Құсбегілік

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯТШЫЛАР ТУРНИРІ АЯҚТАЛДЫ

                  Бүгін саятшылықтан өткен халықаралық турнир аяқталды.  Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы елдімекенінде ақиық ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрасы»  атты  халықаралық турнир бәсекесі  өз мәресіне жетті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, Қарағанды облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен  7 қарашада басталған бұл турнирде  Қазақстан, Монғолия, Қырғызстан мемлекетінен барлығы 42 бүркіт, 13ителгі, 7  қаршыға және жиырмаға жуық тазы  баптап әкелген жетпіске жуық  саятшы бақ сынады. Жарыстың бас төрешісі қызметін – кезіндегі күрес саласы мен ұлттық спорт түрлерінің білікті маманы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазіргі уақытта «Салбурын» ұлттық аңшылар орталығының құрылтайшысы Қанат Ахметов атқарды. Бүркітті шырғаға түсіру, түлкі мен қоянға салу, қаршыға, сұңқар, ителгімен қоян, кептер ұстау, ителгіні далбайға ойнату және тазы жарысында шет елдік құсбегілер де жүлделі орындарды иеленді.  Атап айтқанда, қырғызстандық құсбегілер қаршыға бәсекесінде бас жүлдені олжаласа, ителгі бәсекесінде күміс жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. Сондай-ақ, осы халықаралық жарыста елордалықтар  құсбегіліктен екі жүлдені, ал, тазы жарысында тағы бір жүлдені  иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласының мерейін үстем етті. Мамандардың пікірінше, әсіресе атақты бүркітші Күнтуған Тоқтыбайдың ұрпақтары, әкелі-балалы Серікбек пен Ерасылдың халықаралық турнирдің күміс, қола жүлделерін қатарынан ұтқаны аталмыш бәсекедегі айрықша жаңалықтың бірі саналды.

«Ұлы дала мұрасы» атты  халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Бүркіт :

1 орын – «Жанқияр», иесі –  Жалғасұлы Серікболсын (Қазақстан, Жамбыл облысы)

2 орын – «Нарын», иесі –  Қошқаров Арман (Қазақстан, Атырау облысы)

3 орын – «Алғыр», иесі – Күнтуған Серікбек (Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы)

Қаршыға:

1 орын – «Бозқұш», иесі –   Қуатов Абдирасул (Қырғызстан)

2 орын – «Зымыра», иесі – Сахарбай Ержан  (Қазақстан, Маңғыстау  облысы)

3 орын – «Қанжар», иесі –  Бабажан Берікболсын  (Қазақстан, Жамбыл облысы)

Ителгі:

1 орын – «Дауыл», иесі –  Шалипов Медет  (Қазақстан, Алматы облысы)

2 орын – «Ышқырық», иесі –  Абдықадыров Түгелбай  (Қырғызстан)

3 орын – «Ұшқыр», иесі –  Серікбек Ерасыл (Қазақстан, Атырау облысы)

Тазы:

1 орын – «Сарыарқа», иесі – Б.Искаков (Павлодар облысы)

2 орын – «Көкқұс», иесі – Ж.Кеңесбаев (Алматы)

3 орын – «Зерек», иесі – Р.Мағзұмов (Нұр-Сұлтан қаласы)

               Еске салып өтсек,  2013 жылы Елорда іргесінде бүркітшіліктен І Дүниежүзілік фестиваль ұйымдастырылса, 2017 жылы Көкшетау қаласында Құсбегіліктен І Азия чемпионаты, 2018 жылы Алматыда қаласында Құсбегіліктен ІІ Азия чемпионаты  өткізілді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы биылғы жылы Құсбегіліктен Қазақстан Республикасының чемпионатын  ересектер арасында ХІІІ рет, жастар арасында ХІ рет ұйымдастырды.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ  АҚПАРАТЫ

 

 

 

 

 

 

Қауымдастықтың желідегі парақшалары