Notice: Undefined offset: 0 in /var/www/vhosts/etnosport.kz/ethnosport.kz/wp-content/themes/ethnosport/single.php on line 19

НӘШКЕН КӨКПАРШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

 

Бұл Алматы өңіріндегі Дегерес ауылында абыз ақсақалдан естіген көл-көсір  әңгіменің бір пұшпағы ғана. Бір кештің өзінде жас кезінде көкпар додасының бел ортасында жүрген, аударыспақтың бәсекесінде сан мәрте жеңімпаз атанған Нәшкен ата көкпар, аударыспақ  туралы, атақты атбегі туралы талай  қызықты  оқиғаларды айтып беріп еді. Сол әңгімелердің бір үзігін жариялаудың сәті бүгін түсті.

«САҒЫЗДАЙ СОЗЫЛАТЫН КӨКПАРШЫ ЕДІК…»

 «Жас кезімде көкпар десе дүниенің барлығын ұмытып, қалың додаға көзді жұмып кіріп кете беруші едім ғой, – дейді Нәшкен ата.   – Мұндайда астыңдағы атың мықты болса құдайдың бергені. Ортада керіліп тұрған серкенің тұсына  қас-қаққанша жетіп барасың. Өзі жүйрік, өзі дода бұзғыш ат тапқан көкпаршыда арман бар ма? Сондай бір жылқы сонау бір жылы қолыма түсіп-ақ еді. Әттең не керек, құмардан шығып міне алмадым.

Ат емес, байтал еді. Бірақ, сол құлабайталдың тұрқы, күші, естілігі анау-мынау айғырыңнан артық еді-ау. Түр-түсі сарыға жақын болған соң ба, оны «Сарыбайтал» атап кеттік.  Сарыбайталды қолға түсіруімнің өзі жеке хикая. Оны мен ғана емес, көкпаршы Оразымбет аға да додаға салған. Кейін сол кісі айтты, мына сарыбайталың өр мен қырға бірдей шабады. Ана ауылдың іргесінен серкені алып қашқаннан өрлетіп  отырып Жетіанбай шоқысына бірақ шықтым ғой. Қалың көкпаршы қарамды көрмей қалды» дейді. Айтып отырған аралық кемінде жиырма-отыз шақырымдай жер.

Ол кезде жайлауда екі күннің бірінде көкпар. Сол күні Сарыбайталды аяңдатып қайтайын деп ерттеп мініп шыққаным сол еді, анадай жердегі қырдың астында қырғын көкпар, шаңы аспанға шығып жатыр. Әй-шәй жоқ, тура тарттым. Бара салысымен серкеге қолым ілікті. Жаспыз. Лып еткізіп тақымға бастым.

Егер алып қашқан әккі көкпаршы болса, серкені сенің қолыңды тигізбеу үшін төбені бөктерлей шабады. Ең қиыны осы. Төбе жағына шықсаң, ол төменде, мүлде маңайлай алмайсың. Ал, етек жағынан шапсаң серкені арғы жақ тақымға баса қояды. Қай жағынан шықсаң да қолайсыз. Ол кезде сағыздай созылатын кезіміз, серке басқан көкпаршының етек жағынан жанай шауып, әлгінің атының бауырынан қолымызды өткізіп барып, арғы тақымдағы  серкені жұла тартушы едік қой.

Содан не керек, әне-міне дегенше жұрттан қара үзіп кеткем. Сөйтіп, Ашшықайнарға қарай асатын үлкен төбені қапталда аңыратып келе жатқанымды мына Оңласын деген жирен жүйрігімен сап ете түсті ғой. Оңласынды көре салысымен серкені төбе жақ тақымға тарс басып, бұдан қалай құтылам деп ойлап үлгергенім жоқ, әлгі неме ағызып келген бетте арттан кеп кеуделеп ұрды ғой. Байталым бір жаққа, өзім бір жаққа мұрттай ұштық. Серкені тартыспай алғанына ыза болып, «Ой, әкеңнің» деп бір сыпырттым. «Нәшеке, Нәшеке,  не болды-ау?» деп сақ-сақ күліп, серкені алып Оңласын кетті құйғытып. Байталымды «әке-көкелеп» зорға тұрғызып алдым. Үшкір тас кеудесін сойып түсіпті. Сөйтіп, байталымды жетелеп, түн ортасында үйге зорға жеттім ғой. Әне, несін айтасың, сол бір керемет байталдан тұқым да ала алмай арманда қалдық қой».

ЖҮЙРІКТІҢ ІШІН КӨРЕТІН ЖАППАР АТБЕГІ

«…Осы Дегересте Сәбеттің кезінде талай рет Мәскеудегі, Грузиядағы жарыстарға ат апарған Әбіқай Жапаров деген әйгілі атбегі болды.  Жетпісінші жылдардың тұсында «Әбіқайторының», «Ботакердің » атағы дүркіреп тұрды. Әбіқайдың жүйріктері Кеңес одағындағы ат жарысында көп жыл бәйгенің алдын бермей жүрді ғой. Осы күні ойлап отырсам, Әбіқай ағамның сондай жүйрік ұстамайтын жөні жоқ екен ғой.

Суретте: Әбіқай атбегі отбасымен. Зайыбы Мақтай және Кеңесбай Әбіқайұлы. 

Бірде, жайлауда отырған Әбіқай ағамды іздеп бара қалдым. Әбекеңмен әңгімелесейін, жасы тоқсаннан асып отырған Жапар ақсақалға сәлем берейін деген ой. Астымда мына жылқы зауыты «бракқа» шығарған «Ботатірсек»  деген жүйрік. Аяғы кеткен, жай мінгенге болмаса, сол кезде үлкен шабысқа жарамсыз болып қалған ат қой. Бірақ, артқы аяғы ботаның аяғы сияқты маймиып қалған, бұты ерекше талтақ болатын. Оның «Ботатірсек» атануы да содан. Атымды мамағашқа байлай салып, үйге кірдім. Екеуі де үйде. Қымыз ішіп, бірталай уақыт әңгімелесіп отырғанбыз. Әлден соң Жапар ата құманын алып, сыртқа шығып кеткен. Бір кезде өзі дауысы зор адамның:  «пай, пай, жануар-ай! Ойпырмай-Ә! Мұндай да жылқы туады екен-ау. Пах, шіркіннің тұлғасын-ай!» деп күркіреген дауысы шықты. Бұл кісі неге таңданды деп сыртқа жүгіре шықсақ, Жапар ата «Ботатірсекті» айнала қарап, тамсанып жүр. Маған қарап:

  • Әй, балам, мынау ат қайдан келген? – дейді.
  • Зауыттікі ғой, ата. Аяғы кеткен ат.
  • Аяғын көріп тұрмын. Атың жуас па?
  • Жуас, ата, жуас.

Сонда менің «Жуас» деген сөзімді ести сала Жапар атам «Ботатірсектің» құйрығын көтеріп, талтақ бұтының арасына еңкейіп кіріп, басын шалқайта бұрып тұра қалды. Әлі тұр, әлі тұр. «Ау, ата-ау, сонша не қарап тұрсыз? Мұныңыз не?» десем, Жапар атам асықпай шегініп шығып алып, «Ботатірсектің» сауырын аялай сипап тұрып: «Мынадай да жүйрік туады екен-ау! Мынауың егер аяғы кетпесе, тірісінде алдына қара салмайтын, нағыз жүйрік қой. Ана белді қара, мына майысқан артқы аяқты қара. Өмірімде мына сияқты сүйегі ерекше біткен жылқыны көріп тұрғаным осы. Әттең не керек, көзім кетіңкіреп қалған екен. Әлгіндей аттың бұтының арасынан еңкейіп қарнына қарағанымда малдың ішін көруші едім ғой. Мына аттың да ішін көріп, сендерге айтып берем бе деп едім, не керек, көз шіркін жетпей қойды ғой» деп, жасы тоқсаннан асқан Жапар атам өкіне басын шайқап тұр.

Суретте: 1970 жылдары Мәскеу, Тибилисиде өткен Бүкілодақтық бәйгелерде бірнеше жыл қатарынан ат оздырған Жапаров Әбіқай атбегі атақты жүйрік «Ботакермен». 

Міне көрдіңіздер ме, қазақтың атбегілері қандай болған? Әкесі осындай болғанда Әбіқай атбегінің жүйрік ұстап, кеңес одағының жарысында ат оздырмайтын жөні жоқ емес пе?» дейді Нәшкен ата.

Нәшкен атадан естіген ұзақ әңгіме ішінен кертіп алып,  осы екі оқиғаны оқырман назарына ықшамдай ұсындық. Тыңдай білсек, бағамдай білсек, қазына кеуде қарттарымыз айтар әңгіме ұшан-теңіз екен ғой…

***

             

      Нәшкен ата – Нәшірбек ӘБДІҒАЗИЕВ – 1936 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жаманты ауылында туған. Ұзынағаш  өңіріне есімі танымал көкпаршы, аударыспақшы.

Қарт көкпаршы Нәшірбек Әбдіғазыұлы кезінде ауыл, аудандық мерекелерде аударыспақ жекпе-жегінде, көкпар додасында ел көзіне түсіп, балуан атанған.  Сонымен қатар, жүйрік баптап, атбегілік өнерді де жетік меңгерген. Балуанның ұлы Айтбай Нәшірбекұлы әке жолын қуып, бірнеше жыл аудан көлеміндегі көкпардың бел ортасында жүрді. Қазіргі кезде 82 жастағы Нәшірбек балуан Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында тұрады.  

Төлеген ЖӘКІТАЙ   

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары