ФОРУМ  ҚОНАҚТАРЫ КӨКПАРДЫҢ ФИНАЛЫН ТАМАШАЛАЙДЫ

Бүгін көкпардан Азия чемпионатының финалдық бәсекесі.

Алматы қаласында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған қос ауқымды шараның өтіп жатқанынан оқырмандарымыз хабардар. Оның бірі – Жастар арасында көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан тұңғыш өткізілген Азия чемпионаты. Екіншісі, күні кеше жалауын көтерген Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ІІ Халықаралық форумы.

                  Бүгін  Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» атты   ІІ Халықаралық  этноспорт форумы түске дейін өз жұмысын аяқтайды. Еске салып өтелік, Алматыдағы «Royal Tulip Almaty» қонақ үйінде өтіп жатқан «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» атты  бұл халықаралық форумға әлемнің 40-қа жуық мемлекетінің 150-ден астам этноспорт өкілдері қатысуда.

Сондай-ақ, бүгін түстен кейін Алматы қаласының іргесіндегі Панфилов ауылындағы ипподромда 16 сәуірде басталған Жастар арасындағы І Азия чемпионатының финалдық ойындары өтеді. Тұңғыш  ұйымдастырылған Азия чемпионатының финалдық бәсекелерін тамашалауға ІІ Халықаралық  этноспорт форумына қатысушы қонақтардың барлығы ниет білдіруде.

Бүгінгі күнге дейін І Азия чемпионатының Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу бәсекелері аяқталып, жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып қойды. Чемпиондарды марапаттау рәсімі де бүгінгі жарыстың салтанатты жабылуында жүргізіледі.

Сонымен, қалың жанкүйердің асыға күткені көкпардың ақтық ойындары. Бүгін алдымен жартылай финал тамашаланады. Яғни, чемпионаттың қола жүлдесі  сарапқа салынады. Үшінші орын үшін бақ сынайтын  Өзбекстан мен Қытай командалары.

Ал, бүгінгі финалдық ойын Қазақстан мен Монғолия командалары арасында өтеді.

Жанкүйер жадына салып өтелік, алдыңғы топтық кездесулерде Қазақстан командасы А тобында Ауғанстанды 10:3 есебімен, Өзбекстанды  13:2 есебімен ұтқан еді. Ал, Монғолия командасы Б тобында Тәжікстанды 2:0 есебімен, Қытай командасын 5:3 есебімен, Ресей командасын  5:3 есебімен жеңген болатын.

Ұлттық спорт ақпараты

Қауымдастықтың желідегі парақшалары