КӨКПАРДАН ІІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ӨЗБЕКСТАНДА ӨТЕДІ

Көкпардан ІІ Әлем Чемпионаты 2019 жылдың қараша айында өзбек елінде өтеді. Бұл туралы Ташкентте болған көкпар федерацияларының халықаралық жиынында айтылды.

        Конгреске Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан, АҚШ, жалпы жиыны сегіз елдің өкілдері аталмыш бәсекеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, Көкпардан ІІ Әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын пысықтады.

Жиынға қатысушылардың хаттамаға түскен ортақ шешімі бойынша, жарыстың ережелерін нақтылауға арналған кезекті Конгресс Астанада өтетін болып бекітілді.

Еске сала кетейік, 2017 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында көкпардан тұңғыш Әлем чемпионаты Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық Қауымдастығының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен еді. Мәртебелі жарысқа АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Венгрия және өз еліміздің көкпаршылары қатысты.

Суретте: 2017 жылы Астанада өткен Көкпардан І Әлем чемпонатында жеңімпаз атанған ҚР Ұлттық құрама командасы.

Жалпы жүлде қоры 18 миллион теңгені құраған І  Әлем чемпионатының ақтық сынында Қазақстан құрама командасы айыр қалпақты ағайындарды 3:1 есебімен жеңіп, Әлем чемпионы атанған еді.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары