Көкпар

КӨКПАРДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ШЕҢБЕРМЕН ӨТЕДІ

Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде  өткен Конгресте командалық көкпардың халықаралық ережесіне өзгерістер енгізіліп, енді халықаралық көкпар бәсекелері тек шеңберде өткізілетін болып шешілді.

2019 жылы күз айында көкпардан Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатын ұйымдастыруға арналған жиын бұған дейін Бішкек және Ташкент қалаларында өткен болатын. Бұл жиын қаңтар айында Ташкентте өткізілген конгресс шешімі негізінде ұйымдастырылды. Сағат 11-де басталған кеңес «Көк-бөрі» федерациясының президенті Қайрат Сатыбалдыұлының қатысушыларға арналған құттықтау сөзімен басталып, жиын тізгіні Өзбекстан «Улак-купкари» федерациясының вице-президенті Эркин Абзаловқа берілді. Күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты конгреске қатысып отырған барлық  мемлекет өкілдерінің жеке пікірлері тыңдалды. Қорыта келгенде, Венгрия, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Ресей және Қазақстан ұлттық спорт федерацияларының басшылары мен өкілдері қатысқан осы Конгресте бұған дейін бірнеше мәрте талқыланған халықаралық ойын ережесіне нүкте қойылды.  Сөйтіп,  бұдан былайғы уақытта халықаралық көкпар ойыны тек шеңберде ғана өткізілетін болды.

Негізінде, халықаралық көкпар ойынын шеңберде өткізу 2016 жылы Қазақстандағы Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының (бұрынғы атауы – Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы) ұйымдастыруымен, Түркия, Венгрия, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай елдеріндегі ұлттық спорт өкілдерінің қатысуымен  келісілген болатын. Содан бері аталмыш елдерде командалық көкпар ойыны шеңбермен өткізіле бастады.   Қазақстандағы барлық чемпионаттар мен турнирлерде серке шеңберге салынып келді. 2017 жылы 11 мемлекет командасы қатысқан І Әлем чемпионатында көкпар шеңберде ойналды. Сондай-ақ, Түркияда көкпардан екі мәрте ұйымдастырылған жолдастық кездесулерде де серке шеңберге салынған еді. Енді міне, Халықаралық «Көк-бөрі» федерациясының ережесіне де ойынды шеңбермен өткізу өзгерісі енгізілді.

Анығында, көкпар тартатын түркі халықтарының ешбірінің дәстүрлі ойынында серкені қазандыққа салу ертеректе мүлде болған емес. Командалық көкпарда серкені қазандыққа тастап ойнау 2002 жылы ғана ережеге енгізілген еді. Алайда, 2002 жылдан 2015 жыл аралығында қазандыққа ойнау Қазақстан пен Қырғызстаннан өзге елде дами алмады. Ойын барысында қазандық басындағы қауіп-қатер, көкпаршылар мен аттардың жиі жарақат алуы, мертігуі көкпарды қазандықпен ойнаудың өте тиімсіздігін көрсетті.

Ал, додадан алып шыққан серкені арнайы белгіленген орынға, шеңберге, төселген шөп, шапан үстіне тастау, серкені екі топқа бөлініп тарту Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қазақстанда бұрын да болған, қазіргі кезде де жалғасын тауып келеді. Қазандықпен салыстырғанда шеңбермен ойнауда қауіп-қатерлі сәттер жоққа тән.  Сондықтан, Конгреске қатысушы елдердің ешбірі командалық көкпарда серкені шеңберге тастап ойнау ережесіне қарсылық білдірмеді.

Ұлттық спорт ақпараты

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары