ҚҰРМАНБЕК ҮЗДІК КӨКПАРШЫ

 

Көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, жас көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек кеше Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Дүниежүзілік Көшпелілер ойындарының «Үздік көкпаршысы» атанып, арнайы марапатқа ие болды.

 

Қыркүйек айында өткен  Көшпелілер ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсеткен  Құрманбек көкпаршы ойын барысында бас-аяғы 37 салым салған екен. Сөйтіп, Бішкекте ең көп салым салған көкпаршы ретінде біздің Құрмаш «Үздік көкпаршы» атағымен марапатталды.

Еске салып өтсек, жас көкпаршының өткен жылғы үздік өнері біздің елде де ескерусіз қалмады. Желтоқсан айында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Астанада өткен «Алтын тұғыр-2018» атты жыл үздіктерін марапаттау салтанатында Құрманбек «Жыл салымшысы» номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды.

 Суретте: «Алтын Тұғыр-2018» марапаттау салтанатында Құрманбекке «Жыл салымшысы» сыйлығын ҚР «Көкпар» федерациясының президенті, кезіндегі даңқты боксшы Мұхтархан Ділдабеков тапсырды. 

Бұйыртса, Құрманбек 18 сәуірде 22 жасқа толады. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында 1997 жылы дүниеге келген.  Жас болса да, ол командалық көкпарда біршама атақтарға ие болып үлгерген көкпаршы. Көкпардан  жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының  4 дүркін  жеңімпазы (2013, 2014, 2017, 2018). 2015 жылы және 2016 жылы «Әулие-Ата» командасының сапында ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының  жеңімпазы атанды. 2015 жылы Қызылордада  өткен  фестивальда  чемпион болды.  2018 жылы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қола жүлдегері және жастар арасындағы «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің чемпионы болды. 2014 жылы «Алтын тұғырда»  «Жылдың жас саңлағы» атағын иеленді. Құрманбек – Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, жүлдегері атанған «Әулие-Ата» көкпар командасында шеберлігін шыңдап өсті. «Әулие-Ата»  командасының бас бапкері Нұрдәулет Момыновтың төл шәкірті.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары