КӨКПАР БӘСЕКЕСІНІҢ  ЕКІНШІ КҮНІ

 

Алматы қаласы іргесіндегі ипподромда Жастар арасындағы І Азия чемпионатының екінші күнгі бәсекесі тамашалануда. Бүгінгі көкпар додасын бастаған Қытай мен Монғолия командалары. Бұл екі команда да кешегі күнгі кездесулерін жеңіспен аяқтаған болатын.

          Жанкүйер жадына салып өтелік, кеше монғолиялықтар Тәжікстан командасын 2:0 есебімен жеңсе, Қытай командасы ресейлік қарсыластарын 10:1 есебімен ұтқан болатын.

Бүгін осы қос жеңімпаз команда арасындағы бәсеке тіпті тартысты өтті. Алғашқы кезеңде Моңғолия командасының бас шабуылшысы Асқар Азамат пен Қажынаби Наурызхан қатарынан бірнеше салым салып, командаластарын алға сүйреп шықты. Сөйтіп, бірінші кезең 4:0 есебімен аяқталды. Екінші кезең басталысымен  Қажынаби Наурызхан тағы бір салым салды. Бірақ, содан кейін-ақ, моңғолиялықтардың екпіні бәсеңдей бастады. Есесіне, қытай көкпаршылары ойын соңына дейін шабуылды үдетті. Нәтижесінде, Думан Жұмабайұлы, Оралтай Оразұды, Ақжол Әділханұлы бір-бір салымнан салып үлгерді. Сонымен, Монғолия командасы мен Қытай командалары арасындағы кездесу 5:3 есебімен аяқталды.

Бүгінгі күнге белгіленген Тәжікстан мен Ресей командалары арасындағы ойын Тәжікстан командасындағы спортшылар жастарының сәйкессіздігіне байланысты өткізілмеді. Төрешілер шешімімен жеңіс Ресей командасына берілді.

Қазіргі кезде жанкүйерлер  Қазақстан мен Ауғанстан командаларының арасындағы бәсекені тамашалауда. Жарыс ақпараты бірер сағаттан соң жарияланады.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары