ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭТНОСПОРТ ФОРУМЫНА КІМДЕР КЕЛМЕК

         20-21 сәуірде Алматы қаласында өтетін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық форумының басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан біз бүгін  Халықаралық форумға қатысатын мәртебелі қонақтарды  оқырманға алдын-ала таныстыра беруді жөн көрдік.

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған бұл ІІ Халықаралық форумның негізгі мақсаттарының бірі – әлем халықтарының дәстүрлі спорт түрлері мен ойындарын дамыту.  Осы дәстүрлі спорттар мен ойындарға көбірек көңіл бөлу арқылы дүниежүзіндегі әр халықтың тарихи жадын, ұлттық ерекшелігін сақтауға мүмкіндігі бар екендігін жер жаһанға мәшһүр ету. Сол себепті, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының    ІІ Халықаралық форумына әлемнің 40-қа жуық мемлекетінің өкілдері келеді. Жүз елуден астам қатысушылар арасында жер шарының түкпір-түкпірінен келетін спорт министрлері, этноспорттың майталман мамандары, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылар мен төрешілер, қоғам қайраткерлері бар.

Сонымен бүгінгі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының  президенті Неджметтин Билал Ердоған, Түркияның Жастар және спорт жөніндегі министрі Мехмед Мухаррем Касапоглу, Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран, ЮНЕСКО-ның Франциядағы штаб-пәтерінің Жастар және спорт комитетінің басшысы Ангело Мело, Аргентина дәстүрлі спорт федерациясының бас хатшысы Баутисто  Риссо, Мексиканың дәстүрлі спорт және ойындар федерациясының президенті Анна Клаудия Гарсия, Германия этноспорт федерациясының өкілі Керри Макдональд қатарлы қонақтардың Алматыдағы ІІ Халықаралық форумаға келетіні анық. Сондай-ақ, Орта Азия елдерінің этноспорт өкілдері де келе бастады. Алдағы күндерде мәртебелі қонақтар туралы қосымша ақпараттарды жариялайтын боламыз. ІІ Халықаралық этноспорт форумы Алматыдағы «Royal Tulip Almaty» қонақ үйінде өтеді.

Ұлттық спорт ақпараты    

Қауымдастықтың желідегі парақшалары