МАЖАРСТАНДАҒЫ КӨКПАР ЖӘНЕ КОНФЕРЕНЦИЯ

     Көкпардан жолдастық кездесу өтті

        Будапешт қаласына таяу Болотон елдімекенінде 28-29 қыркүйек күндері командалық көкпар ойыны тамашаланды. Мажарстанның көкпар командаларымен жолдастық кездесу өткізуге Түркістан облысының «Құлагер» командасын бастап барған  Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлерінен бас жаттықтырушы Қуанышбек Құрамаев Мажарстан көкпарының жақсы дамып келе жатқанын, мадиярлықтардың көкпарды шеңберге ойнауға едәуір шыңдалып қалғанын айтты. «Құлагер» командасының белді ойыншылары 28 қыркүйек күні мажарстандық 5 көкпар командасымен шеберлік байқасқан. Әрине, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған, ойыншылар арасында Азия, Әлем чемпиондары бар түркістандықтар бес команданы да айқын басымдылықпен ұтқан. Еске сала өтелік, Кубоктық жарысқа қатысқан түркістандық «Құлагер» көкпар командасының негізгі мүшелері Сайдулла Асланбек, Сабыров Байдыбек, Мырзабаев Нұржігіт, Айтбаев Темірхан,Төлеп Нұрислам, Айтан Дәулет, Шырынқұлов Бақтыбай.

Кеше, яғни, 29 қыркүйекте қазақ көкпаршылары  Мажарстанның көкпардан ұлттық құрама командасымен мачтық кездесу өткізіп,  жеңіске жеткен. Бас бапкердің айтуынша, Мажарстан көкпаршылары осы кездесулер арқылы командалық көкпардың қыр-сырына қанығып, шеберліктерін жетілдірген.

Будапешттегі конференция

        Венгрияның «OMEK EXPO» атты әйгілі агромәдени көрмесі аясында көкпардан өткен Дипломатиялық Кубокпен  қатар тағы бір айтулы жиын болды.  2021 жылы Қазақстанда өтетін І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын ұйымдастыру комитетінің алғашқы конференциясы да осы   Будапешт қаласында 29 қыркүйекте  өтті. Конференцияға  Түркия, Ресей, Монғолия, Өзбекстан сынды мемлекеттерден арнайы шақыртылған этноспорт федерацияларының өкілдері қатысты.  Аталмыш басқосуда Мажарстанда өткен көкпардан жолдастық кездесу туралы, сондай-ақ,   І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын ұйымдастыруға байланысты бірнеше мәселелер қаралады. Осы жиында 2021 жылғы І Бүкіләлемдік этноспорт ойындарын Қазақстанда өткізу  резолюциясы мәлімделінді.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары