Көкпар

ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ КСРО ЧЕМПИОНДАРЫ

 

Жуырда ғана қолымызға тиген 1984-1990 жылдардағы ат спорты ойындарынан Бүкілодақтық жарыс  бағдарламасының ішінде бізді қатты қызықтырғаны көкпар туралы деректер. Бүгін осы спорт түрінен кімдердің Бүкілодақтық жарысқа қатысқаны жайлы жазбаларды аздаған сараптамалық пікірімізбен бірге назарға ұсынбақпыз. Сонымен, КСРО чемпиондары қатарында кімдер бар да, кімдер жоқ?

         Мына фотосурет 1980 жылы Алматы қаласында ХХІІІ рет өткен Бүкілодақтық жарыста тұңғыш чемпион болған Қазақ ССР-і құрама командасының ҚазМУ-дің студентерімен кездесуі кезінде түсіріліпті. Қазақ көкпар командасы осы жылдан бастап Бүкілодақтық жарыста кілең жеңімпаз атанып, қатарынан ІХ дүркін чемпион болған.

Суретте: 1980 жылы Алматыда өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарында тұңғыш рет КСРО чемпионы атанған қазақ көкпаршылары ҚазМУ студенттерімен бірге. Оңнан солға қарай: Үсен Сариев, Тойлақ Бижанов, Оразқожа Сейдахметов, Төлеш Шырынқұлов, Әбілхан Дауылбаев, Саттархан Абдалиев. 

Анықтай қарасаңыз, осы фотосуреттегі қазақ көкпаршыларының  барлығы иығына «Көкпардан СССР чемпионы» деген жазуы бар ленталар таққан. Сол кезеңдегі хоккейшілер бас киімін киген. Өткен жазбамызда айттық, «Колхоз, совхоз және жылқы зауыдтары шабандоздарының Бүкілодақтық жарысы» кезінде КСРО чемпионатымен теңестіріліп, осы жарыс жеңімпаздарына КСРО чемпионы, КСРО спорт шебері атақтары берілген» деп. Мына көкпаршылар иығындағы лентадағы «СССР чемпионы» сол сөзіміздің бір дәлелі. Себебі, ол кезеңде  тәртіп қатаң. Егер «СССР чемпионы»  лентасын спорт басшылығынан арнайы рұқсат берілмесе, ешкімнің оны өз қалауымен тағып жүретін құқығы жоқ.

Біз ат спорты ойындарынан КСРО чемпионаты атап жүрген, ал, ресми атауы «Колхоз, совхоз және жылқы зауыдтары шабандоздарының Бүкілодақтық жарысы» делінетін бәсекеде командалық көкпардың ойналуы  алпысыншы жылдардан басталған. Бұған дәлеліміз, Түркістан өңіріндегі Қазығұрт ауданының тұрғыны, кезіндегі әйгілі көкпаршының бірі Пашаұлы Әли қарияның айтқаны.

Суретте: әйгілі көкпаршы, 1962-1970 жылдар арасында КСРО чемпионатында үш дүркін жүлдегер атанған Әли Пашаұлы.

Сексен үштегі қария баспасөзге жарияланған өз сөзінде: «Ұлты күрді, әкем шопан болған. Өзім де ұзақ жыл қой бақтым. Жиырма үш жасымда үлкен көкпарда алғаш рет салым салдым. Сол сәт әлі күнге көз алдымда. 1962 жылдан бастап үш жыл қатарынан  Қырғызстанда, Пятигорскіде өткен Одақ біріншілігіне қатыстым. Пятигорскіде бір рет,  Қырғызстанда екі рет. Командамыздың капитаны Шәймек Исаев болатын» дейді.

Бірақ, Қазақ көкпар командасы 1980 жылға дейін жеңімпаздық тұғырға қол жеткізбеген. Әли қария да өзінің үш мәрте жүлдегер ғана болғанын айтады.

Ал енді баршамызды қызықтырған жарыс бағдарламаларына келейік. Алты кітапша бар дедік. Барлық бағдарламада жарысқа қатысушылардың аты-жөні, тіпті, мінген аттарының есімдері қоса жазылған. Яғни, сол тұста әр республика көкпаршылары чемпионатқа өз аттарын алып баратын болған.

Әңгімемізді жоғарыдағы фотосуреттен тегін бастағанымыз жоқ. Ол фотосурет 1980 жылғы жарысқа кімдердің қатысқанына айқын дәлел. Енді біз бүгін мына алты бағдарламадағы көкпаршылар есімдерін  фотосурет қалпында жариялаймыз. Сонда 1980-1990 жылдар аралығында өткен 7 КСРО чемпионатына кімдердің қатарынан қатысқанын  көзіқарақты оқырманның өзі-ақ пайымдай алады. Қазақ командасының бас-аяғы 9 чемпионатта жеңімпаз болғанын есте ұстайық…

*****

*****

*****

*****

*****

Енді мына төмендегі фотосуреттерді тамашалап көрелік.  КСРО чемпионы атанған, «ай-хай, жиырма бестің» төңірегіндегі  жап-жас көкпаршы жігіттердің фотосуреттері мен бүгін ортамызда жүрген қарт көкпаршылардың қолымызда бар фотосуреттерін қатарластыра жарияладық. Зуылдап өткен көп жылдардан бұл суреттер де терең сыр шертіп тұр емес пе…

Атақты көкпаршы Әбілхан Дауылбаев – КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы.

Ардагер көкпаршы Шымырбай Әуезбаев – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Ардагер көкпаршы Тұрнияз Әбілбеков – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Ардагер көкпаршы Саттархан Абдалиев – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Ардагер көкпаршы Тойлыбай (Тойлақ) Бижанов – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Ардагер көкпаршы Төлеш Шырынқұлов – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы. Төлеш көкпаршының баласы Шырынқұлов Бақтыбай Төлешұлы командалық көкпарда Азия чемпионы (2013), Әлем чемпионы (2017), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды.

Ардагер көкпаршы Үсен Сариев – КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Сөз соңын, Түркістан өңіріндегі осы ардагер  көкпаршылар мерейінің аспандай беруіне қалың оқырман атынан тілектестік білдірумен аяқталық. «Қарттарым аман-сау жүрші…»

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары