Ел ішінде

NIS. Тоғызқұмалақ. Жеңіс – зият пен дәстүр ойнаған кезде келеді

Тоғызқұмалақтан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желілік спартакиадасында түрлі жас санаттары бойынша Талдықорған, Орал және Қызылорда қалаларындағы NIS құрама командалары чемпион атанды.

Дәстүрлі турнир екінші жыл қашықтан өткізілуде, алайда онлайн формат мектеп оқушыларының ең танымал ұлттық ойынға деген қызығушылығының жоғары екенін растайды.

Әділ қазылар алқасының құрамында елімізде аты шыққан тоғызқұмалақ виртуоздары: республикалық федерацияның вице-президенті Махсат Шотаев, Орал қалалық спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімі жаттықтырушысы Бауыржан Шурин, сондай-ақ тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсаинов болды.

Ұлттық интеллектуалдық ойынға NIS-тің жүзге жуық оқушысы қатысып, білімдері мен тәжірибелерін шыңдады. Ал жарыста бағын алғаш рет сынаған зияткерлер үшін бәсеке жаңа серпіліс пен жігер сыйлады – Ақтаудағы Зияткерлік мектептің 7-сынып оқушысы Азамат Алтынбек үздік ондықтың қатарына енгенін қуана жеткізді:

Спартакиадаға бірінші рет қатысып тұрмын, 7 тур бойы сайысқа түсіп, өз мүмкіндігім мен білімімді ортаға салдым. Қазіргі уақытта мен үшін тәжірибе жинау өте маңызды. Үздік ондықтың қатарында болғаныма қуанып тұрмын, алдағы уақытта жеңіске жететініме сенемін!

Тоғызқұмалақ ойынын екі жылдан бері жанына серік еткен Өскемендегі NIS оқушысы Дариға Мамырбекова болашақта қарсыласының көзіне тіке қарап ойнауға ниетті:

Онлайн ойнаған, әрине, қызықты әрі жаңашыл үрдіс, дегенмен бәсекелесіңе қарама-қарсы отырып ойнаған мүлде бөлек эмоция сыйлайды, жарыстың тартысты өтуіне ықпал етеді, – дейді жас споршы.

Тоғызқұмалақ ойынын 8 жасынан бастап меңгеріп, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып жүрген тағы бір өскемендік ойыншы Нұрбол Бейсенбай өз тәжірибесімен бөлісті:

Бұл спорт түрін толық үйрену кез келген адамға бұйыра бермейді, айла-амалдармен қатар, ойынның өзін түсініп, сезіну үшін жарты жылдан астам уақыт кетуі мүмкін, алайда нәтижесі өмірлік азыққа айналатын айтқым келеді.

Үш жылдан бері желілік олимпиада қатысушысы Әлібек Тұрғанбаев былтыр үздік үштік қатарында болған. Ақтөбелік оқушы мектеп қабырғасында тоғызқұмалақ үйірмесінің жұмыс жасайтынына өте қуанады. Ал  Көкшетаудағы зияткерлік мектептің қатысушысы Бұрханбай Бақтыберді NIS-тің тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығын арттырғанын жасырмайды:

Тоғызқұмалақ ойынын 6-сыныпта үйренсем де, кейін ұмытылып қалды, алайда қазақ халқының салт-дәстүрлеріне негізделген ақыл-ой ойынын Назарбаев Зияткерлік мектептері жаңғыртуда, мен де осы мақсатта тоғызқұмалақ ойнауды биыл қайта қолға алдым.

Жеке есепте ер және қыз балалар арасында жас ерекшеліктеріне қарай үш топта өнер көрсеткен Ажар Сарсенбай, Алинур Мұратов, Данара Аташбек, Абылай Маметан, Жұлдызай Мұңайтбасова және Ерасыл Қажатұллы спартакиаданың марапат мәретұғырынан көрінді.

Қазылар алқасының төрағасы Махсат Шотаев Зияткерлік мектептерде тоғызқұмалақтан жас шеберлер тобының жыл санап артып келе жатқанын атап, жеңіс зият мен дәстүр ойнаған кезде келетінін жеткізді.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары