Ел ішінде

«Ұлы дала рухы» фестивалінде Теңге ілудің шеберлері анықталды

Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде аталып өткен дүбірлі дода – «Ұлы дала рухы» фестивалі аяқталды.

Фестиваль Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл және даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Еліміз жастары арасында дәстүрге айналған фестивальде Теңге ілу спорты бойынша республиканың барлық өңірінен спортшы қатысты.

Фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сонымен қатар «Ұлттық және ат спорты орталығы» бірлесе отырып ұйымдастырды. Ал Ұлттық спорт қауымдастығы жарыстың өтуіне мұрындық болды.

Теңге ілу спорты бойынша да еліміз айтарлықтай жетістікке жетіп келеді. 2017 жылы алғаш рет Теңге ілуден әлем чемпионатын өткізсе, одан кейінгі жылдары халықаралық сайыстарды тұрақты ұйымдастырып келеді.

Қазіргі таңда теңге ілу спортында ел намысын қорғап жүрген жас берендер – Ғалымжан Ізжанов, Рахат Қомбаров, Мағжан Сапарбек, т.б. теңге ілуде ептілік пен шеберлік танытып жүрген жастарды айтуға болады.

Сонымен бір айға жалғасқан дүбірлі додада жүлдегер атанған облыстарды атап өтсек.

Бұған дейін ұлттық спорт түрлерінен кенжелеп жүрген Солтүстік Қазақстан облысы осы жолы жақсы нәтиже көрсетті. Жүлдеді үшінші орынға табан тіреген Қызылжар жігіттерінің қанжығасында 3 ұпай бар. Ұпай иелері – Данияр Серік, Дамир Шахметов және Диас Бейсенбі.

Теңге ілуде екінші орынға іліккен Батыс Қазақстан облысы. Құраманың қоржынында 17 ұпай бар. Өңір намысын қорғап, теңгеге еңкейген жігіттер – Мирас Тілеп, Бекнұр Серіков және Жалын Бисембаев.

Ұлттық спорттың дара жеңімпазы болып тұрған облыс әзірше – Түркістан облысы. 28 ұпай жинаған жігіттердің қатарында – Рахат Қомбаров, Досжан Тастеміров және Қанат Бақтыбай бар.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін көкпар мен жамбы атудың және аударыспақтың үздіктері жайлы жазған болатынбыз.

BAQ.KZ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары