Көкпар

«КӨКПАР» СПОРТЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

  1. Жалпы ережелер 

1.1. Қазақстан Республикасында өткізілетін барлық ресми жарыстар (чемпионат, турнир, кубок, кешенді жарыстар) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы бекіткен осы Ережеге сәйкес өткізіледі.

«Көкпар» спорты – қазақтың ұлттық ат спортының түрі. Көкпар спортын халық арасында салауатты өмір салтын дәріптеу құралы ретінде кең насихаттау әрі жандандыру, спортшылардың шеберлігін арттыру, өмірлік маңызы бар қолданбалы дағдылар мен жеке қасиеттерді жетілдіру мақсатында өткізіледі.

1.2. Көкпар – командалық спорт.

1.3. Жарысты өткізу тәртібі регламентпен (ережемен) анықталады. Регламентті және қажетті құжаттарды жарысты өткізетін ұйым даярлайды.

1.4. Жарыс ережесі мынадай тараулардан тұрады:

–  жарыс атауы;

– мақсаттары мен міндеттері;

– өткізілетін орны мен уақыты;

– жарысты өткізу жүйесі, жарысты басқару;

– қатысатын ұйымдар мен спортшылар;

– спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және басқа да жарысқа спортшылардың тіркелген құрамы;

– жарысқа спортшылардың жасы мен жынысы;

–  допингтік бақылаудан өткізу тәртібі;

– өтінім берудің мерзімі мен тәртібі;

– спортшы мен атты жарысқа жіберу ережесі;

– нәтижелерді бағалау тәртібі мен жеңімпаздарды анықтау;

– наразылықтарды қарау тәртібі және осы жағдайларға байланысты шешім шығару;

– медициналық көмек, қоғамдық тәртіп және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

– жарысқа қатысуға байланысты спортшылар шығыны;

– жарыстың бағдарламасы;

– қаржылық шығыны;

– жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау.

Регламенттің талаптары осы ережеге қайшы келмеуі тиіс.

1.5. Жарыс ережесі жарысқа қатысуға шақырылатын ұйымдарға жарыс өтетін күнге дейін жолдануға тиіс уақыт:

– дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары кемінде 2 ай бұрын;

– аудандық және қалалық жарыстар кемінде 3 ай бұрын;

– облыстық жарыстар 6 ай бұрын;

– республикалық жарыстар 6 ай бұрын;

– халықаралық жарыстар кемінде 1 жыл бұрын.

1.6. Ересектер арасындағы көкпардан Қазақстан Республикасының Чемпионаты 2 лигада өтеді:

«Жоғарғы лига». Қазақстан Республикасы Чемпионатының өткен жылғы қорытындысы бойынша 1-ден 6-орынға дейін алған командалар жоғарғы лигада өнер көрсетеді. Жоғарғы лигада өнер көрсететін командалардың ойындары айналым жүйесінде өтеді.

«Бірінші лига» Қазақстан Республикасы Чемпионатының өткен жылғы қорытындысы бойынша 7-ден 17-ші  (және әрі қарай) орын алған командалар бірінші лигада өнер көрсетеді. Бірінші лигада өнер көрсететін командалардың ойындары екі топқа бөлінеді (А, Б).

Ересектер арасындағы көкпардан Қазақстан Республикасының Чемпионаты қорытындысы бойынша жоғарғы лигада соңғы орын алған команда бірінші лигаға түседі, бірінші лигада жеңімпаз болған команда жоғарғы лигаға өтеді.

  1. Жарысқа қатысатын спортшылар

 2.1. Жарысқа жасы тиісті даярлықтан өткен, атты басқаруға дағдыланған, дәрігердің рұқсаты бар спортшылар қатыстырылады.

Жарыс жасөспірімдер арасында 14-17, жастар арасында 18-23, ал ересектер арасында 24 жастан жоғары жастағы спортшылардың қатысуымен өтеді.

Жекелеген жағдайларда жарысты өткізетін ұйымның рұқсатымен, дәрігер мен жаттықтырушының қолы қойылған анықтамасы бар, 18 жасқа толған, жақсы техникалық дайындығы бар бозбалалар ересектер арасындағы жарысқа қатыса алады. Команданың киім үлгісі біркелкі болуы керек және қосымшада көрсетілген талаптарға сай болуы тиіс. Ат әбзелінде металл әшекейлер болмауы керек.

2.2. Команда құрамы 20 адамнан тұрады, шабандоз – 12, оның ішінде алаңдағы ойынша – 4, қосалқы ойыншы – 8 және жаттықтырушы – 1, жетекші – 1, атты төреші – 1, ат күтуші – 2, мал дәрігері – 1, көлік жүргізуішісі – 2. Аттың саны 12-ден аспауы керек.

2.3. Спортшылардың міндеттері:

– жарыс ережелері мен регламентін білу және орындауға;

– жеке басын растайтын құжаттары, біліктілік кітапшасы, төлқұжаты, сондай-ақ, регламентте көзделген басқа да құжаттары болуға және оларды жарыс өткізуші тұлғалардың бірінші талабы бойынша ұсынуға;

– барлық спортшыларға, төрешілерге, жарыс өткізуші мен оған қызмет етуші тұлғаларға, сондай-ақ, көрермендерге қатысты сыпайы, биязы болуға;

– жарысқа белгіленген уақытта қажетті құрал-жабдықтарымен келуі қажет.

– егер команда жарысқа толық құрамда келмесе, онда команданы түгендеуге 15 минут уақыт беріледі. Берілген уақытта команда жиналмаса, команда жарыстан шығарылып, оған «жеңіліс» есептеледі.

– спортшылардың киімі қосымшада көрсетілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

– төрешілердің нұсқауларын мүлткісіз орындауға, белгіленген жарыс тәртібін сақтауға, спортшыларға белгіленген орында болуға міндетті.

2.4. Спортшылардың құқықтары:

– Спортшылар жарыста шұғыл мәселелер туындағанда тікелей төрешілерге, жарыс өткізуге байланысты басқа жағдайларда команда өкілдері мен жетекшісіне өтініш жасауға құқылы;

– жаттығуды жарыс өткізуге бөлінген орындарда төрешілер алқасы белгілеген күндер мен сағаттарда жүргізуге құқылы.

2.5. Спортшыларға тыйым салынады:

– төрешілердің жұмысына араласуға және төрешілік етушіге дөрекі түрде наразылық білдіруге;

– аттарға қатысты қандай да болмасын дөрекілікке баруға (атты сабап, басқа ұруға) тыйым салынады.

– ойын барысында боқауыз сөз айтуға (боқтауға, эмоциямен айғайлап былапыт сөз айтуға) қатаң тыйым салынады.

2.6. Кез келген дәрежедегі жарысқа спортшы әрбір команданың команда өкілі тағайындалады. Ол командадағы тәртіптің сақталауына, оның мүшелерінің белгіленген киім үлгісін қадағалауға, Ереже мен Регламенттің сақталуына жауап береді.

2.7. Команда жетекшісінің міндеттері:

– команда жарыс өткізілетін жерге келгеннен кейін команда мүшелерінің құжаттарын, 12 аттың анықтамасын және фотосуретін мандат комиссиясына тапсыруға;

– команда мүшелерінің жарыс өткізілетін жерге уақытылы келуін қамтамасыз етуге;

– бас төрешілер алқасына сақтандыру полистері мен қауіпсіздік шаралары жөнінде нұсқаулық өткізілгені туралы жазбаша баянатты табыс етуге;

– аттарды орналастыруды, азықтандыруды ұйымдастыруға, олардың сақталауына және жарыс барысында туындаған басқа да мәселелерді шешуге;

– спортшыларды орналастыру мен тамақтандыруға қамқорлық жасауға;

– команда мүшелерінің осы Ереже мен жарыс Регламентін орындауын қатаң қадағалауға міндетті.

Команда жетекшісінің құқықтары:

– бас төрешілер алқасының отырысы мен жеребе тартуға, өз командасына төрешілер алқасының талаптары мен шешімдерін, жарыс бағдарламасы мен регламентте болған өзгерістер туралы хабарлауға;

– команда спортшыларын көрсеткен нәтижелерімен таныстыруға, қорытындыларын уақытылы шығаруға;

– Төрешілер алқасына олардың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша өтініш жасауға;

– Төрешілер алқасына өтініштер (наразылықтар) беруге құқылы.

2.8.Команда жетекшісіне тыйым салынады:

– төрешілердің шешімін бұзуға немесе олардың іс-қимылдарына араласуға;

– жарыс барысында өз командасының спортшыларына жәрдем көрсетуге;

– жарыстың бас төрешісінің немесе оның орынбасарларының рұқсатынсыз жарыс өтіп жатқан немесе спортшылар орналасқан жерден кетуіне тыйым салынады.

  1. Аттарға қойылатын талаптар 

3.1. Ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарысқа аттардың барлық тұқымы қатыстырылады.

3.2. Жарысқа спортшы әрбір аттың ветеринарлық мекеме мен жіберуші ұйымның қолы қойылып, мөрі басылған анықтамасы төрешілер алқасына тапсырылуға тиіс.

Анықтамада аттың фотосуреті,  тұқымы, жынысы, туған жылы, түсі, лақап аты, мал дәрігерінің аттың жарыстарға қатысуына берген рұқсаты болуы тиіс.

3.3.Ветеринарлық мекеменің жарысқа қатысуына рұқсат берген анықтамасы болмаса, ат жарысқа қатыстырылмайды. Мандат комиссиясы кезінде мал дәрігері жарысқа келген аттарды тексеруден өткізуге тиіс.

3.4. Жарысқа тебетін, тістейтін, басқа да мінезі қиын аттар қатыстырылмайды.

  1. Төрешілер алқасы

 4.1. Төрешілер алқасын жарысты өткізуші ұйым бекітеді. Халықаралық жарыстарда төрешілердің құрамына басқа елдердің төрешілері шақырылады.

4.2. Төрешілер алқасына жарысты осы Ережеге және жарыс регламентіне сәйкес дайындау мен өткізу, жарыс нәтижелерін анықтау және жалпы қорытынды шығару жүктеледі.

4.3. Төрешілер алқасының құрамына бас төрешілер алқасы мен төрешілер алқасы кіреді.

4.4. Бас төрешілер алқасының құрамына: бас төреші, бас хатшы, жарыс дәрігері кіреді.

4.5. Төрешілер алқасының құрамына: ақпаратшы төрешілер, хатшылар, дәрігер және мал дәрігері, сондай-ақ алаңдағы 4 төреші, уақыт төрешісі кіреді. Төрешілер байланыс құралымен (рациямен) қаматамсыз етілуі қажет.

4.6. Бас төреші алаңдағы ойын үшін жауапты төрешіні тағайындайды. Даулы мәселелер туындаған жағдайда бас төреші шақырылады. Ол төрешілер алқасын шақырып, даулы мәселені дауысқа салу арқылы көпшілік дауыспен шешеді.

4.7. Бас төрешінің міндеттері:

Бас төреші жарыс жетекшісі болады және ол жарыстың осы Ереже мен Регламентке сай өткізілуін қамтамасыз етеді.

– жарыс өтетін орынның, жабдықтар мен құралдардың әзірлігін, олардың жарамдылығын және осы Ережеге сәйкестігін алдын-ала тексеруге;

– төрешілерді іріктеуге қатысуға, төрешілер тобының жетекшілерін тағайындауға, олардың құрамын анықтауға және нұсқаулығын өткізуге;

– төрешілер алқасының жұмысына жетекшілік етуге;

– хатшылықтың бүкіл жұмысын алдын-ала тексеруге, бекітуге (жеребе өткізу және т.б.);

– жарыс басталғанға дейін төрешілер алқасы мен команда жетекшілерінің ұйымдастыру кеңесін өткізуге, оларды жарыс Ережесімен таныстыруға және төрешілерді жұмыс орындары бойынша орналастыруға;

– келіп түскен наразылықтарды төрешілер алқасының қарауына енгізуге және олар бойынша шешім қабылдауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін жарыс қорытындылары бекітілген және төрешілер жұмысының бағасы жарияланатын төрешілер алқасының қорытынды отырысын өткізуге;

– жарыстың салтанатты түрде ашылуы, жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау тәртібін белгілеуге;

– жарыс аяқталғаннан кейін бір күннен кешіктірмей жарыстың есебі мен хаттамаларын жарыс өткізуші  ұйымға табыс етуге міндетті.

4.8. Жарыстың бас хатшысы:

– спортшы ұйымдардың өтінімдерін қабылдайды, жарыс хаттамаларын дайындайды, спортшы командалардың жеребесін өткізеді, жеребенің негізінде жұптар құрайды, бас төреші бекіткеннен кейін спортшылардың танысуы үшін хаттамаларды таратады;

– хатшылықтың жұмысына басшылық жасайды, өткізуші ұйымнан кеңсе тауарларын, құралдарды, марапаттау материалдарын және т.б. алады;

– жарыс хаттамаларын өңдейді, ұпайлар есебін жүргізеді және қорытындыны дайындайды;

– жарыс нәтижелері бойынша жалпы техникалық есеп жасайды және жарыстың басқа материалдарымен бірге бас төрешіге табыс етеді;

– төрешілер жұмысының табелін жүргізеді, жарыс Ережесі бойынша талап етілсе спортшылар мен аттардың нөмірін таратады;

– спортшылардың біліктілік кітапшаларына жеткен жетістіктері мен алған орындарын жазады, қол жеткізген жеңістері туралы анықтамалар береді.

4.9. Хатшылар – бас хатшының басшылығымен жұмыс істейді. Олар жарыс өтіп жатқан жерден жедел ақпарат жинауға, оны уақытылы өңдеуге және бас хатшыға бекітуге табыс етуге міндетті.

4.10. Төреші – спортшылардың құжаттарын қарап, жеке басын растайтындығын, киім үлгісінің сәйкестігін тексеруге міндетті.

4.11. Алаң жетекшісі – жарыс басталар алдында алаңды тексеріп және жабдықталған ойын алаңының хаттамасын жасап, оны бас төрешіге бекітуге табыс етеді.

4.12. Аға төреші – жарыс ережесін бұзған төрешілерді төрешіліктен шеттетуге немесе жарыстан алып тастауға құқылы. Бұл туралы ол бас төрешіге немесе орынбасарының біріне дереу хабарлайды.

4.13. Уақыт төрешісі – жарыс басталғанға дейін секундомердің немесе арнайы аппаратураның дұрыстығын, дәлдігін және бірдей жұмыс істеуін тексеруге тиіс. Ойынның басталу уақыты, бас төрешінің рұқсатымен қосылады. Ойынның аяқталу уақытын жауапты төреші белгілейді.

4.14. Ақпаратшы-төреші спортшыларды, көрермендерді, БАҚ өкілдерін жарыс ережелері, жарыстың өту барысы, нәтижелері туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті және жарысты ұйымдастырып өткізуге жәрдемдесуге тиіс. Жарыс басталғанға дейін жарыс туралы ережені, жарыс бағдарламасын спортшылар мен көрермендерге таныстыру жолдарын ойластырады, жарыс бағдарламасын жасайды, спортшы командалар туралы ақпарат дайындайды.

4.15. Жарыс дәрігері мен мал дәрігері жарыста жан-жақты медициналық, малдәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Олар:

– жарыс өткізілетін аумақта медициналық жәрдем пункттерін, санитарлық, малдәрігерлік машиналардың болуын ұйымдастыруға және белгіленген орынға медициналық қызметкерлердің уақытылы келуін қаматмасыз етуге;

– жарыстың бас төрешісіне медициналық және малдәрігерлік қызметтердің жұмысқа даярлығы туралы хабарлауға;

– мандат комиссиясының жұмысына қатысуға, командалардың өтініштерінде спортшыларды жарысқа жіберілетіндігі туралы дәрігерлік, малдәрігерлік рұқсаттарының болуын қадағалауға;

– жарысқа спортшы ауру немесе жарақаттану себебеінен жарысты жалғастыра алмайтын жағдайда, белгіленген үлгідегі анықтама беріп, жарыстың бас хатшысына осы туралы хабарлауға;

– жарыс аяқталғаннан кейін бас төрешіге жарыста орын алған ауруларды, жарақаттанғандарды аты-жөні мен ауруының түрі, жарақаты туралы көрсете отырып, жарысқа медициналық қызмет көрсету нәтижелері туралы есепті табыс етуге міндетті.

  1. Өткізу тәртібі мен орны

5.1. Жарыс көкпар спорты үшін жабдықталған арнайы алаңда өткізіледі.

Көкпар алаңы екі командаға тең бөлінеді. Көкпар алаңының параметрлері: ұзындығы 220 метр, ені 70 метр. Диаметрі 3 метр шеңбер мәре болып есептеледі. Екі команданың «мәре» шеңберлерінің арасындағы қашықтық 180 метр. Орталықтан бастап «шеңберге» дейін 90 метр. «Мәреден» бастап ойын алаңының сыртқы сызығына дейін 20 метр. Айып алаңы «шеңберден» бастап 35 метр, орталық және екі жақтағы шеңбердің диаметрі 8 метр.

Шеңберден 7 метр жартылай шеңбермен аутсаидер белгіленеді.

5.2. Көкпар спортының басты ережелері:

а) Команда құрамына – 12 ойыншы мен 12 ат кіреді. Жарыс барысында өтінім жасалмаған ат бары белгілі болса, онда осыған жол берген командаға жеңіліс жарияланып, ол жарыстан шеттетіледі;

ә) Жарыс алаңына әр командадан 4 ойыншы шығады, командалар жарыс барысында, жарысты тоқтатпай спортшыларды алмастыруға құқылы;

б) Жеңіс өз шеңберіне (мәресіне) серкені көбірек тастай алған командаға беріледі. Серкенің салмағы ересектер үшін 30-35 келіден, жастар үшін 25-30 келіден, жасөспірімдер үшін 20-25 келіден аспауы тиіс;

в) Ойын алаңына спирт ішімдіктерін, есірткі заттар қолданған спортшылар (сол спортшы) жіберілмейді, жарысқа қатыстырылмайды. Тесттік тексеруден өтпеген спортшылар жарысқа қатыстырылмайды.

5.3. Команда капитандары өзінің шеңберін жеребе бойынша анықтайды және мәресінің тұсына өз туын тігеді. Ойын басталғанда серке көрермен мінбесіне қарама-қарсы жақтағы ернеу сызықтан 15 метр қашықтыққа тасталуы тиіс.

5.4. Команда мінбеге қарама-қарсы бетте қырын сызықтан кейін бір қатарда тұруға тиіс.

5.5. Жарыс әрқайсысы 20 минут болатын екі кезеңнен тұрады. Кезеңдер арасында 10 минуттық үзіліс беріледі. Үзілістен кейін командалар шеңберлерін ауыстырады, команданың бірі ойынды бастау уақытын әдейі созып, ойынға кіріспесе, онда екінші команда жарысты ол команданың қатысуынсыз белгіленген уақытта бастауға құқылы.

5.6. Төрешінің ысқырығынан кейін барлық спортшы серкені бірінші болып алуға ұмтылады. Егер 1 минуттың ішінде серкені бірде-бір спортшы ала алмаса, онда жарыс тоқтатылады. Серке ойын алаңының ортасындағы үлкен шеңберге тасталады да, жекпе-жек өткізіледі. Әр командадан бір-бір спортшы шығып, шеңбер ішіндегі серкені 2 минутта жерден көтеріп алуы керек. Егер 2 минутта серке көтерілмесе, төреші оларды басқа спортшылармен алмастырады. Жекпе-жекте серкені тақымға басқан спортшы 2 минутта шеңберден шығуы керек. Спортшы серкені жерден көтерсе де, көтермесе де 2 минутта шеңберден шықпаған жағдайда, төреші ойынды тоқтатып, спортшыларды ауыстырады.

5.7. Серкені іліп алу мен жарыстағы басқа да тәсілдер ереже бойынша жүргізіледі.

5.8. Жарыс командалардың бірі «шеңберіне» серкені салғанша немесе спортшылардың бірі жарыс ережелерін өрескел бұзғанға дейін үзіліссіз жалғастырылады. Ұпай санау үшін серкені шеңбердің ішіне дәл тастау қажет. Шеңбердің жиегінде қалған серке ұпайға есептелмейді.

5.9. Серке «шеңберге» түсіп, алаңдағы төреші «ұпай» есептегеннен кейін, жарыс алаң ортасынан қайта басталады.

5.10. Егер жарыс алаңы дуалмен қоршалмаса, спортшы өзінің атымен жарысқа арналған алаңның шектерінен тысқары шығып кетсе, жарыс тоқтатылады (аут) және жарыс ережесі бұзылып, ойын тоқтатылған жерге жақын шеңберден жалғастырылады, егер ол «шеңбер» қатар болса, онда «шеңбер» қатар орналасқан шеңберде, ал, егер алаң орталығында болса онда орталық шеңберде екі шабандоз сайысты бастайды.

5.11. Егер шабандоздардың бірі серкені алып келе жатқан шабандозды дөрекі түрде тоқтатса, онда жарыс ережесін бұзушы 5 минутқа жарыстан шектетіледі. Төрешілер серкені алып келе жатқан шабандоздың тақымына бастырып, тоқтаған жерден бастауға тиіс.

5.12. Жарысқа кіріскен спортшылар команда жаттықтырушысының шешімімен өзара алмасады, алайда, алмастыру кезінде алаңда артық спортшы болмауға тиіс. Алмастыру перпендикуляр сызығы бойынша жүргізіледі. Жарыстан шығатын спортшы жарыс алаңының сызығын кесіп өткенге дейін қосалқы спортшы жарысқа кірісуге құқығы жоқ. Егер шабандоз аттан жығылып, аты қашып кетсе төреші қосалқы спортшының ойынға қосылуына рұқсат береді. Егер спортшының ер-тұрманы ауып, үзеңгісі үзіліп, жүген сыпырылып кеткен жағдайда спортшы ойын алаңынан шығып кеткенше төреші қосалқы спортшының ойынға қосылуына рұқсат бермейді.

5.13. Қарсыласты қолмен, аяқпен, қамшымен ұруға және оның атын сабауға рұқсат етілмейді. Осы жарыс ережесін қасақана бұзған спортшылар 5 минут уақытқа жарыстан шеттеледі. Спортшысы жазаға тартылған команда кездесуді саны аз ойыншымен жалғастырады.

Ескерту: Айып уақыты спортшы жарыстан шыққан сәттен бастап саналады, ат спортшымен бірге берілген уақыт бойы айып орнында болуға тиіс.

5.14. Егер тыйым салынған тәсілдерді қолданған жағдайда (қарсыласты қолмен ұстап, қарсыласының атын қамшылаған жағдайда, өзінің атымен оның жолын бөгесе, оны аттан құлатуға тырысса немесе шауып келіп 1 метрден астам қашықтықтан қарсыласының атын соқса) спортшы жарыс алаңынан шығыралып, 5 минут уақытқа айып алаңына жіберіледі.

5.15. Спортшыға екінші ескертуден кейін сары «карточка», үшінші ескертуден кейін «қызыл» карточка көтеріліп, осы ойынның соңына дейін және келесі тағы бір ойыннан шеттеледі.

5.16. Серкені тізгінмен байлаған немесе таралғымен орап қысқан ойыншы 2 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.17. Шабандоз ердің басына серкенің сирағын қайырып ұстаған жағдайда 2 минут айып алаңына жіберіледі.

5.18. Серкені көтеріп келе жатқан шабандозды жарыс алаңынан атын жетектеп немесе қамшылап ығыстырып шығарған жағдайда 5 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.19. Серкені көтеріп келе жатқан шабандоздың атын командалас шабандоз жетекке алған жағдайда 2 минутқа айып алаңына жіберілді.

5.20. Серкені көтеріп келе жатқан шабандоздың қолынан немесе киімінен ұстаған жағдайда 2 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.21. Шабандоздар жарыс алаңында балағат сөздер қолданған жағдайда 5 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.22. Уақытты әдейі созса немесе серкені алаң шетінен тысқа лақтырса, 2 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.23. Қарсыласының атының тізгінінен немесе үзеңгісінен ұстаған жағдайда 2 минутқа айып алаңына жіберіледі.

5.24. Спортшылардың төрешілермен дауласуына қатаң тыйым салынады. Спортшы ескертуден кейін де төрешімен дауласуды жалғастырса 5 минутқа, ал дөрекілік жасап, балағаттаса «қызыл карточка» беріліп, ойын соңына дейін шеттеледі. Команда ойын соңына дейін саны аз ойыншымен жарысты жалғастырады.

5.25. Жерден серкені іліп алып жатқан шабандозды қарсылас спортшы серке жағынан қақса, адамға ат салса 5 минутқа жарыстан шететіледі.

5.26. Жарыс барысына шабандоз серкені алып бара жатқанда өз командалас спортшы кездейсоқ қағысқанда кездесу тоқтатылып, қақтығысқан жерден серке додаға тасталады.

5.27. Екі спортшы ортадағы шеңберде жекпе-жек өткізгенде басқа спортшылар шеңберге кіруіне болмайды. Осы ереже бұзылған жағдайда 2 минутқа шеттетіледі.

5.28. Спортшы алаңдағы спортшымен дау шығарса, уақытты саналы түрде созу ретінде қаралады және кездесуден 5 минут шеттеумен жазаланады.

5.29. Алаңда бесінші спортшының бары белгілі болған жағдайда, сол команданың бір спортшысы 2 минутқа жарыстан шеттетіледі. Демек үш спортшымен ойын жалғастырыла береді.

5.30. Қосалқы спортшы жарыстан шығатын командалас жолдасының айып алаңына жетуін күтпей жарысқа кіргені үшін 2 минутқа шеттеумен жазаланады.

5.31. Серкені басып келе жатқан ойыншының артқы жағынан ер-тоқымнан артылып ұстаған спортшы 2 минут айып уақытымен жазаланады.

5.32. Жарысты өз еркімен тоқтатқан және бас төрешінің шешіміне бағынбаған команда жеңілген болып танылады және себебін дәлелдеп тәртіптік кеңеске қарауға жіберіледі.

5.33. Жарысқа қатысатын аттың ат-әбзелдерінде спортшылардың жарақат алуы мүмкін металдан жасалған артық әшекейлер болмауға тиіс. Жарысқа жалпақ (спорттық) тағалармен тағаланған аттар жіберіледі.

5.34. Жарыс кезінде команданың жанында екіден артық адам болмауға тиіс: 1 жаттықтырушы, 1 жетекші. Осы талапты орындамайтын командаға төрешілер алқасы айып белгілейді және айрықша жағдайларда жеңіліс жариялайды.

5.35. Жарыс барысында команда жетекшісі немесе команда капитаны тәртіп бұзылғаны туралы наразылық білдіріп, жарысты тоқтатып, бірақ тәртіп бұзылғанын дәлелдей алмаса, ойын ортадағы шеңберден қарсыласының тақымына серке басып беріліп жалғастырылады.

5.36. Жарыс барысында спортшылардың тросс қамшы пайдаланғаны анықталса, жарыс тоқтатылады, тросс қамшы алынады және ортадағы шеңберден қарсыласының тақымына серке басып беріліп, ойын жалғасады.

5.37. Екі команда кездесудің негізгі уақыттың аяғына дейін тең түссе 5 минут үзіліс беріледі, шеңбер ауыстырылып, 10 минуттық қосымша кезең беріледі. Осы уақытта шеңберге бірінші салым салған команда жеңіске жетеді. Егерде осы берілген уақытта командалар ешқандай салым сала алмаса, онда жекпе-жек әдісімен жеңімпаз анықталады. Яғни екі командадан бір-бір шабандоздан ортадағы шеңбердің ішіне шығады. Төреші екі шабандоздың ортасына серкені тастайды, серкені қай шабандоз тартып алып өз шеңберіне салса ұпай есептеледі. Осы бағытта әр командадан үш шабандоздан шығып үш жекпе-жек өткізіледі. Жалпы ұпай санымен жеңімпаз команда анықталады. Әр жекпе-жек әдісіне үш минут уақыт беріледі, берілген уақытта ұпай болмаса төреші тоқтатып, келесі жұп шақырылып, жекпе-жек бастайды. Жекпе-жек барысында серке алаң сыртына (аут) шығып кетсе, жекпе-жек тоқтатылып келесі жекпе-жек жалғастырылады.

Жарыс кезеңінде тыйым салынады:

– Қарсыластың атының тізгінінен ұстауға, жүгенін, ат-әбзелдерін шешуге;

– Қарсыластың қолынан, белінен және денесінің басқа да бөліктерінен ұстауға;

– Қарсыластың аяғын үзеңгімен қасақана соғып, аяқпен тебуге;

– Серкені ер-тоқымға байлауға;

– Серке «шеңберге» салынғаннан кейін жарысты жалғастыруға;

– Шеңбердің қасында шабандоз аттан түсіп, серкені шеңберге салса ұпай есептелмейді;

– Өзегіне тросс, сым өткізген қамшыны пайдалануға тыйым салынады.

– Егер команданың бірі немес жекелеген спортшылар жарыс ережелерін өрескел бұзса және төрешілер тарапынан өздеріне жасалған ескертулерді ескермесе, онда команда толықтай немесе жекелеген спортшылар төрешінің шешімімен белгілі бір уақытқа жарыстан шеттетіледі. Алаңнан шығарылған спортшылар алмастырылмайды.

– Ойын кезінде команда жаттықтырушылары өз командасының спортшыларын балағаттаса, бір рет ескерту беріледі. Бұл жағдай екінші рет қайталанса жаттықтырушы алаңнан алынып, көрермендер арасына жіберіледі. Демек команда жаттықтырушысыз ойнайды.

5.38. Серке ретінде жасанды муляжы қолданылуы мүмкін.

  1. Наразылықтар

6.1. Наразылықтарды төрешілер алқасына команда жетекшісі тек жазбаша түрде және ойын аяқталғаннан кейін 20 минуттан кешіктірмей табыс етеді. Наразылықта спортшылар немесе төрешілер бұзылған ереже мен жарыс регламентінің тараулары мен тармақтарын көрсетуі тиіс. Бас төрешілер алқасы наразылықты қабылдап алуға, оны қарауға, сол бойынша шешім қабылдауға және оны өтініш берушіге барынша аз мерзімде жарыс қорытындылары бекітілгенге дейін міндетті түрде жеткізуге міндетті.

6.2. Бас төреші алқасы наразылықтар мен сол наразылықтар бойынша шешімдердің мазмұнын барлық команда жетекшілеріне жеткізеді.

6.3. Бас төрешінің наразылық бойынша шешімі кесімді және қайта қаралуға жатпайды.

6.4. Мандат комиссиясына спортшының жеке куәлігінің көшірмесі және тұрғылықты мекен-жайдан анықтама ХҚКО (ЦОН) болуы тиіс. Алайда облыс құрамасында ойнайтын жастар мен жасөспірім спортшыларда шетелге шығу паспорты болуы міндетті. Жеке куәлік және туу туралы куәлікпен келген спортшы жарысқа қатыстырылмайды.

6.5 Республикалық жарыстарға әр команда төрешілік қызметіне бір аттан әкелуге міндетті.

6.6. Жыл басында бір команда құрамында ойнаған спортшы, жыл ортасында басқа командаға (облыстың) ауыстырылмайды, тек бір команда құрамында жыл аяғына дейін ойнауға міндетті.

 

Қосымша №2

Көкпаршылардың спорттық формасына қойылатын талаптар

Көкпар командасының бірегей формасы болады. Ойын барысында екі команданың формаларының айырмашылығы айқын болуы үшін, әрбір командада екі формадан болуы міндетті («алаң иесі» және «қонақ» ретінде).

Көкпаршылардың спорттық формасына саптама етігі мен бас киімі, кеуде киімі мен шалбары кіреді. Спортшылардың қауіпсіздігі үшін қосалқы қорғаныс құралдары көкпаршылар киіміне қосылуы мүмкін.

Ресми жарыстарға (чемпионат, турнир, біріншілік, фестиваль) қатысатын командалардың киімінің («алаң иесі» және «қонақ» ретінде) дизайны және болған жағдайда демеушілердің логотипі ҚР Ұлттық спорт қауымдастығымен алдын ала келісіліп, бекітіледі.

Көкпаршы киімінің кеудесі мен арқасында өтінімдегі көрсетілген нөмірі, аты-жөні және өзі ойнайтын командасының аты көрсетіледі.

Көкпаршылардың киімнің алдыңғы және артқы бөлігіне, сондай-ақ, қажет болған жағдайда басқа да бөліктеріне ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бекітілген логотипі қойылады.

Қауымдастық өткізетін ресми жарыстарға қатысатын көкпар командаларының формаларына Қауымдастық бас серіктес, серіктес, ақпараттық серіктес пен демеушілер логотиптерін ұсына алады.

Көкпар спортының ережесі

Қауымдастықтың желідегі парақшалары