І АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

 Бүгін Алматы қаласының іргесіндегі ипподромда І Азия чемпионатының салтанатты ашылуы мен  ұлттық спорттың алғашқы  бәсекелері тамашаланды.

 Тұңғыш салымды кім салды?

                    Тұңғыш чемпионаттың тұңғыш  ойынын  бастау Монғолия мен Тәжікстан көкпар  командаларына бұйырды. Қос команданың да жас көкпаршылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жанкүйер есіне салып өтсек,  Тәжікстанның ересектер командасы бұған дейін көкпардан Қазастанда өткен Азия чемпионатында және Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Алайда, тәжікстандық жастардың ересектерге қарағанда шеберліктері осал соқты.

Тәжікстан командасы алғашқы ойында қарсыластарына есе жіберіп алды. Шабуылдауда да, жекпе-жекте де екпіндері тау бұзардай болғанымен, ұпайға қол жеткізе алмады. Серкені өз шеңберлеріне бірнеше мәрте  тастағанымен, дөп түсіре алмай қойды. І Азия чемпионатында өнер көрсеткен Тәжікстан командасының  ойыншылары: Холов Фарход, Нишонов Сарбор, Амонкулов Асилбек, Эгамбердиев Сирочиддин, Аликулов Абдуахат, Юнусов Бегимкул, Норкулов Диер. Жетекшілері – Холов Мырзалы.

Тәжірибелі бапкер Ром Әуесханның шәкірттері  бұл бәсекеде жүйелі ойнады. Монғолия командасының бесінші нөмірлі шабуылшысы Асқар Азамат ойынның алтыншы минутында алғашқы салым салды. Асқар Азаматтың бұл салымын – І Азия чемпионатының тарихи сәті деуге болады. Тұңғыш ұйымдастырылған Жастар арасындағы чемпионаттың тұңғыш салымының авторы – Асқар Азамат.

Сонымен, Монғолия мен Тәжікстан командалары арасындағы кездесу 2:0 есебімен аяқталды. Монғолиялық жас көкпаршы Асқар Азамат ойынның 26 минутында және бір салым салып, командаластарының мерейін үстем етті. І Азия чемпионатында өнер көрсеткен Монғолия командасының  ойыншылары:   Ерболат Женисхан,  Орал Мырзабек, Серик Жанарбек,  Елик Омирбек, Аскар Азамат, Нурбакыт Есимхан, Сапар Жасулан, Кажынаби Наурызхан, Магай Айткабыл, Серик Женисбек, Матей Базарбай, Шарипхан Оразбек.

Екінші кездесу Қытай Халық Республикасы мен Ресей командалары арасында жалғасты.

Ұлттық спорт ақпараты

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары