ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Кеше Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиевтің бұйрығымен бұған дейін көкпардан ҚР Жастар құрама командасының бас жаттықтырушысы болған Атамекен Рүстемов «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы қызметіне тағайындалды.

              Көкпардан және аударыспақтан «Қазақстан Республикасының спорт шебері», көкпардан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атанып, Жамбыл облыстық көкпар федерациясының вице-президенті, көкпардан ҚР Жастар құрама командасының бас бапкері қызметтерін атқарып келген Атамекен Рүстемовті аталмыш лауазымға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының басшылығы ұсынған болатын.

           Атамекен Рүстемов – 1984 жылы 22 қарашада Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. Атамекен Нәбиұлының еңбек жолын ықшамдай айтып өтсек, ол  2002-2004 жылдар аралығында Жамбыл облысы көкпар командасының көкпаршысы, 2004-2008 жылдар аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының «Әулие-Ата» көкпар клубында  көкпаршы-нұсқаушысы, 2008-2018 жылдар аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубында спортшы қызметін атқарған.

Атамекен Набиұлы – 2018 жылдың тамыз айынан бастап  көкпар спортынан ҚР Жастар құрама командасының бас жаттықтырушысы болды.  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы өткізген көкпардан республикалық, халықаралық жарыстардың ұйымдастырылуына белсене үлес қосты. Әсіресе, жастар командаларымен оқу-жаттығу жиындарын өткізуде,   ұйымдастыруда өзінің мол тәжірибесі барын дәлелдей білді.  Атап айтқанда, көкпар спортынан жастар арасында 2018 жылы 20-27 тамыз аралығында Петропавлда   өткен ҚР чемпионатында, «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінде,  2019 жылғы 14-22 наурызда Қызылордада ҚР чемпионатында А.Рүстемовтің шәкірттері жоғары нәтижелер көрсетті. Сондай-ақ, 2019 жылдың 16-22 сәуірінде Алматы облысында өткен Көкпардан жастар арасында І Азия чемпионатында Атамекен Нәбиұлы баптаған Қазақстан құрама командасының шабандоздары бірінші орынды иеленіп, Азия чемпионы атанды.

         Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары