ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Спорт мерекесі күні ұлттық спорт саласына еңбегі сіңген үш азамат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт мерекесі күні. Осы мереке қарсаңында, нақты айтқанда 15 шілде күні Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы арнайы кеңес өткізіп, көп жылдар бойы ұлттық спорттың дамуы үшін тер төккен бірнеше азаматтардың  кандидатурасын «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісіне ұсынған болатын. Қауымдастық кеңсесінде өткен кеңестің №7 хаттамасына есімдері тіркелген азаматтар арасынан үш жаттықтырушымыздың 16 тамыз күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапатына ие болғанын қуана хабарлаймыз. Атап айтқанда, Ақмола облысынан Марат Қойшинге, Ақтөбе облысынан Амандық Қарабаевқа және Жамбыл облысынан Нұрдәулет Момыновқа ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Рамазанов Елдос Мұратұлы «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісін табыс етті. Еске салып өтелік, Спорт мерекесі қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі отандық спорт саласының дамуына үлес қосып келген 30 адамға ерекше құрмет көрсетті.

              Суретте: ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов пен «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісінің иегері Марат Қойшин.

             Қойшин Марат   2003 жылдан бастап Ақмола облысы  дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Балуан Шолақ атындағы  ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің»  директоры,  Ұлттық спорт түрлерінен ОБЖСМ-не дейін  дене шынықтыру  пәнінен мұғалімі, еркін күрестен  жаттықтырушы-оқытушы.

Ақмола өңірінде ұлттық спорт түрлерінің дамуына, жан-жақты насихатталуына ұзақ жылдар бойы зор үлес қосып келген Марат Қойшин  «Ақмола облыстық «Ұлттық спорт түрлерінен» қоғамдық бірлестігінің президенті, Ақмола облысының қазақ күресінен аға жаттықтырушысы,  Қазақстан Республикасының  ұлттық жоғарғы дәрежедегі төрешісі.

              Суретте: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру  істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев пен «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісінің иегері Амандық Қарабаев.

              Қарабаев Амандық  Ақтөбе облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты   «Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» ат спортынан аға жаттықтырушысы. Ақтөбе өңірінде ұлттық ат спортын дамытуға үлкен үлесін қосып келген азамат. Қарабаев Амандықтың қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған шәкірттері мол. Атап айтқанда, Ембергенов Жасәділ,  Тұрсынбаев Бекарыс,  Жанарбек Азат,  Елжанов Нұрхан,  Тұрсынбаев Абай,  Есенғарин Аслан,  Жангелді Нұрдәулет қатарлы шәкірттері аударыспақ, көкпар, теңге ілуден өткен республикалық жарыстардың жүлдегері атанған.

 

           Суретте: ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов пен «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісінің иегері Нұрдәулет Момынов.

             Момынов Нұрдәулет – 2004 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының» басшысы. Жамбыл облысының ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті. Көкпардан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы».

Нұрдәулет Момынов командалық көкпар спортында ұзақ жыл тер төккен айтулы балуан. Көкпардан Қазақстан Республикасы чемпионаттарының 9 дүркін жеңімпазы (2001, 2002, 2005, 2007, 2009, 2010, 2013, 2015, 2016 жылдар) атанды. «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы (2003, 2013 жылдар). «ЕуроАзия» Кубогының иегері (Тараз, 2003 жыл). Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің 3 дүркін жеңімпазы (2004, 2011, 2015 жылдар).

Қазіргі кезде Нұрдәулет Момынов командалық көкпардан Республикалық бас төреші.

Ұлттық спорт жаттықтырушыларының ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапатына ие болуы ұлттық спорт саласындағы барша азаматтарға ортақ қуаныш. Сондықтан,  «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісіне ие болған жаттықтырушыларды ұлттық спорттың қалың жанкүйері атынан шын жүректен құттықтаймыз! 

 Ұлттық спорт ақпараты

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары