматы обл), Саяқ Терсебаев (Жамбыл обл), Әбдібек Саудабаев (Алматы обл), Боранбай Қасымбеков (Алматы обл), Болатхан Өтебаев (Жамбыл обл), Айдархан  Оспанов (Алматы обл), Шахан Шакиев (Алматы обл) сынды атақты балуандардың ұрпақтары, туыстары табылып, бірнеше балуан туралы шағын мақалалар жазылды.

Көкпардан КСРО-ның бірнеше дүркін чемпиондары еліміздің оңтүстік өңірінен молырақ шыққан екен.  Бұрын КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы, даңқты көкпаршы Дауылбаев Әбілхан ағамыздың ғана есімін білсек, бұл күнде Шымырбай Әуезбаев, Үсен Сариев, Тұрнияз Әбілбеков, Тойлыбай (Тойлақ) Бижанов, Азат Байзақов, Оразқожа Сейдахметов, Әли Пашаев, Шәймек Исаев,  Саттархан Әбдіәлиев сияқты көкпаршылардың деректері аз табылған жоқ.

1969 жылы жарық көрген «Казахстан спортивный» кітабында аты-жөні толық жазылған үш кісінің бірі – Сатымбек Айтбаев. Бірақ, бұл кітапта 1966 жылы ат спорты ойындарынан КСРО чемпионаты Есентуки қаласында өтті делінген. Ол кезде аударыспақты «сайыс» деп атаған. Тағы бір ескеретін жайт, кітапта Боранбай Қасымбековты «ауыр салмақта» деп жаңсақ жазылыпты.

1969 жылы жарық көрген «Казахстан спортивный» кітабындағы аударыспақшы, көкпаршы балуандар туралы жазылған деректер осы.

Енді аталмыш  фотосуретке келейік. Біздің қолға дәл осы суреттің екі данасы тиді. Бірі – кезінде ауыр салмақта сан мәрте топ жарған Молжан Шалғынбаевтың ұрпақтарында, екіншісі – жеңіл салмақтың жеңімпаз балуаны Боранбай Қасымбековтың ұрпақтарында сақталыпты. Фотосурет – 1966 жылы Пятигорск қаласында түсірілген. Осы қалада сол жылы ат спорты ойындарынан Бүкілодақтық чемпионат өтті.

М.Шалғынбаев шаңырағынан келген суреттің жоғарғы жағында Молжан, Сәтімбек, Нұрмақанбет, Боранбай, Орынбай деген бес кісінің есімі жазылған. Өшкіндеу болса да анық оқылып тұр. Бұл жазу Молжан балуанның өз қолтаңбасы болуы да мүмкін.

Өз жорамалымызды қоса отырып бұл кісілердің кімдер екенін айталық. Артқы қатарда оң жақта тұрған кесек тұлғалы жігіт – ауыр салмақ балуаны Молжан Шалғынбаев. Алматы облысы Жамбыл ауданы Сарыбай би ауылының тұрғыны. Молжан балуан 1998 жылы қайтыс болған.

Суретте: 1966 жылы ауыр салмақта КСРО чемпионы атанған Шалғынбаев Молжан балуан.

Ал, алдыңғы қатарда қара костюм киіп отырған жігіт – жеңіл салмақта КСРО чемпионы атанған Боранбай Қасымбеков. Алматы облысы Іле ауданы Жәпек батыр ауылының тұрғыны. Боранбай балуан 2007 жылы дүниеден озған.

Суретте: 1966 жылы жеңіл салмақта КСРО чемпионы атанған Қасымбеков Боранбай балуан.

Артқы қатардың ортасында тұрған кісі Б.Қасымбековтың туысы Орынбай Үшкемпіров екен. Орынбай Үшкемпіровтің Пятигорскіге жарысқа қатысу үшін емес, өзге бір шаруамен барғаны анықталды.

Енді қалған екі кісіге зер сала қарасақ, Сатымбек Айтбаев – артқы қатардың сол жақ шетінде тұрған жігіт болып шығады. Себебі, алдыңғы қатарда отырған жігіттің тұлғасының өзі орта салмақ балуанына мүлде ұқсамайды. Ал, артқы қатарда сол жақта тұрған жігіттің қайратты, балуан адам екені бірден байқалып тұр. Тұлғасы еңселі, қақпақ жауырынды, жуан мойын, балуан бітімді адам. Біздің жорамалымызда Сатымбек балуан осы кісі.

Ұрпақтары немес туыс-туғандары, тіпті, ауылдас жерлестері  табылып қалар деген үмітпен Айтбаев Сатымбек балуанға осы фотосурет арқылы бүгін тағы бір сұрау салып қойғанды жөн көрдік. Егер Сатымбек балуан туралы қандай да бір дерек білетін кісі болса мына (8 701 516 37 08 авторға) телефон нөміріне кез-келген уақытта хабарласуына болады.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары