Ел ішінде

Қостанайда бәйге өтті (ФОТО)

Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында Қостанай тұқымы жылқыларының ат жарысы өтті.

Қостанай облысының кубогы сарапқа салынған желмен жарысып, аузымен құс тістеген сәйгүліктердің жарысы жас ерекшеліктеріне байланысты 1200, 2000, 7000 және 20 000 метр қашықтыққа бөлінді. Бұл жарыста алдын ала бекітілген ержеге сәйкес арғымақ баптап, аламанға ат қосқандар үшін талап күшейгенін айта кеткен жөн. Жарысқа баптаған арғымақтар күні бұрын допинг бақылаудан өткен болатын. Қолға алынып жатқан бұл талаптар бәйгенің әділ, ашық, әрі таза өтуіне жол ашады дейді ұйымдастырушылар.

Қостанайда өткен тұлпарлардың бәйгесіне Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай да қатысып, өз бағасын берді.

Ат бәйгесі – қазақ даласында ертеден жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі. Бұл күнде қанатын кеңге жайып бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Бірақ, бір өкініштісі соңғы жылдары осы Қостанай жылқысы мен сол тұқымнан будандастырылған арғымақтардың жарыстары тоқтап қалған болатын. Биылғы өтіп жатқан бәйгелерден көріп отырғандарыңыздай сол тоқтап қалған жарыстарды қайта қолға алдық. Өйткені, тарихқа зер салсақ еліміздің ат спорты саласында бүкіл әлемдік және кеңестік жарыстар мен көрмелерді атағы жер жарып, елімізді танытқан осы Қостанай жылқысы болатын. Осыдан бір ай бұрын осы жерде ат спортының маусымын ашып төрт түрлі бәйге өткізсек, бүгінде сол төрт түрлі бәйге өткізіп, облыс кубогін сарапқа салып жатырмыз. Жыл соңына дейін тағы он беске жуық бәйге түрінен төрт жарыс өтеді. Оның екеуі Қостанайда, қалғандары Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, – дейді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай

Аламанның шымылдығын 1200 м қашықтықтағы атақты сәйгүлік «Билетер» жүлдесіне таласқан құнандардың ұшқыр бәйгесі ашты.

Онда бірінші орынды Ақмола облысынан Сейсенбек Қабайұлының «Рибек» есімді арғымақты тізгіндеген шабандоз Ескендір Белдібаев иеленсе, 2 орын Заречный ауылынан Ғанибек Қыпшпебаевтың «Коржик» атты арғымағын тақымдаған Абылайхан Садымановқа бұйырды. Қостанай жылқы зауыты «Қазақ тұлпарының» зауытының «Руханият» атты арғымағымен Берік Қадылбеков есімді шабандоз мәре сызығын 3-ші болып кесіп өтті.

Ал, 2000 м қашықтық атақты «Нарта» атты биенің жүлдесі үшін таласта жоғары дәрежеде өтті. Сонымен бұл қашықтықта жүлдеге ілінгендер төмендегідей 1-орын «Тахмина» атты арғымақ шабандозы Рамазан Хусаинов ат иесі Қадырбек Тоқмурзин Жітіқара ауданы. 2-орын «Абсент» атты арғымақ шабандозы Михаил Никонов ат иесі Төлеген Түлкібаев Бейімбет Майлин ауданы. 3-орын «Фандера» атты тұлпаршабандозы Берік Кадылбеков, ат иесі «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауыты.

7000 м қашықтық «Форт» арғымақтың жүлдесі үшін жарыста жеңімпаздар келесідегідей 1-орын «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауыты «Патриот» атты арғымағына шабандоз болған  Шынтас Серікбай алса, 2-орынды алған шабандоз Асқар Туребаевтың тақымындағы «Гүлсара» арғымағы ат иесі Қадырбек Токмурзин Жітіқара ауданы. 3-орынды Қамысты ауданынан Жанна Жүсіпованың үкілеп бәйгеге қосқан «Бонус» атты арғымағымен шапқан шабандоз Нұрасыл Ахметов иеленді.

Бәйгенің ең маңызды бөлімі ол 20 шақырымдық «Аламан бәйге» болды десек қателеспейміз. Аламанға басында қатысуға тілек білдіргендердің саны 14 арғымақ болатын. Солардың арасынан қатарынан қара үзіп, құйрық тістесіп келгендердің алғашқы легі жүлделі орындарға ие болды.

Сонымен алманда 1-орынға ие болып Қостанай облысының кубогін қанжығасына байлаған Қарағанды облысының Нұра кентінен ат терлетіп келген Мұрат Исмағамбетовтың «Риба» арғымағын ауыздықтаған шабандоз Нұрислам Ораз иеленді. 2-орын Ақтөбе облысы, Хромтау қаласының тұрғыны Мадияр Төлеповтың «Спартак» атымен шапқан Шынтас Серікбайға бұйырды. 3-орын «Қостанай тұлпары» ЖШС Наурызым ауданы Ернар Омаровтың «Гектор» атты атымен шапқан Хайрум Асанов қанжығасына байлады.

Осы орайда біз «Аламан бәйгеде» бабы мен бағы қатар жауып, аты бәйгелі болған Мұрат Исмағамбетовтің пікірін білген едік.

Жалпы Қостанай жері – біз үшін құт мекен. Өзімнің арғы аталарым Қостанайдың Әулиекөл ауданынан. Бұл біздің осы арадан алып тұрған алғашқы бәйгеміз емес. 2017 жылы бағымыз жанып, осы арадан жол талғамайтын көлікпен қайтқан болатынбыз. Биыл да атымыз бәйгелі болып жатыр. Бұл бастамасы деп ойлаймын. Сәтін салса алда әлі талай биіктерді бағындыратынымызға сенімім мол, – дейді жарыс жеңімпазы Мұрат Исмағамбетов.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары