Ел іші

ОҢЛАСЫН АТБЕГІ

 

 

САТЫБАЛДЫҰЛЫ Оңласын – 1940 жылы Алматы облысы,  Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында дүниеге келген. Жетісу өңіріне есімі мәлім қарт атбегілердің бірі.  

           Оңласын Сатыбалдыұлы бала күнінен жүйрік атқа құмар болып, ауыл, аудан көлемінде ғана емес, Алматы қаласы ипподромындағы жарыстарда шабандоздық өнер көрсеткен. Алматы ипподромында өткен 1958 жылғы аламан бәйгеде Оңласын шабандоз «Әбіқайторы» атты жүйрікпен бас жүлдені олжалады.

Саналы ғұмырын асыл тұқымды жылқы бағумен өткізген тәжірибелі атбегі, кәнігі шабандоз Оңласын Сатыбалдыұлы  55 жасында Қырғызстан респубикасы ұйымдастырған ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгеге қатысты (1995 ж). «Манас» эпосының 1 000 жылдығы құрметіне арналған бұл аламан бәйгенің қашықтығы  бір мың шақырымдық. Әр шабандоз қос атпен бақ сынаған көп күндік аламан бәйге Түркіменстан астанасы Ашхабадтан басталған.

Жетісу өңіріне есімдері әйгілі Əбіқай Жапаров, Нəркен Қалыбеков сынды атақты атбегілерді ұстаз тұтқан Оңласын атбегі ширек ғасыр ішінде Қарлығаш, Елік, Шағала, Сүлікқара, Сұңқар, Нарбота, Кербота, Көктай, Сарытай, Басбатыр, Жібек, Геркулес, Ақтанау, Дараторы, Ботакөз, Тасқара, Берікқара сияқты сәйгүліктерді баптап, көптеген респубикалық аламан бәйгелердің бас жүлделерін ұтты. Қарт атбегінің мәлімдеуінше жиырма жылдан астам уақыт аралығында орта есеппен бас бәйгеге тігілген 60-қа жуық автокөлікті олжалапты.

Қазіргі кезде Алматы өңіріндегі Арықбаев Берік, Нұрбаев Ғалымжан, Қалыбеков Айдос, Құттыбай Жандос, Сатыбалды Ертілеу сынды жас бапкерлер Оңласын атбегінің тəлім-тəрбиесін, жүйрік баптаудың қыр-сырын үйренуде. Бұл күнде қарт атбегі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сұңқар ауылында тұрады.

 Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары