Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінде Ұлттық ат спортынан Жастар арасындағы І Азия чемпионаты мен Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» атты ІІ Халықаралық этноспорт форумына орай баспасөз мәслихаты өтті.
Алматы қаласы Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Кенжеболатов, Алматы облысы Спорт басқармасы басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, сондай-ақ ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай аталмыш шаралардың дайындық жұмыстарына тоқталып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Айта кетейік, 16-21 сәуірге белгіленген чемпионат көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спорт түрлерінен Алматы қаласы маңындағы «Байсерке-Агро» атшабарында өтеді. Азияның 10 елінің құрама командаларының қатысуымен өтетін байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Венгрия, Түркия, Малайзия мемлекеттерінің үздік спортшы жастары І Азия чемпионатының жүлделерін сарапқа салады.
Ал, 20-21 сәуірде «Royal Tulip Almaty» қонақ үйінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының «Рухани жаңғыру. Ұлттық спортты дамыту» ІІ Халықаралық этноспорт форумы өтеді. Халықаралық шаралардың Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.
Ұлттық спорт ақпараты