ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭТНОСПОРТ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

 

Бүгін Алматы қаласындағы «Royal Tulip Almaty» қонақ үйінде Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» ІІ Халықаралық этноспорт форумы басталды.

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының Қазақстанда өтуіне ұйытқы болған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы. Бұл ІІ Халықаралық форумның мақсаттарының бірі – әлем халықтарының дәстүрлі спорт түрлері мен ойындарын дамыту. Осы дәстүрлі спорттар мен ойындарға көбірек көңіл бөлу арқылы дүниежүзіндегі әр халықтың тарихи жадын, ұлттық ерекшелігін сақтауға мүмкіндігі бар екендігін жер жаһанға мәшһүр ету.

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық форумына әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 150-ден астам қатысушы келді.

ЮНЕСКО-ның Франциядағы штаб-пәтерінің Жастар және спорт комитетінің басшысы Ангело Мело, Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Явуз Селим Кыран, Аргентина дәстүрлі спорт федерациясының бас хатшысы Баутисто Риссо, Мексиканың дәстүрлі спорт және ойындар федерациясының президенті Анна Клаудия Гарсия, Германия этноспорт федерациясының өкілі Керри Макдональд қатарлы құрметті қонақтар және Орта Азия елдерінің этноспорт өкілдері Алматыдағы ІІ Халықаралық форумаға келді.

Форумның салтанатты ашылуында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Билал Ердоған, Түркияның Жастар және спорт жөніндегі министрі Мехмед Мухаррем Касапоглу, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркі тілді мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Бағдат Амреев және басқа лауазымды қонақта құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмыстарына сәттілік тіледі.

Форум екі күнге жалғасады. Мұнда 2021 жылы елімізде өтетін Бүкіләлемдік этноспорт фестивалінің барысы, 2020 жылы Түркияда өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ұйымдастырылуы, сонымен қатар ұлттық ойындардың халықаралық ережелері талқыланатын болады.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары