Ел іші

НӘРКЕН  АТБЕГІНІҢ АСЫ ӨТТІ

 

Қазақ атбегілік  өнерінің қара нары – Нәркен ақсақал дүниеден озғалы бір жыл зулап өтті. Өткен жылғы қыркүйекте ғана Астанаға келіп,  «Алтын тұлпарда» шабандоздарға бата берген, 85 жасқа толған құрметіне Ұлттық спорт қауымдастығы  жайған дастархан басында арқа-жарқа болып отырған Нәркен атамыз арада ай өтер-өтпесте бақи дүниеге аттанып кетті. Міне, енді жыл өткенде бабалар дәстүрімен ат шаптырылып, Нәркен атбегінің асы берілді.

        Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Дегерес» ауылы – атақты атбегі Нәркен Қалыбековтың қара шаңырағы тұрған ауыл. Осы ауылдың іргесінде 13 қазан күні бірнеше ат бәйгесі өтті. Ауызекі тілде «Бата-оқыр» аталып кеткен бұл ат бәйгесі – Жетісу өңірінде ертеден қалыптасқан дәстүр. Екінің біріне емес, елге сыйлы кісінің асы берілер күні қысқа қашықтыққа бірнеше мәрте ат жарысын ұйымдастырып, жүлделі орындарға бағалы сыйлықтар тігеді.

Бүтін ғұмырын жылқы шаруашылығы саласында өткізген, кезінде небір сәйгүлікті бабына келтіре жаратып, одақтың он  бес республикасы арасында өткен аламан бәйгеде ат оздырып, мерейі аспандаған, есімі елге мәшһүр  Нәркен атбегінің асында «Бата-оқыр» бәйгесі бәс мәрте өткізілді. Үш аламан, бір құнан, бір тай бәйгесі тамашаланып, озып келгендерге тана бастатқан жүлделер үлестірілді.

14 қазан күні Жамбыл ауданының «Көкбастау» ауылындағы ипподромда атбегі Нәркен Қалыбеков құрметіне 31 шақырымдық аламан бәйге, қысқа қашықтықта құнан бәйге ұйымдастырылды. Бәйгені негізгі ұйымдастырушылар Ертілеу Сатыбалдиевтің, Орынтай  Әмірғалиевтің  айтуынша  «атбегі Нәркен Қалыбеков есімі ел есінде қалуға тиіс. Болашақта даңқты атбегі құрметіне республикалық деңгейдегі ат жарыстарын ұйымдастыруға күш салмақпыз. Көкбастаудағы биылғы бәйге сол алдағы ірі аламан бәйгенің басы деп есептейміз» дейді.

Иә,  Нәркен атамыздың әңгімесін өз құлағымызбен естіп, қажырлы еңбектеріне тәнті болғанымыз былтыр ғана еді ғой. Әлі жадымызда тұр. Мына әңгімелердің өзінен-ақ, атақты атбегінің тұлғасы танылып тұрғандай. Әңгімесі жүйелі ақсақал сонда: «1965 жылдан жылқы асылдандыру саласында еңбек еттім. Сол еңбектің арқасында «Ленин» орденіне де, «Еңбек қызыл ту» орденіне де ие болдық.

           1968-1972 жылдар аралығында осы Дегересте жылқы зауытын ашуды ойластырдық. Бұрын «Дегерес» деген жылқы фермасы бар еді. Сөйтіп, Министрліктегі жігіттермен байланысып, Мәскеудің жылқы зауытымен бірлесіп, ауылда жылқы зауытын аштық. Зауыт ашылған соң біз бірден Мәскеудің қарамағына өттік. Селекция арқылы жылқының 10 тұқымын өсірдік. 2000 жылқы болды. Осы зауытымызға Қонаев үш рет ат басын бұрды. Алғаш рет 1980 жылы келіп, жылқыны көрді. 16 айғырды үйірімен алдынан айдап өттім. Астыма англотеке сарықасқа ат міндім. Қонаев жылқымызға жақсы деген баға берді. Төрімізде қонақ болып, дәм татты. Біз қазақтың салтымен құрметті қонағымызға сарықасқа атты мінгіздік. Жануардың түр тұрпаты бөлек, өзі сұлу еді. Дінмұхамед Ахметұлының алғысын алдық. Екінші рет 1981 жылы тағы келіп, жылқыны тағы аралады. Еңбегімізді ерекше атап, маған волга мінгізді. Қонаев үшінші рет 1984 жылы келді. Ол жолы ат шаптырып, қарсы алдық.

1993 жылы өзім зейнетке шыққан соң, 1994 жылы зауыт тарады. Басшыларға таратпай алып қалайық деп қанша айтсам да болмады. Техникамыз да, малымыз да толық тұр еді. Бізді тыңдайтын бастық қайда, ақыры сол зауыт тарап кетті» — деп қынжылады ақсақал.

«Жылқы үшін және оны өсіру үшін көп жерді араладым. Қырғызстанның, Ресейдің, өзіміздің елдің мен араламаған жылқы зауыты жоқ десем болады. Министрліктің бұйырығы қолға тиген соң, Жамбылдың Луговойынан барып 80 жылқыны айдап келдім. Соларды жерсіндіріп, үйретіп, жақсы аттарды шығардым. Сол кезде Луговойда бір орыс азаматы бар екен зоотехник, қазақшаға судай ағады. Соны мен Молдаш деген ат бағушы қария бар екен. Сол екі кісіден көп нәрсе үйрендім. Қазір көп жастар өз білмегенін сұрауға намыстанада немесе ұялады. Ал мен өз білмегенімді сұраудан намыстанған емеспін. Соның арқасында атбегі болдым. Және баптаған атым тізгіннен қалған емес.

Ол кезде СССР құрамындағы 15 мемлекеттің жылда біреуінде аламан бәйге өтетін еді. Ол кәдімгідей 1,5-2 айға созылған үлкен дүбірлі дода еді. 1976 жылы Ташкентте өтті кезекті бір аламан. Сол аламанда менің атым екінші келді. Бірінші Ресейден келген жүйрік болды. Келесі 77 жылы аламан Қырғызстанда өтетін болды. Ресейден келіп ат оздырған жігіттерге айттым, «Келесі жылғы бәйге менікі, мен аламын» деп. Олар мазақ етіп күлді. Сонымен тарқастық» — дейді бапкер.

Расымен Нәркен Қалыбеков айтқан сөзінде тұрды. 1977 жылғы Қырғызстанда өткен аламанда Нәкеңнің қосқан жүйрігі бас бәйгені жеңіп алады. Жарыстың қалай болғаны жайлы қарияның өзі айтты.

«Қасыма үш бәйге баланы, үш жаттықтырушыны ертіп аламанға қосылатын атты қыстай дайындадық. Бәйге дүрілдеп өтеді. Тек бәйге ғана емес, көкпар, қызқуар, шөген қатарлы ұлттық ойындардан да сайыс өтеді.

Құдай сәтін салғанда, аламанда да менің қосқан атым бірінші орын болды. Орыстардың аузына құм құйдым» — дейді ақсақал.

Айтқан сертінде тұрып, аламаннан ат оздырған ақсақал орыстарды жер соқтырып кеткен өз құпиясын туралы:  «Орыстар атты қатты айдамайды біз секілді. Тамақ көп беріп, атты жаратқанның өзінде етін қашырмай, семіз күйінде ұстайды. Менің ұтқан жерім осы болды. Себебі мен атты атам қазақтың ат баптау әдісімен жаратып едім. Үнемі бір қалыпты ұстап, тамағын уақытылы беріп, алысқа шабатындарын, жақынға шабатындарын, ұшқырларды жеке-жеке баптаймын. Сол әдіспен олардың талай атын аяқтан қалдырдым. Әуелі бір атты ерегеске салып, создырып тартамындағы, келесі атты қайта салып, ұтылап отырып орыстардың дәмелі деген атын болдыртамын. Солай командалық топпен қатысып, ат оздырып жүрдім» — деп еді қарт бапкер.

Жоғарыда айттық, Нәркен ақсақал Астанада дәстүрге айналған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне бір емес, бірнеше мәрте арнайы келді. Жарықтық, аламан бәйге алдында  озып келер жүйрікті тап басып таныр еді ғой. Бапкердің сынынан өткен сәйгүліктердің жүлдесіз қалғаны жоқ. Өзінің айтуынша бұл ерекше қасиет  кәріқұлақ қариялар мен атсейістерден үйренгені көрінеді.

Енді міне, осындай даңқты атбегінің құрметіне жасалған алғашқы аламан бәйгенің куәсі болдық. Дегерестік азаматтардың бастамасы қолдау тауып, алдағы уақытта Нәркен Қалыбеков атындағы аламан бәйге республика көлемінде ұйымдастырылса, бүтін ғұмырын атбегілік атты бекзат өнерге арнаған қарияға деген үлкен құрмет болар еді ғой, деген ойға бекіндік…

         Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары