«НЫСАНА» БӘСЕКЕСІ АЯҚТАЛДЫ

 

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі «Балқарағай» демалыс кешенінде БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі садақ атудан «Нысана» спорттық-сауықтыру бәсекесі өз мәресіне жетті.

         «Нысана» бәсекесі басталар алдында қатысушыларға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай: «Дәстүрлі садақ ату халқымыздың тарихи жадында сақталған спорт түрі. Жарысты өткізудегі басты мақсатымыз– жұртшылыққа БАҚ өкілдері арқылы ұлттық спорт түрін насихаттау. Дәстүрлі садақ ату спортының бұқаралық сипат алуына үлес қосу. Алдағы уақытта садақ атуға қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Бұл жарысты тек БАҚ өкілдері арасында емес, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті дәрігерлер мен мұғалімдер арасында да өткізсек дейміз. Соның алғашқы қадамы бүгін басталды», деп, ұйымдастырылған жарыстың мақсат-міндетін қысқаша айтып өтті.

 

Республикалық БАҚ өкілдері арасында өткен жарыстың алғашқы кезеңінде тәжірибелі мамандар садақ ату спортының ережелерімен таныстырып, қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Журналистер алған мәліметтерін тәжірибеде шыңдап, дайындықтан өтті. Жарыстың екінші бөлігінде қатысушылар жеребе тастап екіге бөлініп, өзара тартысқа түсті. Нысанаға дәл тигізу бойынша ең жоғарғы ұпай жинаған 3 қатысушы үздік деп танылды. Одан бөлек ұпайы ең жоғары деген қатысушылар да таңдалып алынып, қаржылай сыйлықпен және арнайы дипломдармен марапатталды.

1 орын –Талғат Әбдіқожаев («Хабар24» телеарнасы)

2 орын – Ержан Жаубай (BAQ.kz ақпараттық агенттігі)

3 орын – Сәкен Сейітханұлы («Хабар» телеарнасы)

Айта кетейік, жарысты ұйымдастырушы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы. Ал бәсекенің Бас серіктестігі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» қоры АҚ.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары