ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Елордадағы Ұлттық музейде «Ұлттық спортты дамытуға арналған алқа мәжілісі» атты жиын басталды. ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетінің өкілдері және Республикадағы барлық облыстардың ұлттық спорт мектептері, ұлттық клуб басшылары, жаттықтырушылар мен төрешілері қатысқан бұл алқа мәжілісі 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен  бүгінгі алқа мәжілісіне өзек болатын негізгі тақырып – ұлттық спорт түрлерінің ережелері. Жиын модераторы – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Нұрсұлтан Ибрагимов мәжіліске қатысушыларға осы басқосудың мақсаты, ережелерге қатысты ортаға салынатын, талқыға түсетін   мәселелер және алдағы күндердегі жиын тақырыптары туралы айтып өтті. Атап айтқанда, бүгінгі мәжіліс күні толық ережелердегі өзгерістер мен толықтыруларды талдауға, бекітуге арналса, 4 желтоқсан күні көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік спорты бас төрешілерінің жылдық есептері мен алдағы жұмыс жоспарлары  тыңдалады. Ұлттық спорттың тәртіптік кеңесіне салынатын мәселелер қаралады. Ал, 5 желтоқсан күнгі күнгі алқа мәжілісінде ұлттық спортты дамыту бағытындағы негізгі мәселелердің қорытындысы жасалады. Бұл күнгі жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының басшылығы және  басқа да есімдері елге жақсы таныс лауазым иелері қатысады. Мәжіліс үстінде ұлттық спорт саласына еңбек сіңірген бірқатар азаматтарды салтанатты марапаттау рәсімі жасалады.

Бүгінгі жиында алғашқы талқылау, сараптауға салынған аударыспақ спортының ережесі болды. Еске салып өтелік, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы әр ұлттық спорт түрінен жаңа редакцияда әзірленген Ережелердің өзгерген, толықтырылған нұсқаларын бұған дейін барлық тиісті орындарға, мамандарға таратып, ұсыныс-пікірлерін қабылдаған болатын. Сондықтан, бұл жиын соңында көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік спортының ережелеріндегі толықтырулар мен өзгерістер Республикадағы барлық облыстардың ұлттық спорт мектептері, ұлттық клуб басшылары, жаттықтырушылар мен төрешілері келісімімен нақты бекітіледі.

Ұлттық спорт ақпараты   

Қауымдастықтың желідегі парақшалары