Ел ішінде

Садақ атудан Әбсамат Қанайұлы атындағы турнир өтеді

2021 жылғы 25-26 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай дәстүрлі садақ атудан Әбсамат Қанайұлы атындағы ІІ Республикалық ашық турнир өтеді.

«SADAQ ATÝ» Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының ұйымдастыруымен және Ұлттық этноспорт ассоциациясының қолдауымен өткізілетін республикалық турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам спортшы қатысады.

25 желтоқсан күні балалар мен жасөспірімдер арасында үш категория бойынша өтетін жарысқа 90-нан астам жас спортшы тіркелді. Олар 8-11, 12-14, 15-17 жас аралығындағы үш категория бойынша сайысқа түсіп, бақтарын сынайды. Балалар мен жасөспірімдер жас ерекшеліктеріне қарай 10, 20  және 25 метрлік қашықтықта орналасқан үш түрлі нысанаға атудан өзара жарысады.

26 желтоқсан күні 18 жастан жоғары санаттағы спортшылар ер және әйел категорияларында өнер көрсетеді. 60-тан астам спортшы қатысатын жарыс үш кезеңнен тұрады. 30-метрлік қашықтықтағы нысанаға дөп тигізген спортшылардың тең жартысы ғана келесі кезеңге өтеді. Екінші кезеңнен де мүлт кетпей өткен спортшылар ақтық сынға өтіп, «жамбы» нысанасына атудан өзара жарысады.

2019 жылы құрылған «SADAQ ATÝ» Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы дәстүрлі садақ ату өнерін дамыту және жан-жақты насихаттау мақсатында бірнеше республикалық жарыс өткізген болатын.

Дәстүрлі садақ ату спорты соңғы екі жыл ішінде қарқынды дамып келе жатыр. Соның бір көрінісі ретінде Түркияда жыл сайын өткізілетін «Fetih Kupası» атты жарысқа 2021 жылы Қазақстанның үздік екі садақшысы, Қырғызстанда өткен жарыстарға 30-ға жуық садақшы қатысқанын атап өту керек.

ТУРНИР БАҒДАРЛАМАСЫ

25 желтоқсан:

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР 

09:00 – 10:00 ТІРКЕУ 
10:00 – 10:30 САПҚА ТҰРУ МЕН ТУРНИРДІҢ АШЫЛУЫ 
11:00 – 13:00 І-КЕЗЕҢ 
13:00 – 14:00 ТҮСКІ ҮЗІЛІС 
14:30 – 16:00 ІІ-КЕЗЕҢ 
16:00 – 18:00 ІІІ-КЕЗЕҢ (ФИНАЛ) 

26 желтоқсан: 

ЕРЕСЕКТЕР 

09:00 – 10:00 ТІРКЕУ 
10:00 – 11:30 І-КЕЗЕҢ 
11:30 – 13:00 ІІ-КЕЗЕҢ 
13:00 – 14:00 ТҮСКІ ҮЗІЛІС 
14:30 – 15:30 ТУРНИРДІҢ РЕСМИ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ 
15:30 – 17:00 ІІІ-КЕЗЕҢ (ФИНАЛ) 
17:30 – 18:00 МАРАПАТТАУ

Турнирдің өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, Тұран даңғылы, 59.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары