«NUR-SULTAN ETHNO FEST» МЕРЕКЕСІНІҢ ҚОС ШАРАСЫ

 

Бүгін 31 мамыр мен 2 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өтетін «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесіне байланысты қос шара ұйымдастырылды.

            Алдымен Елордадағы «Хан Шатыр» кешені маңында орналасқан этно-қалашықта ​Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайдың қатысуымен арнайы баспасөз туры өтті. Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне  ертең басталатын этно-фестиваль туралы толық ақпараттар берілді. Сонымен қатар,  журналистер этно-қалашықты толық аралап көріп, шетелдік мергендермен сұхбаттасып, тұңғыш «Алтын жебе» Әлем чемпионатына қатысушы спортшылардың дайындық-жаттығуларын  тамашалады.

Суретте: ​Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай: «Біз осындай үлкен форматтағы шараны,  яғни, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында Жамбы атудан І Әлем чемпионаты мен ұлттық дәстүр, ұлттық ойын, ұлттық салттың басын біріктірген шараны қаланың ортасында өткізуіміз бірінші рет. Осы жолы қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық дүниелермен, ұлттық ойындармен, ұлттық спортпен етене жақын танысуға үлкен мүмкіндік алды.

Екіншіден, осы жобаны іске асыру барысында біз бұл шараның ұзақ мерзімді және әлеуметтік тарабын көбірек назарға алдық. Мысалы, осы шарадан кейін біз фестивальға арнап жасалған балалар аттракциондарын, атап айтқанда балалар алтыбақаны, балалар киіз үйі, құрық тастау ойынының құралдары, сияқты этно-жабдықтарды қалаға сыйға тартамыз. Бұл дүниелер тек фестиваль аясында ғана емес, кейін де ел игілігіне жұмыс жасауы тиіс.

Суретте: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай

Сондай-ақ, осы фестивальде біз қала әкімдігіне әрқайсысы жүз қоржыннан тұратын, жиыны 5 мың асықты сыйға тартамыз. Ондағы мақсатымыз, қала мектептері   мен аула клубтарына ұлттық ойынымыздың элементі болған осы асық кеңінен таралып, жыл бойы аула-аулада, мектеп-мектепте асық ойыны ойналса дейміз»  – деп бұл мерекеде ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құратынын баса айтты.

Одан соң «Думан» қонақ үйінің мәжіліс залында БАҚ өкілдері «Алтын жебе» І Әлем чемпионатына қатысатын спортшылардың мандат комиссиясынан өткеніне куә болды. Бұл Дүниежүзілік мергендер сайысына он беске жуық мемлекеттің отызға тарта мергені қатысатыны мәлімделді. Атап айтқанда, Қазақстан, АҚШ, Венгрия, Румыния, Корея, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Иран, Украина, Моңғолия, Болгария, Сирия елдерінің ең үздік мергендері  1-2 маусым күндері «Хан Шатыр» кешені маңындағы этно-қалашықта ат үстінен садақ ату бойынша  бақ сынайды. І Әлем чемпионатының мергендік бәсекелері «Азия стилі», «Түрік стилі» және «Қазақ стилінің» ережелері бойынша өткізіледі.

Суретте: Жамбы атудан ҚР Ұлттық құрама командасының бапкері, айтулы мерген Елдос Бадашев.

Чемпионаттың бас төрешісі – Ром Әуесхан (Моңғолия). Бас төрешінің орынбасары – Ким Ианг Сап (Корея) пен Қуанышбек Құрамаев (Қазақстан). Ал, І Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 4 000 000 теңгені құрайды.

Еске салып өтсек, 2017 жылы және 2018 жылы ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турниріне Венгрия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Малайзия, Түркия, Монғолия, Ресей, Румыния, Польша сынды оннан астам елдің әйгілі мергендері қатысқан болатын. «Алтын жебе» турнирінің  бас жүлдесі екі жыл қатарынан румыниялық сұрмерген Михай Козмейге бұйырды. Ал, турнирдің күміс, қола жүлделерін Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбековтер иеленді.

Жамбы атудан І Әлем чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары