Ақтауда «Ақ бидай» басталды

Ақтау қаласында «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарының ресми ашылуы өтті.

Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Біз білетін көп спортшының ауылдан шыққан белгілі. Ауыл – дарынды, шымыр спортшылар мен бұқаралық спорттың түп тамыры. Осы орайда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Ақ бидай» тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Бүгінде бұл бағытта бірқатар бағдарлама қолға алынып, іске асырылып жатыр,-деді Бекболат Байжанов.

Облыс командаларының шеруінен кейін іс-шара концертке ұласты. Ойындарға еліміздің 14 облысынан келген 2000-нан астам спортшы қатысып жатыр. Өңір командалары спорттың 14 түрінен: теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен жүлдеге таласып жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту Қазақстан халқының денсаулығын жақсартып, рухани күш беретінін және ел дамуының бағдарламалық құжаттарында көрсетілген межелерге жетуге көмектесетінін бірнеше рет атап өтті. Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұқаралық спортты дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Біздің міндетіміз – тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, қолжетімді спорт ортасын құру үшін барынша күш салу – деді Нұрлан Ноғаев.

Салауатты өмір салтын насихаттау, халық арасында ұлттық және бұқаралық спортты дамыту мақсатында төрт жылда бір рет өткізілетін ойындарда тек әуесқойлар бақ сынайды. Естеріңізге сала кетейік, ауыл спорты ойындары 11 қазан мен 20 қазан аралығында өтеді.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары