Жамбы ату

МЕРГЕНДЕР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕ ҰТТЫ

Бүгін Оңтүстік Кореядан сүйінші хабар алдық. Ат үстінен садақ атудан ұйымдастырылған Әлем чемпионатының  командалық жарысында біздің үш мергеніміз қола жүлдегер атанды.

           Оңтүстік Кореяның Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатының 27 тамызда басталғанын, біздің Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Айтбек Сарыбай  есімді мергендеріміздің осы жарыстың бел ортасында жүргенін бірер күн бұрын хабарлаған болатынбыз. Биылғы Әлем чемпионатында 27 мемлекеттің жетпіске жуық мергені бақ сынауда.

Суретте: Ат үстінен садақ атудан  Әлем чемпионатында «Массае  стилі»  бойынша 2018 жылғы чемпион, ал, биылғы XV Әлем чемпионатының қола жүлдегері, болашағынан зор үміт күттірген қазақтың айтулы сұрмергендерінің бірі  Абзал Тулыбеков. 

Суретте: Ат үстінен садақ атудан  XV Әлем чемпионатында «Массае  стилі»  бойынша  қола жүлдегер атанған (солдан оңға қарай) мергендер Ералхан Айкөз бен Бақдәулет Бабажан.

Қазақ елінің ұлттық құрама командасын XV Әлем чемпионатына бастап барған қос жаттықтырушының бірі, Жамбы атудан республикалық бас төреші Елдос Бадашев берген мәліметке сүйенсек, биылғы Әлем чемпионатының бәсекесінде дүниежүзі мергендері «Корей стилі», «Түрік стилі», «Массае  стилі», «Могу стилі» және «Қазақ стилі» атты бес түрлі жарыстан сынға түсуде. Біздің мергендер – Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан бүгін «Массае  стилі» бойынша өткен командалық жарыста қола жүлдені ұтып алған. Еске сала өтелік, дәл осы жарыс түрінен өткен жылғы Әлем чемпионатында Абзал Тулыбеков пен Елдос Бадашев бас жүлдені иеленген болатын. Бұл дегеніңіз, он бес метрлік қашықтықтан 20 сантимерлік нысананы құйғыта шапқан ат үстінен атып құлату сайысы. «Массае  стилі» бойынша өткен бүгінгі мергендік сайысында бас жүлдені Оңтүстік Корей, күміс жүлдені Америка спортшылары иеленіпті.

Суретте: Қазақ елінің ұлттық құрама командасын XV Әлем чемпионатына бастап барған  жаттықтырушы, Жамбы атудан республикалық бас төреші,  Ат үстінен садақ атудан  Әлем чемпионатында «Массае  стилі»  бойынша 2018 жылғы чемпион  Елдос Бадашев (оң жақта).

Ертең ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатының соңғы күні.  «Түрік стилі», «Могу стилі» және Әлем чемпионатының бағдарламасына тұңғыш қосылған «Қазақ стилі» бойынша мергендік бәсекелері ертең өткізілмекші. Жамбы атудың бас төрешісі біздің сұрмергендердің ертеңгі «Қазақ стилі» бойынша өтетін жарыста тағы да қомақты жүлдені иеленеді деген сенімде. Мергендерімізге біз де тілекші болайық. Ертең қазақ спортшыларының қанжығасына XV Әлем чемпионатының бас жүлдесі байлануы бек мүмкін.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары