КӨКПАРДЫҢ  ТІЗГІНІ  МҰХТАРХАННЫҢ ҚОЛЫНДА

 

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  «Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдабековты қабылдады. Жиынға Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев, бірінші орынбасары Бекболат Байжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай  және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Командалық көкпар спортының келешегі, алдағы жарыстарға дайындық мәселесі талқыланған жиында «Елбасы Жолдауында тапсырғандай, қазіргі кезде бұқаралық спорт түрлеріне, оның ішінде ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соның аясында, әрине, алға қойған мақсаттарымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, «Көкпар» федерациясының басшылығына Мұхтархан Ділдәбековты шақырып отырмыз. Мұхтархан бокстың алдында көкпар ойнаған. Көкпардан боксқа келіп, аз уақыт ішінде Сидней Олимпиадасында күміс жүлдегер болды. Осы федерацияны басқаруға келіп отырған Мұхтарханға көп-көп рахмет айтамыз», – деді министр. Сонымен қатар  Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Астанада 2021 жылы Бүкіләлемдік І этноспорт ойындарының  өтетінін еске салды.

«Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков өз кезегінде көптің үмітін ақтауға күш салатынын айтты. Алдағы уақытта республикадағы көкпар командаларын клубтық жүйеге көшірудің тиімділігін ұсыныс ретінде жеткізді . «Бала кезден көкпар тартып, кейін облыс орталығы Шымкентке келіп бокстастық. Осы 7-8 жылдың ішінде бокс мектебінде жұмыс істеп келе жатырмын. Сонымен бірге, көкпарды да игереміз деген үміттеміз. Көкпаршыға ойын кезінде жан-жақты мықтылық керек. Өзіңіздің қолдауыңызбен көкпарды көтеріп, 2021 жылғы Бүкіләлемдік ұлттық ойындар  олимпиадасында жақсы нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз», – деді Мұхтархан Ділдәбеков министрге. Сонымен бірге, Мұхтархан Ділдабеков 2020 жылы Түркияда өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қапысыз даярланып, үздік жетістік көрсетуге уәде берді. Даңқты боксшы сөзінің соңын «Болмаса ортаға өзім шығамын» деп әзілге сүйеп аяқтады.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары