КУБОКТЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

 

Бүгін Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Аударыспақтан Ақтөбе облысы әкімінің кубогына арналған ашық республикалық турнирдің алғашқы күнгі бәсекесі аяқталып, қола жүлдегер атанған спортшылардың есімдері анықталды.

     

Аударыспақ спортында биылғы жылы ақтөбеліктердің  асығы алшысынан түсті. Астанада өткен ІІІ Азия чемпионатында Ақтөбе облысының спортшылары үш салмақ бойынша бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, жуырда  кәсіпкер азамат Данияр Қобыландин ҚР Ұлттық спорт қауымдастық құрамындағы республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болып сайланды. Елімізде бірінше рет өткізілген «Аударыспақтан  облыс әкімінің кубогы» –  «Аударыспақ» федерациясының жаңа басшысы ұйымдастырған алғашқы республикалық турнир. Бұл турнирге Астана қаласы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облысының төрт командасы қатысып, барлығы алпысқа жуық спортшы бақ сынауда.

Суретте:  ҚР Ұлттық спорт қауымдастық құрамындағы республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті Қобыландин Данияр Жаңабайұлы. Алматы қаласында дүниеге келген.  Білімі жоғары. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. 

Бір жылда үш бірдей Азия чемпионын  даярлаған оқу орны туралы реті келгенде толығырақ айтып өтелік.  Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты Ақтөбе қаласының №3 ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2005 жылы ашылған. Бұл оқу орны Ақтөбе өңіріндегі балалар мен жасөспірімдерді ат спорты түрлеріне, соның ішінде ұлттық ат спорты түрлеріне баулитын бірден-бір мектеп. Мектепте  350-ден астам оқушы спортпен  шұғылданады және 14 жаттықтырушы дәріс береді. Осы мектептің аударыспақтан бас бапкері Абат Аймағанбетов пен аға жаттықтырушысы Нұрлан Додай баптаған үш спортшы биылғы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, 60 келіде Азамат Серғазин, 70 келіде Шыңғысхан Ержанов, абсолютті салмақта Арман Сағынбаев  аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының алтын жүлделерін иеленді.

Суретте: Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жеңімпаздары атанған ақтөбелік балуандар (оңнан солға қарай): Абсолютті салмақ чемпионы Арман Сағынбаев, Шыңғысхан Ержанов (70 кг), чемпиондар бапкері Абат Аймағанбетов және Азамат Серғазин (60 кг).

Сондай-ақ, 2018 жылы мамыр айында өткен Астана қаласының 20 жылдығына орай Ұлттық спорт түрлерінен жасөспірімдер арасындағы «Ұлы дала рухы» облыстық фестивалінде аталмыш мектеп шәкірттері – аударыспақтан 50 келі салмақ дәрежесінде Салимжанов Алишер І орынды, 60 келі салмақта Байбарақов Атабек І орынды, 70 келі салмақта Тұрсынбаев Бекарыс І орынды, 80 келі салмақта Есенгарин Аслан І орынды, 80 келіден жоғары салмақта Кеңесбаев Дәурен І орынды жеңіп алды. Жамбы атудан Кеңесбаев Даурен І орынға ие болды. Теңге ілуден Башембаев Алихан І орын алды.

Міне, алдағы уақытта «ұлттық спорт чемпиондарының  ұстаханасы» атанғалы тұрған Ақтөбе қаласындағы осы мектептің жабық манежінде өткен республикалық турнирдің  бірінші күнгі бәсекесі аяқталды.  60, 70, 80, 90  келі салмақтағы аударыспақ балуандары арасынан төмендегі спортшылар турнирдің қола жүлдегерлері атанды.

 

60 келіде Құралбай Ермек   (Ақтөбе)

70 келіде Жакишев Бердіғали (Ақтөбе)

80 келіде Мейрамбек Данияр (Ақтөбе)

90 келіде Кеңесбаев Дәурен (Ақтөбе)

          Ертең Ақтөбе облысы әкімінің кубогына арналған ашық республикалық турнирдің ақтық сайысы өтеді. Аталмыш төрт салмақтың және абсолютті салмақтың жеңімпаздары ертеңгі бәсекеде анықталады.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары