КСРО ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ НАҚТЫ МӘЛІМЕТТЕРІ ТАБЫЛДЫ

 

Бұған дейін біз өз жазбаларымызда «көкпардан КСРО чемпионаты», «командалық көкпардан КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы» деп жазып келдік. Бұған күмәнмен қарағандар да жоқ емес еді. Сол күмәнданушылардың күмәнін сейілтейік, әрі  оқырмандарымызға жағымды жаңалықты дер кезінде  жеткізейік деген оймен  бүгін көкпардан КСРО чемпионатының  нақты деректерін жариялауды жөн көрдік. Біздің қолымызға 1984-1990 жылдар аралығында жарық көрген алты бірдей бағдарламалық кітапша түсті. Мұқабалары түрлі-түсті, ал, ішінде жарыстың мезгілі ғана емес, сағатына дейін айтылатын бұл бағдараламалар деректерін алдағы уақытта рет-ретімен жарияламақпыз.  

Бүгінгі айтпағымыз, бағдарламалар туралы жалпы шолу. Сөз басында бұған дейінгі көкпар деректері туралы аздаған мәлімет айталық.  Біз бұған дейін 1959-1972 жылдары Қазақстан спорт комитетінің төрағасы болған Ахметов Қаркен ағамыздың деректеріне сүйендік. Қаркен аға қазақ спортының тарихының әліппесі іспеттес бір кітапты 1959 жылы жарыққа шығарған. Мұнда 1920-1940 жылдар аралығында қазақ топырағында жандана бастаған спорт түрлері мен спортқа жаңа қадам басқан қазақ жастарының жетістіктері айтылады. 1945 жыл мен 1958 жылдардағы спортшылардың  көрсеткіштері, аты-жөндері көрсетілген. Ал, 1969 жылы жариялаған «Казахстан спортивный» кітабының алғашқы бөлімі ұлттық спорттың түрлерін жан-жақты таныстырудан басталады. Міне, осы екі құнды кітапта да командалық көкпардың жаңа ережелермен ойнала бастағаны жазылған.

Әрине, мұрағат қорында біз білмейтін талай ұлттық спорт деректерінің тұнып жатқанына еш күмәніміз жоқ. Бұйыртса,  алдағы уақытта осы бағытта еңбектеніп көрмек талабымыз бар.

Бүгінгі құнды олжамыз, Сіздердің назарға ұсынып отырған мына бағдарламалардың өзі сонау жылдардардағы ұлттық ойындардың думанын қайта жаңғыртып тұр ғой. Бүгінгі атақты көкпар ардагерлері Әбілхан Дауылбаев, Шымырбай Әуезбаев, Тойлыбай Бижанов, Саттархан Абдалиев, Тұрнияз Әбілбеков, Үсен Сариев  ағаларымыз 1980-1991 жылдары  мына бағдарламадағы ойындардың бел ортасында жүрді. Осы есімдері аталған қарт көкпаршылардың барлығымен жуырда ғана телефон арқылы сөйлестік. Алды сексеннің сеңгіріне аяқ басқан қариялардың бәрі де тың, қозғау салсаңыз көкпардың әңгімелерін сағаттап айтуға даяр.

Еске салып өтелік, 1980 жылдан Кеңес одағы ыдырағанға дейін Қазақстан көкпар командасы Бүкілодақтық жарыстың 9 дүркін чемпионы болды.

Хош, сонымен бұл қандай бағдарламалар? Мұқабаларынан оқып отырсыз. Қазақшаласақ, «Колхоз, совхоз және жылқы зауыдтары шабандоздарының Бүкілодақтық  жарысы». Кейде жыл сайын, кейде екі жылда, тіпті, төрт жылда бір рет ұйымдастырылған бұл жарыс кезінде КСРО чемпионатымен теңестіріліп, осы жарыс жеңімпаздарына КСРО чемпионы, КСРО спорт шебері атақтары берілген. Біздің даңқты көкпаршы ағамыз Әбілхан Дауылбаевтың КСРО-ның ІХ дүркін чемпионы атануының түп негізі сонда.

Сонымен, «Колхоз, совхоз және жылқы зауыдтары шабандоздарының Бүкілодақтық  жарысының» бағдарламалары не дейді? Ең алдымен мұнда жарыстардың қай қалада, қай жылы, нешінші рет өткізілгені сайрап тұр. Бүгін біз сол деректерді берумен шектелмекпіз.

1 кітапша – 1984 жылы 20-22 қыркүйекте 27 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Ресей. Краснодар қаласы.

2 кітапша – 1986 жылы 4-6 қазанда  29 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Ресей. Краснодар қаласы.

3 кітапша – 1987 жылы 16-18 қазанда 30 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Грузия. Тибилиси қаласы.

4 кітапша – 1988 жылы 2-4  қыркүйекте 31 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Украина. Киев қаласы.

5 кітапша – 1989 жылы 9-10 қыркүйекте 32 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Ресей. Краснодар қаласы.

6 кітапша – 1990 жылы 29-30 қыркүйек 33 рет өткен Бүкілодақтық жарыстың бағдарламасы. Ресей. Пятигорск қаласы.

Көзіқарақты оқырман байқаған да болар, 1984 жыл мен 1986 жыл аралығында өткен 28 жарыстың бағдарламасы жоқ. Негізінде, бағдарламаларда тек көкпар жайлы ғана емес,  ат бәйгелерінің түрлері, қанша республика сәйгүліктерінің қатысқаны, көрсеткен нәтижелерінің минут, секундына дейін жазулы. Сондай-ақ, «Сюр-папах», «Низами нети», «Човган» сияқты командалық ат спорты ойындары мен оған қатысушы спортшылардың аты-жөндері, тіпті, мінген аттарының лақап есімдеріне дейін тәптіштеп жазылған. Бұл туралы толығырақ айтуды келер күндердің еншісіне қалдырдық.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Қауымдастықтың желідегі парақшалары