Сұқбат

Рахат Жақсыбай: Көшпенділер ойыны биыл Түркияда өтеді

Көктем шығып, тіршілікке жан бітіп жатыр. Осы тұста ұлттық спорт түрлері жанданатыны белгілі. Сондықтан Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбаймен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Рахат мырза, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы өтті. Осы тұста ұлттық спортты насихаттауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды ма?

– Карантиндік шектеулер алынып, енді-енді толыққанды қалыпты өмір тіршілігіне түсіп келе жатырмыз ғой. Екі жылдан бері биыл ғана көктеммерекесі өңір-өңірде жалпыхалықтық іс-шара болып өтті. Облыс  орталықтарында, ауыл-ауылда өтетін мерекелік іс-шараларда ұлттық ойындардың болуы – бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Сондықтан жер-жерде, өңір-өңірде өтетін мерекелік іс-шараларда әдеттегідей дәстүрлі ойындарымыз көрініс тапты.

– Биыл қандай жарыстарды өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Пандемияға байланысты 2019 жылдан бері ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыстарымыз болмады. Биыл, бұйыртса, тұрақты өтетін елішілік чемпионат, турнирлерімізден бөлек, төрт бірдей халықаралық жарыс ұйымдастыру ниетіміз бар. Олар – көкпардан ІІ әлем чемпионаты, аударыспақ пен теңге ілуден Азия чемпионаттары және Жамбы атудан «Алтын жебе» әлем чемпионаты. Алғашқы екеуін күзде Шымкентте, соңғы екеуін жазда елордамызда өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жарыстарға тікелей пандемияның әлемдегі жағдайы әсер етеді. Бәрі дұрыс болады деп үміттенеміз.

– Қырғыз ағайындар Көшпенділер ойынын бастап еді. 2020 жылы Түркияда өтеді деп жоспарланған. Бірақ ковидке байланысты шегеріле берді. Биыл осы дода жалғаса ма?

– Ақпан айында Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығынан ресми ақпарат келді. IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын биыл 29 қыркүйек – 2 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында өткізу жоспарланған. Екі жыл қатарынан кейінге шегерілген ойындардың бағдарламасы, спорт түрлері сәуір айында өтетін кеңесте нақтыланады. Бұған дейін бұл жобаны үш мәрте Қырғызстан ұйымдастырған. Негізгі тәртібі бойынша ойын Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерге ауысып отыруы тиіс.

– Ұлттық спорт түрлері қвуымдастығы президенті Бекболат Тілеухан қызметін Түркияда жалғастыратынын мәлім еткені бар. Осы ретте Түркиямен бірлесіп қандай жобаларды қолға аласыздар?

– Наурыз айының алғашқы аптасында Әзербайжанның Баку қаласында өткен Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының V Этноспорт форумына қатысып келдік. Бұл шара биыл әлемнің 40-тан аса мемлекетінен келген 150-ге тарта делегат екі күн бойы дәстүрлі ойындар мен спорттың өзекті проблемалары мен оларды шешу жолдарын талқылады. Конфедерацияның штаб-пәтері Ыстанбұлда орын тепкен. Ұлттық спорт қауымдастығы 2019 жылдан бері аталған ұйымның толыққанды мүшесі. Алдағы уақытта этноспорт ұйымының жылдық жиыны өтеді. Қазіргі уақытта негізгі атқаратын жұмыстың бірі Көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қатысты болмақ. Бұдан бөлек, ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында ұйымға мүше елдермен өзара екіжақты, үшжақты келісілген жобаларымыз бар.

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын ұлттық спортқа жақсы көңіл бөлініп еді. Қазір баяулап қалғандай. Бұған қаржы қолбайлау болып тұр ма?

– Дұрыс айтасыз, бірнеше жыл бұрын біздің елде әртүрлі ауқымды іс-шаралар көп еді. Мәселен, көкпардан тұңғыш әлем чемпионаты ЭКСПО көрмесі аясында өткен болатын. Бәрі де салыстырмалы. Қазір 30-дан аса елдің дәстүрлі ойын федерациясымен байланыстамыз. Сондағы байқағаным, біздің елдегі сияқты ұлттық ойындары спорт деңгейіне көтерілген ел кемде-кем. Бүгінде біздің танымал, кең таралған ұлттық ойындарымыздың барлығында ұлттық спорт статусы бар. Көкпарыңыз да, жамбы атуыңыз да олимпиадалық спорт түрлері секілді мемлекет тарапынан спорт түрі ретінде танылған. Чемпионат жарыстарытұрақты өтеді. Демеушілер жүлде тағайындайды. Үш деңгейлі (ересектер, жастар, жасөспірімдер) ұлттық құрама жасақталған. Еліміз бойынша ұлттық спорт түрлеріне бағытталған 20-ға тарта жасөспірімдердің спорт мектебі, клубтар жұмыс істейді. Соңғы екі жылда негізгі қолбайлау – ол карантиндік шаралар. Әйтпесе, чемпионат, турнирлеріміз тұрақты өтіп келеді. Осы күндері Алматы облысы көкпар мен аударыспақтан жастар чемпионатын қабылдауда.

«Қазақ спорты»

Қауымдастықтың желідегі парақшалары