РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР БАСТАЛДЫ

 

Бүгін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен Астанадағы «Сары-арқа» велотрегінің мәжіліс залында «Ұлттық спорт: әдістеме және тәжірибе» тақырыбындағы респубикалық семинар басталды.

 

Семинардың модераторы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай. Жиынның ашылу барысында ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов спорт саласындағы, оның ішінде ұлттық спорт саласындағы атқарылған жұмыстар мен ұлттық спорт бағытындағы алдағы бағдарламалар мен жоспарлар туралы кеңінен баяндап өтті.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан  «Рухани жаңғыру: ұлттық спорт- ұлт қуаты» тақырыбында тартымды дәріс оқыды. Алдымен этнографиялық жаққа көбірек ойысқан «Ұлттық спорт – ұлт қуаты» деген тақырыпты тарқата айтып, екінші кезекте – ұлттық спортты дамыту саласындағы Ұлттық спорт қауымдастығының ұстанған стратегиялық бағыты, бұған дейін атқарылған шаруаларға шолу жасау, көзделген мақсаттардан алынған нақты нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы айтылған дәріс ешкімді де бей-жай қалдырмады. 

Ұлттық спорт қауымдастығы мен ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетінің  Денешынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының бірлесе өткізген «Ұлттық спорт: әдістеме және тәжірибе» атты республикалық семинар 9 қарашаға дейін болады.

Семинарда «Спорт саласына қатысты құқықтық-нормативтік актілер туралы», «Ұлттық спорт ісшараларына құжаттарды дайындау мәселелері», «Ат спорты және жылқы өсіруді дамыту бағдарламасының концепциясы», «Массаж және денсаулықты қалпына келтіру», «Көшпенділердің атбегілік танымы», «Ұлттық спорт саласын дамытудың өзекті мәселелері», «Көкпар спорт ережесінің әдіс-тәсілдері», «Аударыспақ, теңге ілу спорты ережесінің әдіс-тәсілдері», «Әлемдегі этноспорттың даму бағыттары» тақырыптарында ұлттық спорт саласының мамандары дәріс оқиды. Семинардың тыңдаушылары респубикамыздың әр облыстарынан келген ұлттық спорттың төрешілері мен жаттықтырушылары.

8-9 қараша күндері Елордадағы «Көкпар-Астана» клубының шаруашылығында аталмыш семинардың практиқалық сабақтары жүргізіледі.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары