Диас Ахметов жеңімпаз атанды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақмола облысында ат спорты түрлерінен облыстық фестиваль өтті.

Фестивальге облыс әкімдігі мен Балуан Шолақ атындағы облыстық ұлттық спорт мектебі мұрындық болды.

Жарыс барысында көкпар, жамбы ату, теңге ілу және 7 шақырымға ат жарысы ұйымдастырылды.

Фестиваль аясында Жамбы ату спортына Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан демеушілік жасап, жүлде қорын белгіледі.

Сонымен фестивальге облыстағы Ерейментау, Шортанды, Целиноград, Аршалы, Ақкөл, Зеренді аудандарынан және Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларынан 11 спортшы қатысты.

Классикалық «корей» және «қазақ» стилдерінен сынға түскен сұрмергендер, әр стиль бойынша үш айналым жасады. Бұл спорт түрінде спортшының мергендігі мен жылдамдығы сынға түседі. Мұнда да 16 секундта 90 метр қашықтықтағы 3 нысанаға дөп тигізе білу маңызды.

 

Ат үстінде садақ ату соңғы кезде айтарлықтай дамып келеді. Осы жолғы облыстық фестивальде Жамбы ату спорты қосылмаған екен. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Қанайұлы өзі ұсыныс жасап, фестиваль құрамына енгіздіртті. Сол үшін қауымдастық атынан жүлде де тағайындалды, – деді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.

 

Сонымен 11 спортшы әуелі «корей» стилі бойынша сынға түсті. Екі айналымда барлығы 10 ұпай жинаған нұр-сұлтандық Нұрлан Жолдасбаев ұтса, екінші-үшінші орынды нұр-сұлтандық Диас Ахметов пен Аршалы ауданының сұрмергені Мұрат Досымбаев өзара бөлісті.

Ал «қазақ» стилінде жалпы ұпай саны бойынша Диас Ахметов топ жарса, көкшетаулық Әділ Азбаев пен тағы бір нұр-сұлтандық Нұрлан Жолдасбаев екінші-үшінші орынға тұрақтады.

Жалпы Жамбы ату спортында шешуші тур – «қазақ» стилі болады. Осы жолғы сайыста да солай болды.

1-орын – Диас Ахметов (Нұр-Сұлтан қаласы) – 100 000 тг

2-орын – Нұрлан Жолдасбаев (Нұр-Сұлтан қаласы) – 50 000 тг

3-орын – Әділ Азбаев (Көкшетау қаласы, Красный Яр) – 30 000 тг

Жамбы ату спортынан соң фестивальдің көкпар ойынының финалдық кездесуі және 7 шақырымдық бәйге өтті.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары