Ел ішінде

Нұр-Сұлтанда бәйге маусымы ашылды

Дәстүрлі іс-шара елорданың оңтүстік-батыс шетінде орналасқан «Қазанат» атшабарында бәйгенің төрт түрінен және жамбы ату мен теңге ілу жарысының ашылуымен өтті.

Аталмыш атшабарда өткізіліп жатқан ұлттық спорт түрлерінен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден аса спортшылар мен 60-қа жуық келісті жылқылар қатысты.

Дүбірлі дода алдымен Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

2022 жылғы жазғы спорттық маусымның ашылуына арналған ат спорт жарыстары өз бастауын алды. Тәуелсіздік жылдары біздің елімізде, халқымыздың ежелгі дәстүрлерімен бірге ұлттық спорт түрлері де жаңғыра бастады. Оларға қазіргі таңда ерекше назар аударылуда. Спорт түрлері ішінде ұлттық спорт басымдыққа ие. Олар – қазақ халқының рухы. Спортшыларға жоғары нәтижеге қол жеткізіп, лайықты қарсыластық тілеймін. Ат спорт түрлерінің жарыстарын ашық деп жариялаймын – деді вице-министр Серік Жарасбаев.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін бәсең әрі әдемі жүріспен ортаға үш шақырымдық тай жарысын бағындыру үшін жүйірктер тіз қатар тізілді.

Тай жарысында Қарағанды облысының «Бақнұр» есімді ағылшын тұқымды сәйгүлігі өзгелерді шаң қаптырып, бас бәйгені жеңіп алды. Артынан Нұр-Сұлтан қаласының шабандозы «Гауһартас» есімді жүйрігімен екінші орынға жайғасса, үздік үштікті «Кершабақ» атты тайымен қатысқан Қарағандылық шабандоз түйіндеді.

Құнан бәйгеде жеті шақырымды Алматы облысының «Қарақат» есімді қарагер аты басқалардан бұрын мәрені бағындырып, топ жарды. Екінші болып Нұр-Сұлтандық «Спринт» есімді жирен ат келді. Солтүстік Қазақстан облысының шабандозы «Жұлдыз» атты торысымен үшінші орынды қанжығалады.

Жігерлі жігіттермен иық тірестіріп 12 шақырымдық топ бәйгенің жарыс жолына шыққан шабандоздар бірінен бірі асып түсті. 17 мықты сәйгүліктермен бірге бір қатарда шапқан Жамбыл ауданынан келген боз бала Абзал Тұрғанбек мәре сызығына азғантай жер қалған кезде аттың басын толық жіберіп, қарсыластарын бірінен соң бірін артта қалдыра бастады. Осылайша шабандоздарды шаң қаптырған Абзал «Нұрқасқа» жиренімен жеңіске жетті. Үш жастағы «Лорд» күрең атымен топ бәйгеге қатысқан Нұр-Сұлтандық Мұхамет Әли екінші орынды иеленді. Артынша тағы бір елордалық шабандоз «Жауынгер» сәйгүлігімен топ бәйгенің үшінші орын жүлдегері атанды.

Ат жарысының көркін қыздырған 18 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі Нұр-Сұлтан қаласының «Алғыр» атты қаракеріне бұйырды. Екін­ші орынды Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан келген таза қанды бес жасар «Қанаттықара» есімді қара айғыр еншіледі. Үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының атынан шыққан таза қанды бес жасар «Ақмандай» торы табан тіреді.

Үздік шабандоздармен ең жүйрік аттардың иелері Нұр-Сұлтан қаласының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының демеушілігі есебінен ақшалай және бағалы сыйлықтармен, сондай-ақ медальдарымен марапатталды.

Төрт қашықтықта өткен бәйгенің жүлде қоры 5 млн теңгені құрады.

Айта кетейік, жамбы ату мен теңге ілуден ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Чемпионаты 19 маусымға дейін жалғасады.

Яғни, жамбы ату және теңге ілуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 3-6 маусым күндері, жастар чемпионаты маусымның 9-13, жасөспірімдер чемпионаты 15-18 маусымға дейін «Қазанат» атшабарында өтеді.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1,5 млн теңге.

Көрермендер жарысты Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.

Осылайша жазғы ат маусымның ашылуы мен тартысты сайыстардың куәгері болуға келген жерлестеріміздің бүгін қарасы қалың болды.

Қауымдастықтың желідегі парақшалары